Дүкен сөрелерінде отандық өнімдер де өзгелермен иық тіресіп тұра алады

Дүкен сөрелерінде отандық өнімдер де өзгелермен иық тіресіп тұра алады
фото: https://pixabay.com/ru/

Бүгінде дүкен сөрелері сан алуан тауарларға толып тұр. Оның біразы шетелден тасымалданатыны белгілі. Олардың қатарынан отандық өнімдерді де таба аламыз. Қазір жеміс-жидек пен көкөністің толық жиналған уақыты. Сауда сөрелерінде бау-бақша өнімдері де жетерлік. Олардың бір бөлігі елімізде өндірілсе, енді бірі сырттан келеді. Жалпы еліміздегі отандық өнімнің жай-күйі қалай? Өнеркәсіпті дамытуға не кедергі? Төл өнім қаншалықты сұранысқа ие? Елімізге арзан бағамен келетін шетелдік жартылай фабрикаттар, ұзақ мерзімге сақталатын мұздатып қатырылған құнарсыз өнімдер қазір қай дүкеннің болсын сөресінде сіресіп тұр. Жасыратыны жоқ бүгінде көрші елдерден келген арзан тауар біздің нарықты жаулап алғалы қашан. Қарапайым халық та бірінші кезекте қалтаға қонымдысын таңдайтыны белгілі. Өзімізде өндірілген заттың бағасы «тәп-тәуір» болса оны қуана алар еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өнімді қолдауды жиі айтып жүр. Мойындау керек, сырттан арзан әрі сапалы тауар ағыны артқанда бұқара халық қалтасына қолайлысына бет бұрары анық. Бұл тұрғыда импортты ырықтандырудың жалғыз жолы бар. Ол отандық, оның ішінде жергілікті өнімдерді әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру ғана. Демек, «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйым – жоғары  сапалы, әдемі және арзан, халыққа қолжетімді болуы керек. Сонда ғана тауар өтімді болып, сырттан келген тауарларды дүкен сөрелерінен ығыстыруға болады.

Енді өз елімізде шығатын өнімдерге тоқтала кетсек.  Ол үшін күнделікті өзіміз тұтынатын тауарларды бір шолып шықсақ та жеткілікті. Ең бірінші кез келген тамақты істеуде қажетті күнбағыс майын алайық. Жұртшылық көп пайдаланатын «Маслозавод №1» майы Қазақстанда,  нақтырақ айтқанда, Өскемен қаласында шығарылады. Тәулігіне 150 тонна дайын өнім шығаратын «Май» АҚ сонымен қатар, бәрімізге танымал «Күнкей», «Забота», «Майское» сұйық майы да өндіреді. Алматы мен Қарағандыда екі бірдей үлкен өндіріс ошағы бар «Eurasian Foods Corporation» АҚ өндіретін «Шедевр» майын тағы қосыңыз. Бұл кәсіпорын барлығымыз күнделікті тұтынатын «3 желания» майонезі мен өзге де көптеген май өнімдерімен танымал.

Сүт өнімдерінен сыртқа тәуелді емеспіз. Солтүстіктен шығатын сүт өнімдері қазір еліміздегі дүкен сөрелерінде самсап тұр. Сондай-ақ Жамбылда өндірілетін ағарғанның сан түрі бар. «Меркі» ірімшік зауытының айраны, қаймағы мен өзге де өнімдеріне «Бурненский» ірімшік зауытының өнімдерін тағы қосыңыз. Олар тек айран-сүт қана өндіріп қоймай, халықаралық талаптарға сай келетін сулунгуни, моцарелла, голланд сынды түрлі ірімшіктерді де елге ұсынып отыр.

Енді макарон мен ұн өнімдеріне тоқтала кетсек. Қостанайдың «Коронасы» мен Түркістан облысының «Мадинасын» бар. Мұнан өзге атақты «Арзу» мен «Асату» жаймалары да Жамбылда өндіріледі. Күріш, қарақұмық сынды өнімдер де қазір «Қазақстанда жасалады».

Сондай-ақ елімізде тәтті өнімге де таңдау көп. Әйгілі «Қазақстан» шоколадын өндіретін «Рахаттың» сан түрлі тәттісінің дәмін татпаған адам кемде-кем. «Баян сұлу» да дәл сондай. Үйге қонақ келгенде немесе өзіміз отырып жақсылап бір шай ішерде кәмпиттің жанымыз қалаған түрін таңдап аламыз. Бәрі де отандық өнім. Дәл сол секілді тәтті тоқаш пен бәліштердің, күлше мен торттардың да өзімізде өндірілетіні қуантады. Ауданымызда да шағын кондитерлік цехтардың өнімдері бүгінде тұрғындар тарапынан жоғары бағаланып, сауда орындарында сұрыныстан түспейді. Тіпті «Жосалы тәттілерінен» шығатын өнімдер нарықтағы «Яшкинодан» еш кемі жоқ. Сол сияқты Қазақстанның әр аймағында жергілікті нарықты толтырып, сұранысын қанағаттандырып  отырған  шағын  кәсіпкерлік  иегерлері  жетерлік. Көштен қалып қойдық  деп, байбалам  салуға  да  болмайды. Отандық өнімдердің бағасы сәл жоғары болғанмен, сапасы жоғары және жергілікті  өнім  екендігіне  тұтынушыларда аса мән бергені абзал.

Расымен өзге емес, өзіміздің өнімдерді брендке айналдыру – заман талабы. Осы жолда аянбай еңбек етіп, бәсекелестікті дамытып, тиісінше, сапалы өнім ұсынуды қолға алып жатқан жандар баршылық. Ендігі мәселе жергілікті жерлерден шығарылатын тауарлардың сапасының жоғары, көлемінің мол, бағасының қолжетімді болуын қадағалау. Шынтуайтында, өзгеге телміртпейтін өз өніміміз көбейсе қандай жақсы.