Өнер аманаты - ұрпаққа қалған мұра

Өнер аманаты - ұрпаққа қалған мұра

фото: www.gov.kz

      

       Қазақтың опера өнерін әлемге танытып, ұлттық әншілік мектептің биік деңгейге көтерілуіне зор үлес қосқан Ермек Серкебаевтың туғанына биыл 100 жыл. Көрнекті өнер иесінің мерейтойына орай Астанада «Дәстүрді сақтай отырып, болашаққа жол ашамыз» атты өңірлік конференция өтіп жатыр.

       19-21 қараша аралығына жоспарланған басқосу еліміздегі музыкалық білім беру ісін жетілдірумен қатар, ұлттық өнердің озық үлгілерін жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған. Жиынға бірнеше өңірден балалар музыка және өнер мектептерінің басшылары, ұстаздар мен әдіскерлер қатысып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісуде.

       Конференцияның ерекше сәттерінің бірі – Ермек Серкебаевтың қызы, жазушы әрі журналист Ирина Серкебаевамен онлайн жүздесу болды. Ол әкесінің шығармашылық жолын кейінгі буынға танытуға арналған бастамаға қолдау білдірді. Сонымен бірге, басқосу аясында оқушылар мен ұстаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылып, музыкалық білім берудің өзекті мәселелері талқыланды.

       Үш күндік бағдарламада ашық сабақтар, шеберлік сыныптары мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылып, ұлттық музыканы оқытудың жаңа әдістері, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері сөз болмақ. Бұл – бір ғасырлық тарихы бар өнер иесінің мұрасын еске алумен шектелмейтін, ұлттық музыкалық дәстүрді жаңғыртып, келер ұрпаққа аманаттауға бағытталған тағылымды бастама.

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз