Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген Біріккен Ұлттар Ұйымының елшісі ретінде Бангладештегі босқындар лагеріне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы "Қазақстан" ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол Кокс-Базар аймағындағы гуманитарлық жағдаймен танысып, қиын жағдайда өмір сүріп жатқан адамдарға қолдау білдірді. Қазір бұл аймақта үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған миллионнан астам адам тұрады. Олар тар әрі уақытша баспаналарда өмір сүріп жатыр.
Димаш делегациямен баспана тарату орталығына барып, тұрғындарды үймен және күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ету жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын көрді.
Сонымен бірге Димаш жергілікті музыканттармен және музыкалық аспап жасайтын шеберлермен кездесіп, олардың өнерін тамашалады.
Кездесу соңында шеберлер Димашқа құрмет белгісі ретінде өз қолдарымен жасаған мандолинаны сыйға тартты.
Айта кетейік, бұл гуманитарлық миссияның басты мақсаты – халықаралық қауымдастықтың назарын босқындарға көмек көрсету және өңірдің тұрақты дамуы мәселесіне аудару.