фото: pixabay.com
Алматыда келесі жылы 3050 отбасы мен жас мамандар баспанамен қамтылады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
— 3050 пәтердің 2 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрғандарға (ӘҚҚ) және 1050-і жұмыс істейтін жастарға бөлінеді,— деп жауап берді Кazinform тілшісіне Алматы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Нұртас Рақымберген.
2024 жылы Алматыда коммуналдық тұрғын үй қорынан кезекте тұрған 2 мың адам баспаналы болды. Дегенмен, мәселе өзекті күйінде қалып отыр.
Қазір қалада 43 688 адам үйге кезекте тұр. Көпбалалы аналардан 7 822 адам, жетім балалардан — 2334, әлеуметтік осал топтардан — 18450, бюджеттік ұйым қызметкерлерінен 15 082 адам бар.
«Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясының мәліметінше, жыл басынан бері мегаполисте тозығы жеткен үйдің 400 тұрғыны жаңа үйге көшірілді. Бұл «2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы» аясында жүзеге асты. Оның ішінде 280 пәтерді «Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС, 120 пәтерді жеке инвесторлар көшірді.
Жаңарту бағдарламасы аясында адамдардың өміріне қауіп төндіретін жарамсыз әрі мерзімі өткен тозығы жеткен үйлер бұзылады. Бағдарламаға 1930 жылдан 1980 жылға дейін салынған екі қабатты көппәтерлі үйлер, сондай-ақ жеке тұрғын үйлер, өндірістік, сауда және қоғамдық нысандар кірді.
Бағдарламаның шартына сәйкес, ескі тұрғын үй иелері жаңа үйден бірдей пәтер алады. Сонымен қатар, жаңа пәтер орта есеппен 10 шаршы метрге кең. Жаңа пәтер иелеріне қосымша шаршы метр үшін қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ. Пәтерлер таза әрлеумен беріледі. Үйлерге интернет тартылды, өртке қарсы дабыл орнатылды, сантехника мен фаянс, газ немесе электр плитасы қарастырылған.
Құрылыс кезінде тұрғындарға тегін уақытша тұрғын үй беріледі. Сондай-ақ, тұрғындардың күрделі құрылыс кәсіпорнының тұрғын үй қорынан дайын үйге тұрақты тұруға көшу мүмкіндігі бар.
— Бүгін 2030 жылға дейінгі жаңғырту бағдарламасының жобасы әзірленді. Ол тозығы жеткен үйлердің иелері, инвесторлар мен уәкілетті ұйымдар арасындағы қарым-қатынасты реттеу, ескі пәтерді беру тәртібін нақтылау және 2023 жылы қабылданған қаланың жаңа бас жоспарын ескере отырып, жаңа тетіктерді қарастырады, — деп атап өтті Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан.
Жалпы, 2030 жылға қарай кемінде 676 апатты үйді бұзу жоспарда. Бұл 7500-ге жуық үй иесін заманауи, жайлы пәтерлерге көшіруге мүмкіндік береді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через