фото: pixabay.com
Адамның ең жақсысы ‒ басқаларға пайдалы болғаны, деген қағида бар. Өзгелерге ісімен, сөзімен, ниетімен жақсылыұ жасағандарға үнемі құрмет көрсетілуі тиіс.
Биыл арнайы сыйлықпен көктемгі су тасқыны кезінде ерен еңбегімен ерекшеленген құтқарушылар, қоршаған ортаға қорған болған экобелсенділер, саналы ғұмырын ауыл медицинасына арнаған абзал жан мен білім бәйгесінде әлемді мойындатқан озық ойлы оқушы, өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен бүгінгі күннің батыры, ата-анасынан айрылған егіз балаға ерекше бақыт сыйлаған қамқор отбасы марапатталды, деп жазды kaz.inform.kz.
Яғни, жылдағы дәстүр бойынша 7 адамға «Жақсы адам-2024» арнайы сыйлығының дипломы мен статуэткасы және 1 000 000 теңге қаржылай сыйлық берілді.
Қолы алтын хирург - Бүркіт Арынбеков
Көптің ыстық ықыласына бөленген хирург Бүркіт Арынбеков – Түркістан облысы Созақ ауданы Құмкент ауылының тумасы. Қазір жетпістің жетеуіне толса да сүйікті кәсібінен қол үзбеген арда азамат ғұмырының 58 жылын медицинаға арнап келеді. Осы аралықта жалпы саны 10 мыңнан аса операция жасап, осынша адамға шарапаты тиген.
Бүркіт Арынбековтің дәрігерлік жолында шалғай ауылдағы бөлімшелік ауруханада күрделі операция жасап, өкпесінің жартысын оқ жұлып кеткен науқасты аман алып қалған, босану кезінде ана мен бала өміріне қауіп төніп, екеуінің де жанын ажалдан арашалаған, қысылтаяң сәтте қан тобы сәйкес келіп, науқасқа өз қанын құйып, бетін бері қаратқан сәттер де кездеседі. Бүгінде білгені мен түйгенін Созақ аудандық орталық ауруханасында жас мамандарға үйретіп, оталарға бірге кіріп, тәжірибесін бөлісіп жүр.
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Биыл оның аялдамада автобус күтіп тұрған видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, ол туралы көптеген жағымды пікірлер жазылды, сайттарда жарияланды.
Алты құрлықтағы ең ақылды оқушы – Марғұлан
Тараз қаласында тұратын Марғұлан Шарель — анасының жар дегенде жалғыз перзенті. «Білім-инновация» лицейінің 11-сыныбында оқитын ол алты құрлықтың ең ақылды оқушыларының бірі. Биыл Ұлыбританияда өткен әлемнің дарынды жас математиктерінің басын қосқан беделді және жоғары деңгейдегі IMO(International Mathematical Olympiad) олимпиадасында 28 ұпай жинап, жүлдегер атанды. Осылайша Қазақстанның атын күллі әлемге паш етті. Одан бөлек осы жылы тағы оншақты дүниежүзілік пәндік доданың алтын медалін мойнына тағып үлгерді.
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Осындай жетістіктеріне байланысты ол Алматыдағы Сүлейман Демирель университетіне шақырту алды. Әкесі өмірден ерте өтсе де, Марғұлан жасыған жоқ. Тынбай еңбектеніп, бар уақыты мен қуатын математика пәнін оқып үйренуге сарп етті. Ол шахмат пен волейбол ойнағанды да ұнатады. Өзі эко-клуб мүшесі бола жүріп, қайырымлыдықпен де айналысады. Ол келешекте еліміздің өсіп-өркендеуіне, әсіресе отандық ғылымның қарыштап дамуына үлес қосуды мақсат етіп отыр.
32 адамды су тасқынынан құтқарған - Аят
Аят Сералиев — құтқарушы, Ақмола облысы Астрахан аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы. Көктемгі алапат су тасқыны кезінде 32 адамды табиғат апатынан аман алып қалған. Оның біреуі - мүмкіндігі шектеулі азамат. Оны құтқару оқиғасы 11 сәуір күні Ескі Қалқұтан (Старый Колутон) ауылында болған.
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Құтқарушылар жасағы үй-үйді аралап, үйінда қалып қойған тұрғындарды іздеу жұмысы қарқынды жүріп жатқан сәт еді. Аят кірген үйден жәрдем сұраған науқас адамның дауысы естіледі. Ойланатын да, өзгелерді көмекке шақыратын да уақыт жоқ. Шапшаң қимылдап, дереу іске кіріскен Аят су астында қалған үйден мүмкіндігі шектеулі азаматты эвакуциялайды. Одан бөлек құтқару операциясы кезінде жалғыз өзі 10 бұзау мен 40-тан астам қойды арнайы мал ұстайтын орынға жеткізеді.
6 мың тал еккен Сұңғат
Сұңғат Мұңалбаев — Ақтау қаласының тұрғыны. Өзі тұратын шаһар мен қоршаған ортаның жанашыры. Ақтаудағы тақыр болып жатқан аумақта өз қаражатымен үлкен саябақ ашып, ішін толық абаттандырған. Жер бедері мен табиғаты жасыл желекке қолайсыз, шөлді аймаққа 6000-нан астам тал егіп, оны баптап, қала тұрғындарына жайлы орын сыйлап отыр.
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Экологияны жақсартуды, тұрғындарға жайлы орта жасауды өмірлік борышы санайтын азамат саябақты күтіп баптау үшін 30-ға жуық адамды жұмысқа алған. Таза ауа мен спорттың адамға таптырмас пайдасын анық ұғынған Сұңғат биыл ақтаулықтарға саябақ маңынан өз қаржысына 11 мың шаршы метрлік жабық спорт кешені мен ашық жазғы спорт алаңын да тарту етті. Қазір онда 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кешенде үздіксіз жұмыс істеп тұрған футзал, волейбол, баскетбол, дзюдо, карате, теннис, жүзу секілді спорт үйірмелеріне 300-ден астам оқушы қатысады. Ал мүмкіндігі шектеулі 15 бала бассейнге тегін түсіп жүр.
Табиғатты сүйген — Махаддин
Махаддин Хаджиев — Алматы қаласының тұрғыны. Алма-Арасан шатқалында шай, кофе және басқа да сусындар сатумен айналысады. Оның 4 жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан акциясына жұрт тәнті. Ол күн сайын тауға шыққан азаматтар ішінен қоқыс жинап келген адамдарға ыстық шай, кофе, какао сынды бой жылытар заттарды тегін беріп, көңіл-күйін көтереді, алғысын айтады. Мақсаты – көпшілікке қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтауды, аялауды үйрету.
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Бұл – туған жерге, тұмса табиғатқа деген ерекше махаббат пен оны қорғап, таза сақтауға деген шынайы ниеттен туындаған бастама. Нәтижесінде қазір аптасына 1-2 рет тауға шығып, қоқыс жинауды әдетке айналдырған ұжымдар да көбейген. Осы уақытқа дейін Махаддин Хаджиев акциясының аясында таудан бір күнде ең көбі 19 қапшық қоқыс жиналған. Ал бір-бірімен жарысып жүрген азаматтар бір айда 300 кг қоқысқа дейін жинап үлгеріпті. Махаддин Хаджиев олардың таудай еңбегінің қарымтасын ыстық ықыласымен шай беріп отырып, өнегелі әңгімесімен қайтарады.
Баланы құтқарған - Әлихан
Әлихан Жақсылық — 25 жаста, Қызылорда қаласының тумасы. Оның батып бара жатқан кішкентай баланы құтқарған ерлік ісін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялады. Оқиға 27 қазан күнгі түскі екі шамасында Алматыдағы Есентай өзенінде болған. Алып шаһардан жалдамалы пәтер іздеп жүрген Әлихан Есентай өзені мен Мақатаев көшесінің қиылысындағы жағалауда жас балалардың көмек сұрап айқайлағанын естиді. Байқаса, топ баланың біреуі Есентай өзенінің каскадында тұрып суға құлаған. Ал өзендегі ағынның қарқыны қатты болып, бала бірнеше рет суға батып та кетеді. Не істеу керегін бірден ұққан Әлихан қас қағым сәтте темір қоршаудан секіріп өтіп, көзілдірігі мен иығындағы сөмкесін шешпестен ағынды суда жан алысып-жан берісіп жатқан балаға тұра ұмтылады. Күздің қара суығы мен судың салқындығын ол ыстық қайраты мен от жігерінің арқасында жеңіп, баланы жағаға аман алып шыққан.
Кең жүректі Бақытжан-Арзыгүл Әбдірахмановтар
17 жастағы егіз Богдан мен Данилдың өмірден көрген тауқыметі аз емес. Жастайынан әкесінен, есейе келе анасынан айырылып, тұл жетім қалған балалардың барар жер, басар тауы қалмаған. Сөйтіп балалар үйін паналаған қос жеткіншектің тағдыры жүрегі мейірімге толы сыныптас досы Самирді қатты алаңдатады. Ақыры өзінің ата-анасына егіз досын асырап алу туралы тосын ұсыныс тастайды. Оған дейін үйіне жиі келіп-кетіп жүретін бозбалаларды жақсы танитын ерлі-зайыпты Бақытжан мен Арзыгүл де еш ойланбастан шешім қабылдайды. Сөйтіп екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған олар бір сәтте көпбалалы ата-анаға айналды. Бес баласына бірдей жүрек жылуын сыйлап отырған алтын жүректі әке мен ана тағы бір қыз бала асырап алғысы келеді.
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
Бақытжан мен Арзыгүл Әбдірахмановтар асырап алған Богдан мен Данилдың жаңа отбасындағы алғашқы туған күні түсірілген видео 6 қаңтарда желіге жүктеліп, көптің жүрегін елжіреткен еді. Мейірімге толы кадрлар миллиондаған қаралым жинап, автор жұртшылықтың ықыласына бөленген болатын.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через