Адам көркі - шүберек

Адам көркі - шүберек
фото: https://pixabay.com/

Биыл қандай түс пен киім трендте болады, дизайнерлер кеңесі.

Мамандар 2026 жылы сәнді киінудің құпиясымен бөлісті

Адам көркі – шүберек. Биыл да қазақстандық сән әлемінің мамандары өз тұтынушыларына жаңа сән үлгілерін ұсынады.

Қазақстандық танымал дизайнер Аида Қауменова 2026 жылдың басты түстері туралы айтты. Оның айтуынша, биыл тереңдікті білдіретін көк пен нәзіктікті білдіретін ақ түс сәнге айналады.

"2026 жылы анықтықты, күшті және жаңаруды білдіретін реңктер сәнге айналады. Pantone институты жылдың басты түстері ретінде көктің терең әрі күрделі реңктерін — Lapis Blue және Bleached Denim секілді түстерді атады. Бұл түстер ішкі тұрақтылықты, талғамды және интеллектіні бейнелейді", - деді Аида Қауменова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Бұлттай жеңіл, нәзік ақ түс жаңа кезеңнің, тазалықтың және жеңілдіктің символына айналады. Бұл реңк жарыққа және тазалыққа ұмтылуды білдіреді.

"Бірақ ең бастысы — өз болмысыңды сақтау. Иә, әлемдік трендтер бар, түстер мен пішіндер өзгереді. Бірақ әр адамның өз стилі, өз тарихы, өз тамыры бар. Ақпарат ағыны тоқтаусыз болып тұрған заманда өз ұлттық болмысыңды, мәдени тамырыңды жоғалтпау аса маңызды", - дейді дизайнер.

Шынайы сән — трендтен қалмау емес, өзіңді әдемі етіп көрсету. Аида Қауменованың айтуынша, сән қуу сәнді болуды білдірмейді.

"Шынайы сән — трендтен қалмау емес, өзіңді әдемі етіп көрсету. Бізбен көп жылдан бері бірге келе жатқан, әрі жақында ғана танысқан жандарға бізге сенім артқандары үшін мереке күндері қарсаңында Aida KaumeNOVA мерекелік көңіл-күй сыйладық", - дейді ол.

Кеңестік және ресейлік дизайнер Валентин Юдашкин сән үйі өз коллекцияларына ақ және шоколад түсті реңктерді кірістірмек.

"Көктемге арналған түс схемасы сүт және шоколад реңктерінде болады. Жаз айларында ақ, сүтті және ұнтақ пен шуаққа толы түстер болады. Ал киім үлгісіне келер болсақ, бұл мақтадан жасалған көлемді көйлектер, жеңіл органза немесе тафта шапандар. 2026 жылы біз Yudashkin премиум сегментінің брендін шығарамыз, ол біздің сән үйінің басты жаңалығы болады", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Valentin Yudashkin сән үйінің шығармашылық директоры Галина Юдашкина.

Бірнеше мың қолданыстағы түстер мен олардың реңктерін жасаған АҚШ-тың Pantone компаниясы 2026 жылы ақ пен көк түс сәнге айналады деп жазды.

"Трансформацияның осы уақытында біз өз болашағымызды және әлемдегі орнымызды қайта елестете отырып, PANTONE 11-4201 Cloud Dancer – ақшыл реңкті таңдадық, ол айқындықты білдіреді", - дейді Pantone түстер институтының атқарушы директоры Леатрис Эйземан компанияның ресми парақшасында.

Ал Pantone түстер институтының вице-президенті Лори Прессман ақшыл түс тектен тек таңдалмағанын айтады.

"Біз шындықты, мүмкіндіктерді және жаңа өмір салтын іздейтін өтпелі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. PANTONE 11-4201 Cloud Dancer – бұл біздің цифрлық болашағымыз бен күнделікті өміріміздегі адами қажетілігіміз арасындағы тепе-теңдікті іздейтін ақ реңк. Ақ түс - дәстүрлі шекарадан тыс тәжірибе жасап, қиялды күшейтуге есік ашады, шығармашылық көрініс үшін ұшыру алаңы болатын шексіз кеңістік", - дейді ол.

Қазіргі әлемде дизайнерлік брендтер алуан түрлі. Алайда өзіндік ерекшелік пен стиль, жеке даму, интеллектуалдылық пен табандылық шынымен құнды болып қала береді. Kazakhstan Fashion Week танымал дизайнері Наиль Байкучуков биыл өз шығармашылығын жаңа бағытқа бұрғанын айтады.

"Менің туындымда кешкі сәнді көйлектер. Бұрыннан келе жатқан көрініс - көпшілік кешкі сәнді көйлек таңдарда оны бір рет емес бірнеше рет қолданғысы келеді. Басқа да киімдермен үйлестіріп киюге тырысады. Соңғы коллекцияма енгізген жаңалығым, біздің көйлектер көйлек ретінде ғана емес, мысалы жеңін алу, корсет кию, иығын шешу және бөлек белдемше етіп киетіндей етіп жасадым. Ондағы мақсатым басқа да киімдермен үйлестіріп киюге мүмкіндік жасау. Мен қыздарға бірінші кезекте талғам болса деп кеңес беремін, егер киімді талғай алмасаңыз, дизайнерлердің көмегіне жүгінуге болады. Бастысы қымбат немесе сәннен қалмай киіну емес, мәселе сәнді болуға ұмтылуда", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында танымал дизайнер Наил Байкучуков.

Отандық сән әлемінде ерекше көзге түскен дизайнерлердің бірі – Ая Бапани. Ая Бапани киім үлгілерін ұлттық нақышта сәндеп жүр. Жас дизайнер тек спортта ғана емес, сән үлгісінде де ел мәртебесін арттыруға болатындығын дәлелдеді. Ол Fashion TV Central Asia 2013 премиясында Орта Азияның үздік сән дизайнері атағын иеленді.

"Негізі сән әлемінде келер жылы мына киім сәнге айналады деген ұстанымым жоқ. Мен бір бағытта ғана жүрмеймін. Әр жылда көңілім нені қалайды, сол киімді жасаймын. Не сәнді, не сәнді емес, ол жағына мән бермеймін. Сән дегеніміз ол – жаныңа қуаныш сыйлау", - дейді Ая Бапани.

Биылғы жылдың тағы бір басты жаңалығы – әдемі орамалдар сәнге айналады. Тек қана басқа тағып қана қоймай, сырт киімнің сыртынан тіпті белге тағуға болатын түрлері сәнге айналады. Бұл жылды орамалды ресми түрде пайдалану жылы десе де болады. Әлемдік сән әлемінің мамандары орамалды сән әлемінің ерекше бір сипаты етуді жөн көрген.

Орамал киімге қосымша аксессуар емес, түріне, түсіне қарай негізгі киім ретінде де қарастырылады.

Дерек көзі: https://sputnik.kz