фото: pixabay.com
1993 жылы 15 қарашада теңге қолданысқа енгізілген кезде 1 доллардың бағамы 4 теңге 75 тиын деп белгіленді. Отыз бір жылдан кейін, яғни бүгін доллардың теңгеге шаққандағы ресми бағамы 516,93 теңгені құрады. Арифметикалық есептеу бойынша, теңге айналымға енгеннен бері доллар 111 есе қымбаттаған.
Теңге 1993 жылдан бері бірнеше рет құнсызданды. Оған әлемдік экономикалық дағдарыстар, мұнай бағасының құлдырауы, геосаясат және елдің ішкі экономикалық жағдайы әсер етті. Осы орайда Іnformburo.kz теңгеге шаққанда доллардың қай жылдары күрт өскенін шолып шықты.
Теңге құнсызданған жылдары не болды?
1999 жылы Қазақстанда алғаш рет девальвация болды. Доллар бағамының күрт көтерілуіне Азия қаржы дағдарысы (1997–1998 жж.) мен мұнай бағасының төмендеуі әсер етті. 1999 жылы 4 сәуірде Қазақстан еркін айырбас бағамына көшті. Бұл теңге нарыққа бейімделуі үшін жасалды. Доллар бағасы 85 теңгеден 150 теңгеге дейін көтерілді.
2009 жылы елде екінші рет девальвация болды. Бұған себеп – 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы және мұнай бағасының құлдырауы. 2009 жылы 4 ақпанда теңге 25 пайызға құнсызданып, доллар құны 120 теңгеден 150 теңгеге өсті. Ұлттық банк теңгені тұрақтандыру үшін девальвацияға жол берді.
2014 жылы үшінші рет девальвация болып, 11 ақпанда доллар бағасы 155 теңгеден 185 теңгеге дейін көтерілді. Бұған мұнай бағасының төмендеуі, Ресейге салынған санкциялар және жаһандық экономиканың баяулауы себеп болды. Ұлттық банк интервенция көлемін қысқартты, ал бұл теңгенің құнсыздануына әкелді.
2015 жылы наурызда бір доллар 188 теңгеден 255 теңгеге қымбаттады. Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешімге келді. Жыл соңына қарай доллар бағамы 322 теңгеге жетті. Теңгенің құнсыздануына мұнайдың арзандауы және Қазақстанның еркін айырбас бағамына көшуі себеп болды.
2020 жылы наурызда айырбастау орындарында 1 доллар 450 теңгеден сатылды. Доллардың қымбаттауына COVID-19 пандемиясы мен мұнай бағасының төмендеуі әсер етті. Жыл соңында доллардың ресми бағамы 426 теңгені құрады.
2022 жылы доллар құны алғаш рет 500 теңгеден асып, рекорд көрсеткішке жетті. 5 наурызда доллар 520 теңгеден сатылды. Мамырда 420 теңгеге дейін түсіп, қыркүйекте 480 теңгеден асып кетті. Теңгенің құнсыздануына Украинаға арнайы операция бастаған Ресейге салынған санкциялар, геосаяси тұрақсыздық секілді сыртқы факторлар әсер етті.
2024 жылы қарашаның соңында доллар қымбаттап, 500 теңгеден асты. 2 желтоқсанда айырбастау орындарында доллар 530 теңгеден сатылды. Доллар бағасының өсуіне оның жаһандық нығаюы, мұнай бағасының төмендеуі, Ресей рублінің әлсіреуі және ішкі экономикалық факторлар әсер етті.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через