Наурыздағы тестілеуге тіркелу басталды

Наурыздағы тестілеуге тіркелу басталды
фото: https://www.google.com/url?saltainews.kz

       Наурыз айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш қабылдау 25-ші  ақпанға дейін  жүргізіледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

       Талапкерлер тіркелуді Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асыра алады. Ал тестілеудің өзі 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді.

       Наурыздағы ҰБТ-ға ақылы негізде жоғары оқу орнына түсуге ниетті мектеп бітірушілер, өткен жылғы түлектер, колледж түлектері, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары және этникалық қазақтар қатыса алады. Тіркелу кезінде талапкерлер тест тапсыратын орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.

       Биыл тест форматы өзгеріссіз қалады. Үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша барлығы 120 тапсырма беріледі. Ең жоғары балл — 140. Тестілеу уақыты 4 сағатты құрайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге қосымша 40 минут қарастырылған.

       Сондай-ақ талапкерлерге мамандық таңдауға көмектесетін EDUNAVIGATOR.KZ платформасы іске қосылды. Дайындық үшін ресми сайтта әдебиеттер тізімі мен қажетті оқу материалдары жарияланған.

       Қаңтар айындағы ҰБТ-ға 184 мыңға жуық адам қатысып, олардың 68 пайызы шекті балл жинаған. Ең жоғары нәтиже — 138 балл.