Касса жақсы болса, қазақ тіліндегі фильмдер көбейеді

Касса жақсы болса, қазақ тіліндегі фильмдер көбейеді
фото: https://www.istockphoto.com/

        Алматыда қазақ тіліне дубляждалған Disney студиясының «Моана 2» анимациялық фильмінің жабық көрсетілімі болды.

       Disney студиясы биыл «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударуға тапсырыс беріп, дубляж жұмыстарын қаржыландырды. «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі биыл 13 маусым күні қалың көрерменге жол тартты. Енді қазақстандық көрермен «Моана 2» туындысын қазақша тамашалай алады.

       Анимациялық фильмнің қазақ және орыс тілдеріндегі дубляж режиссері болған Шах-Мұрат Ордабаев қазақ тіліндегі фильмдер тіл болашағына оң әсер ететін айтты.

«Анимация — адамның жан-дүниесін қуантуға жаралған нәрсе ғой. Сондықтан біздің шығармашылық құрамымыз бұл жұмыстан ләззат алдық. Көрерменге түсінікті, қолжетімді болу үшін бар күш-жігерімізді салдық. Қазақ дулбяжының болашағы бар. Тіл бізге ғана керек. Сондықтан билет өтпей жатыр екен, сеанс азайып жатыр екен деп бұл жұмысты тоқтатуға хақымыз жоқ. Өйткені осындай қадамдар арқылы біз тіліміздің келешегін өзгерте аламыз», — деді ол.

Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, биыл қазақ тілінде көрсетілетін Disnеу-дің үш фильмі жақсы табыс жинаса, келесі жылы қазақша дыбысталатын фильмдердің саны көбеюі мүмкін. Сондай-ақ, ол қазақ дубляжының деңгейі туралы пікір білдірді.

«Әрбір жаңа жоба бұрынғыға қарағанда қызығырақ әрі қиынырақ болады. Жобалардың арқасында біздің де біліктілігіміз өседі. Мысалы, «Ойжұмбақ» өзінше күрделі болса, «Моана» одан еселі күрделі. Өйткені әндері бар. Осы дубляжға арнайы ақын ағамызды шақырдық. 5 жыл бұрынғымен салыстырсақ, қазір әжептеуір өстік. Бірақ мұның шектеуі жоқ», — деді фильмнің дубляж режиссері.

Ал фильмнің басты кейіпкері — Моананы қазақ тілінде дыбыстаған Құралай Өтепова дубляж жұмыстарының ерекшеліктеріне тоқталды.

«Мен музыкалық драма театрының әртісімін. Осыған дейін «Ойжұмбақ» туындысында Қызғаныш кейіпкерін дыбыстадым. Моана — мен үшін дубляждағы екінші тәжірибе. Дыбыстауға 1 аптадай уақыт кетті. Режиссермен тығыз байланыста болдық. Себебі қазақ тілі бәрібір де өзге. Сондықтан өзіміздің элементтерімізді қосқан тұстар да болды», — деді Құралай Өтепова.

https://kaz.inform.kz/