фото: pixabay.com
АҚШ доллары бағамының қымбаттауы тенденция. Өйкені, көк қағаздың қымбаттауына әлемде болып жатқан оқиғалар әсер етіп отыр. «Сапалы Қазақстан» порталының тілшісіне сұхбат берген экономист Бекнұр Қисықов осылай мәлімдеді.
Сарапшы мұнай бағасының құбылуын теңгенің құнсыздануына ықпал етіп жатқан басты факторлардың бірі ретінде атап өтті.
Дональд Трамп АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жесте, республикашылдар мұнай бағасы түседі деп мәлімдеген еді. Себебі, Трамп сайлаушыларының алдында егер саяси додада ұтып кетсем, АҚШ-тағы мұнай өндірісін арттырамын, деп уәде берген болатын. Мұнайдың сұраныстан артық өндірілуі – қара алтын құнына кері әсер ететіні белгілі. Егер АҚШ мұнайды нарыққа шамадан тыс көп ұсына бастаса, ОПЕК+ құрамына кіретін елдер өндірісті қысқартуға мәжбүр болмақ. Аталған ұйымның құрамына біздің Қазақстан да кіреді, дейді Бекнұр Қисықов.
Экономисттің айтуынша, көрші Ресей, біз, сол мұнай бағасына тәуелдіміз. Егер мұнайдың бағасы арзандаса, доллар да қымбаттап шыға келеді.
Екіншіден, Трамп автаркизм саясатын, яғни изоляциялық экономика саясатын ұстанбақ. Егер президент осы бағытты бетке алса, онда АҚШ тек өз еліне инвестиция жасайды. Қаржы сыртқа шығарылмағандықтан АҚШ-тың экономикасы күшейе түседі, нәтижесінде доллардың бағасы өседі. ОПЕК+ ұйымы қара алтын өндіру көлеміне шектеу қоймақ ниетте.
Осы ретте Қазақстан мен ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімнің мерзімін 2026 жылдың соңына дейін ұзартуға келіскенін атап өткен жөн.
Сіздің сұрағыңызға қайта оралатын болсам, доллардың қымбаттауына ықпал ететін бірнеше жағдай бар. Біріншісі мұнай бағасы. Қазақстан мұнай экспорттайтын елдер қатарына кіретіндіктен, бұл теңге бағамына да әсер етеді, яғни мұнай бағасы арзандаса да, теңге де әлсірейді. Бұл жерде әлемде болып жатқан экономикалық жағдайды да назардан тыс қалдырмауымыз керек. Дүниежүзінде болып жатқан түрлі өзгерістердің теңгеге де белгілі бір деңгейде ықпал ететіні сөзсіз. Мұнан бөлек ішкі жағдайды ұмытпағанымыз жөн. Еліміздегі инфляция, мемлекеттің сыртқы қарыздары, инвестициялар көлемі доллар-теңге бағамына әсер етеді. Көрші елдерде болып жатқан әскери қақтығыс, экономикалық шектеулер, қымбатшылық, бәрінің де әсері бар, деді спикер.
Бекнұр Қисықов атап өткеніндей, Ресей жақын көршіміз болғандықтан сол елдегі экономикалық жағдай бізге қатты ықпалын тигізіп отыр.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ресей Федерациясы санкцияның астында қалды. Украинамен соғысып жатыр. Осы қақтығыс салдарынан Ресей экономикасы кері кетіп барады. Ресей экономикасы Қазақстанмен тығыз байланысты. Біз Ресейге экономикалық тұрғыдан әлі де тәуелдіміз. Елімізге жеткізілетін тауарлардың шамамен 80 пайыз орыс-қазақ шекарасынан өтеді. Бізді азық-түліктің, тұрмысқа қажетті заттардың кейбір түрлерімен сол Ресей қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан рубль өссе, тауар бағасы да автоматты түрде өседі. Қазір рубль құлдырап барады. Бұған мұнай бағасы әсер етіп отыр, дейді Бекнұр Қисықов.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда доллардың қымбат болғаны жақсы.
Бізге АҚШ долларын еркіне жіберіп, бағасын өсіргеніміз пайдалы. Көк қағаз қымбаттаса, табысымыз да молая түседі. Біз сыртқа негізінен шикізат экспорттаймыз. Көбірек өткізсек, кірісіміз де көп болады. Алайда әлеуметтік жағынан инфляция болуы мүмкін. Болады деп ойлаймын. 2-3 жылда тауар бағасы қанша пайызға көтерілді. Қазақстанда доллар қымбаттамай тұрған уақыттың өзінде инфляция болған. Ең жоғары гиперинфляция өткен ғасырдың 90-шы жылдары тіркелген еді. Содан бері енді қайталанып жатыр.
Инфляцияны ауыздықтай алмасақ, менің болжамым бойынша баға тағы өседі деп ойлаймын. Бірақ қанша пайызға көтерілетінін айта алмаймын.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через