Моңғолдар киіз үйлерден заманауи тұрғын үй кешендеріне жаппай көшіп жатыр

Моңғолдар киіз үйлерден заманауи тұрғын үй кешендеріне жаппай көшіп жатыр
фото: https://pixabay.com/ru/

Моңғолияда "ипотекалық бум" басталды.

Қандас Нұрбек Бабан атажұрттан туған жері Моңғолияға аттанып барады екен. Жалпы, тарихи Отанына оралған біраз қандас бұрынғы мекенімен байланысын үзбегені, тіпті сол жақтағы бизнесін жүргізетіні жасырын емес.

"Ұлан-Баторда баспана бағасы жылда қымбаттап жатыр. Бай-бағлан тұратын аудандарда бір шаршы метрдің бағасы бізше 4 мың долларға дейін барады. Одан қымбатын да табуға болады. Менің мақсатым – осы жаңа басталған трендке ілігіп қалып, табыс табу. Бірнеше пәтер сатып алып, бір-екі жылдан соң сатып жіберсем деймін. Моңғолия астанасының оңтүстігінде, Зайсан ауданында дарғы (бастық) серіктесіммен бірге коттедж салғызудамыз. Мәселе туындап, доңғыту (шақыру) жіберіпті, соған барамын. Моңғолия барлық құрылыс материалдарының 80 пайызға дейінгісін өзінде өндіреді. Олары біршама арзан. Құрылысы аяқталған соң сатамыз да", – дейді Нұрбек.

Бірден ескерте кетелік, бұл – осы елге қаржы, инвестиция салуға үндеу емес, тек трендке назар аударту ғана. Жинағын қайда салу жөнінде әрбір адам мамандармен кеңесе отырып, жеке шешім қабылдауы керек.

Моңғолияның ұлттық статистикалық комитетінің ресми мәліметтері елде жылжымайтын мүлік құны алапат қарқынмен қымбаттап жатқанын паш етті. Мысалы, былтырғы 2023 жылғы қазанда ғана Моңғолияда жаңа тұрғын үй кешеніндегі 1 шаршы метрдің орташа бағасы 3,85 миллион төгрікті (тугрик, шамамен 1 113 долларды) құрады.

Ал, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 шаршы метрдің орташа құны 4,62 миллион төгрікке (шамамен 1 366 долларға) жетіпті.

Мамандардың байламынша, баспана құнының бұлайша қарқынды өсуі қазіргі заманғы тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерге деген сұраныстың артуымен, ипотекалық несиелендірудің серпін алуымен, сондай-ақ Моңғолия халқы санының өсуімен байланысты.

Моңғолия билігі 2013 жылы мөлшерлемелері әлемдегі ең арзан саналатын жеңілдікті ипотекалық кредиттеу бағдарламасын іске қосты.

"Моңғол ипотекалық корпорациясының" ресми мәліметі бойынша елде аталған бағдарлама іске қосылғалы, жалпы саны 123 мың отбасы ипотекаға заманауи пәтерлерді иеленді. Еш несиесіз, бірден өз қаржысына сатып алғандары бөлек.

Моңғолия – әлемдегі ең аз қоныстанған елдердің бірі. Қазіргі кезде Моңғолия халқының жартысына жуығы бір ғана Ұлан-Батор қаласында тұрып жатыр. Моңғол елі халқының саны 3,5 миллиондай адам. Бұл ретте моңғол астанасының еншісіне елдің ЖІӨ-сінің 63 пайыздан астамы тиесілі. Жергілікті биліктің пікірінше, Моңғолияның өзге өңірлерінде жеңілдікті ипотекамен баспана сатып алуға мүмкіндік беру – Ұлан-Батырды децентрализациялауға, спутник қалаларды құруға және жаңа тұрғын аудандарды қалыптастыруға бағытталған, проблеманың ұзақ мерзімді шешімдерінің бірі", – деп хабарлады қытайлық Синьхуа агенттігі.

Моңғолияның "Монцамэ" ұлттық ақпарат агенттігінің мәліметінше, бұл елде шынында да "ипотекалық дүмпу" басталды. Ақпарат құралы ел астанасының тұрғындары киіз үйлерінен белсенді түрде жаңа тұрғын үй кешендеріне көшіп жатқандарын мәлім етті.

"2024 жылғы қыркүйектің соңында "Моңғол ипотекалық корпорациясы" мен коммерциялық банктердің азаматтарға берген ипотекалық кредиттерінің көлемі 9 триллион төгрікті құрады. Бұл 2023 жылғыдан 1,8 триллионға көп! Осы тренд моңғолдың тұрғын үй нарығында қарқынды өсімнің жалғасып жатқанын куәландырады", – деп жазды "Монцамэ".

Журналист Ю.Дэлгэрмааның дерегінше, Моңғолияда тұрғын үйдің негізгі құрылысы ел астанасы Ұлан-Баторда жүруде. Инвестицияның не екенін есейген баладан еңкейген кәріге дейін жақсы білетін (жұрт акция сатып, табыс табады) моңғолдар құрылыс компанияларымен саудаласып, ескі баспаналарын өткізіп, заңғар үйлердегі пәтерлерге белсенді түрде қоныстануда. Бірер жылдан кейін онысын сатса, жақсы табыс табуы мүмкін.

"Жаңа тұрғын үй кешендері негізінен астананың оңтүстік және шығыс аудандарында жаппай бой көтеруде. Өйткені басқа аудандармен салыстырғанда, ол мекендердің экологиялық жай-күйі жақсы. Сонымен бірге өзге аудандарда заманауи тұрғын үй кешендері киіз үй қоныстарына қоңсы қонуда. Киіз үйлер қыста көмірді пайдаланып, пеш жағады, айналасын көк түтінге бөлейді. Бұл жалпы алғанда, ел астанасының экологиясын нашарлатады", – деп назар аудартты ұлттық ақпарат агенттігі.

Қызықты жайт сол, қазақстандықтарға қарағанда, моңғолдар өз міндеттемесіне ұқыпты қарайтын болып шықты. "Моңғол ипотекалық корпорациясы" мен коммерциялық банктердің тұрғындарға берген ипотекалық кредиттерінің жалпы көлемі 9 триллион төгрікке жеткені айтылды.

Соның ішінде тек 120,6 миллиард төгрік немесе 1,3%-ы ғана "банктер мұқият назар аударуы қажет алаңдатарлық кредит" деп танылған. Небәрі 87 миллиард төгрік немесе 1%-ы "сапасыз кредит" (бізде "улы кредит" атайды) саналады.

Жасыратыны жоқ, моңғол ағайындар пайдаланатын арзан ипотеканы қазақстандықтар қолға ұстап көрмек түгіл, үш ұйықтаса түсіне де кірмейді. 2018 жылы Моңғолияның Орталық банкі коммерциялық банктердің ұсынатын ипотекалық несиелері бойынша пайыздық ставканың 4%-дан 1%-ға дейін түсірілетінін жариялады. 2024 жылы бұл ставка 3 пайызға дейін көтерілді, бірақ сонда да арзан, тартымды болып қалды.

Салыстырсақ, Қазақстанда аз қамтылғандар ғана игілігін көретін мемлекеттік бағдарламаларды қоспағанда, биыл ипотека бойынша орташа пайыздық ставка 17–22%-ға жетті. Өйткені республикада Ұлттық банк белгілеген базалық ставка 14,25%. Ендеше несие одан арзан бола алмайды.

Осылай арзандату арқылы Моңғолия бес жылдай бұрын халыққа берілетін ипотеканы қаржыландыру көлемін бірден екі еселеді. Сонда моңғолдар алған ипотекасының сомасы 300 миллиардтан 600 миллиард төгрікке дейін артыпты. Бүгінде 9 триллионға жеткені әлгінде айтылды. Моңғолиядағы өсім масштабын осыдан-ақ аңғаруыңызға болады.

ҚазАқпарат