Дидактикалық, хрестоматиялық әліппе жарық көрді. Ділдәгүл Нұрмаханбет

Дидактикалық, хрестоматиялық әліппе жарық көрді. Ділдәгүл Нұрмаханбет
фото: Ділдагүл Нұрмаханбет

Әдетте кітап дүкендеріне бас сұқсақ сөрелерде иін тірескен кітаптарды көреміз. Бірақ бұл кітаптар жарыққа шығу үшін автордың қаншама тер төккенін, табанынан таусылып жүгіргенін, тынымсыз ізденгенін, талай түнін ұйқысыз өткізгенін, қаншама уақытын сарп еткенін бағамдай бермейміз.  Осындай бағалы кітаптардың қатарына 1-ші сынып оқушыларына арналған көмекші оқу құралын жатқызуымызға болады, деп хабарлайды «Сапалы Қазақстан» ақпараттық-сараптама порталының тілшісі.  

 «Алтын қалам» байқауының ­лауреаты, журналист-жазушы, ақын  Ділдәгүл Нұрмаханбет дидактикалық, хрестоматиялық әліппе кітабын басынан аяғына дейін өзі жазып, баспадан шығарды. Бұл қаламгердің зерттеу, талдау, саралауға жұмсаған жеті жылдық еңбегінің жемісі.

 8 жыл бұрын Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулығынан «Әліппені» алып тастаған болатын. Сол кезде үкіметтің бұл шешімі ұлт болашағы үшін жаны ауыратын азаматтардың бәрін ойландырғаны рас.  Ділдәгүл Биболат­қызының да «Әліппені» зерттеуіне осы жағдай себеп болыпты.

Маған  «Мұғалім емессіз, әліппеге арналған көрнекі құралды қалай жазып жүрсіз?» деп сұрақ қояды. Мұғалім болмаған соң, Білім басқармаларына арнайы хатпен шығып, көрнекі құралды Әдістемелік орталықтарда әдіскер мұғалімдермен 10 рет талдау, сараптау жұмыстарын жүйелі түрде жүргіздім. Бір өзіме осы жұмыстардың  бәрін атқару өте ауыр тиді. Тарихта әліппелерді үш-төрт автор жазған. Авторлардың қасында ғылыми кеңесші, суретші кеңесші, әдіскер кеңесші, этнограф, менеджерлер бәрі бірігіп жұмыс істейді, дейді, -  Ділдәгүл Биболат­қызы.

«Жалғыздың шаңы шықпас» деген. Алайда жас ұрпақтың сапалы білім алуын ойлаған қаламгер қаншама күш-жігерді қажет ететін істі жалғыз өзі тындырған. Яғни,   «Әліппені» зерттеп мәтіндерін  жазған, мектептерде талдау, сараптау жұмыстарын жүргізген, баспадан кітап шығару үшін қажетті қаржыны іздеген, білім саласында мол тәжірибесі бар білікті кеңесшілермен кеңескен. Зерттеу жұмысын Алматы қаласындағы ұлттық кітапханада отырып жүргізген. Кейін ойын қорытындылап, көрнекі құралды жазуға кіріскен.

Фото Ділдәгүл Нұрмаханбет

 Алдымен Алматыдағы кітап дүкенінен балалар әдебиетін сатып алып оқыдым. Әліппе тарихын, кітаптарды Ұлттық кітапханада да оқыдым. Балалар әдебиетін және «Әліппені» оқытуға арналған әдістемелік кітаптарды оқып, бастауыш сынып методикасын зерделеп білген соң, көрнекі құралға жасаған жоба бойынша жаздым, дейді, - автор.

Ділдәгүл Биболат­қызы Ұлттық кітапханада айлап, жылдап отырып жұмыс істеген. Осы уақыт аралығында Алматы қаласында пәтер жалдап тұрған. Оқулықтардың әдістемелік суреттерін салатын суретшілердің бәрі Алматыда болғандықтан, көрнекі құралдың суреттерін салып, дизайнын жасату жұмыстары да Алматы қаласында жүзеге асырылған. Себебі, Шымкентте оқулық шығаратын баспалар болмағандықтан, онда оқулықтардың әдістемелік суреттерін салатын суретшілер де жоқ екен.

Фото Ділдәгүл Нұрмаханбет

Дайын болған кітап Шымкент, Түркістан қалаларындағы  мектептерде ұстаздардың талдауынан өткен соң, көрнекі құралды  жетілдіру үшін тағы да төрт ай бойы Алматыда Ұлттық кітапханада зерттеу жұмыстарымен айналысқан. Сюжеттік өлең, жұмбақ, жаңылтпаштарды аллитерация және ассонанспен жазып шыққан. Сөйтіп көрнекі құрал мәтінін ҚР Әділет министрлігі жанындағы «Зияткерлік меншік институтында»  тіркеуден өткізіп, авторлық куәлігін алған.

 Көрнекі құралдың мазмұны ұлттық педагогикаға негізделгендіктен, әрбір суретке, мәтінге үлкен жауапкершілікпен қарап, суретші суреттерін салғанда, әдіскер ұстаздармен, суретші кеңесшімен, этнографпен ватсап желісінде жиі ақылдасып отырдым. Кітаптарды, интернетті жиі ақтарып, әдістеменің дұрыстығына көз жеткізіп, талдау жасадық. Әдістеме бойынша әр әріптің, әр суреттің бояуына назар аударып, логикалық жаттығулардың мәтіндерін тек өтілген әріптерден құрастыруды қатаң қадағаладым. Осы тұрғыда әдіскерлермен, мұғалімдермен тығыз байланыс жасап, әдістемені жиі талдап отырдық, дейді, - Ділдәгүл Биболат­қызы.

Түрлі-түсті әдістемелік суреттермен безендендірілген, 5-6-7 жастағы балалардың ойлау, сөйлеу және жазу қабілетін дамытатын әдістемелік - хрестоматиялық құралды пайдалану – мұғалім мен оқушы арасында түсінісу мен іздену формаларына жол ашады. Баланың сөйлеу, ойлау, жазу дағдыларын дамытуда және жеке тұлғасын қалыптастырауда көрнекі құрал ұстаз бен оқушы арасында маңызды қарым-қатынас құралы болып табылады. Сонымен қатар әр баламен жеке жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Сабақта осындай көрнекі құралдарды қолдану – баланың дүние танымын арттыруға да көмектеседі.

Фото Ділдәгүл Нұрмаханбет.

 Бұл көмекші оқу құралында балаларға әріптерді таныту, сөздерді, мәтіндерді оқыту, ойлау қабілетін дамыту, сөздік қорын ұлғайту және адамдармен, қоршаған ортамен  дұрыс қарым-қатынас жасауға дағдыландыру, достыққа, отансүйгіштіке, адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу әдістері – бастауыш сыныптарда қолданылатын айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым қағидалары сақталынып, ұлттық педагогика негізінде кірістірілген. Көрнекі құралда балаларға әріптерді тануға, оқуға, жазуға үйрету, яғни сауатын ашуда ұлттық салт-дәстүр арқылы тәрбие беру үлгісімен өрнектелген суреттер мен мәтіндер білім берудің дәстүрлі әдістерімен берілген, дейді, - Ділдәгүл Нұрмаханбет.

Тынымсыз еңбекпен өткен қиын күндер артта қалды. Кітап   баспадан шығарылып, мұғалім мен баланың қолына жеткенше, автор ауыр еңбекке төзіп, үлкен жауапкершілікті  мойнымен көтерген. Жас ұрпақтың білім алу жолында құштарлығын арттыратын, таным көкжиегін кеңейтетін бұл еңбектің қазақ мектептеріне жол тартатынына сенімдіміз.  

 Балалардың мектепте терең білім алуына аз да болса үлес қоссам  деген арманым бар. Сол арман, мақсатымды орындау жолында бар күшімді, білімімді салып тер төктім, ешнәрседен аянбадым. Барлық қиындыққа төздім, қаржылық шығындарды көтердім. Шындығында көрнекі құралды жарыққа шығару үшін  басымды тауға да, тасқа да ұрдым десем болады, дейді, -  Ділдәгүл Нұрмаханбет.

Фото Ділдәгүл Нұрмаханбет

Фото Ділдәгүл Нұрмаханбет

Фото Ділдәгүл Нұрмаханбет.