фото: life09.kz
2025 жылдан бастап елдің барлық ересек тұрғындары декларациялауға қатысады.
Жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңінде 120 мыңнан астам астаналық салық есебін тапсырады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары үшін жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі 2023 жылдың 1 қаңтарында басталған.
Қазіргі уақытта елордада 120 681 адам декларация тапсыруға міндетті. Олардың ішінде 95 538-і (79,2%) салық есебін қазірдің өзінде ұсынған, ал, 25 143 (20,8 %) адам тапсырмаған.
"Жалпыға бірдей декларациялаудың басты мақсаты – көлеңкелі экономиканы қысқартуды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру", – деді Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қанат Балтабеков.
Келесі жылдан бастап декларацияны тапсыру басшылар мен заңды тұлғалардың құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер мен жұбайлары үшін міндетті болады.
2025 жылдан бастап азаматтардың қалған санаттары, яғни елдің барлық ересек тұрғындары декларациялауға қатысады.
Салық кодексіне сәйкес, Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді және 4 кезеңде өтуде. Бірінші кезеңде – есептілікті мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар тапсырды.
Декларацияны "салық төлеушінің кабинеті" cabinet.salyk.kz арқылы электронды түрде беруге болады, "электрондық үкімет" порталы, сондай-ақ esalyq azamat мобильді қосымшасы арқылы 15 қыркүйекке дейін, ал, қағаз үлгісін 15 шілдеге дейін ұсыну қажет.
Айта кетейік, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынбаған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Қазақстан Республикасы Кодексінің 272-бабының 1-тармағына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы Декларацияны Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде ұсынбау – алдын ала ескертуге әкеп соғады. Бұл ретте "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 272-бабының 2-тармағына сәйкес әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер-15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады", – деді елордалық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері.
Жалпыға бірдей декларациялау бойынша сұрақтар туындаған жағдайда жеке тұлғалар 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығынан кеңес ала алады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через