Интернет-алаяқтықтың жаңа әдістері: одан қалай қорғанамыз?

Интернет-алаяқтықтың жаңа әдістері: одан қалай қорғанамыз?
фото: https://pixabay.com/ru/

Елімізде интернет – алаяқтықтық заман ағымына қарай түрленіп барады. Қараша халықты сан соқтырғандар жазасыз қалып жатқан жоқ. Жыл басынан бері интернет алаяқтықтың 17,5 мың қылмыс фактісі тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7%-ға төмен көрсеткіш. Десе де, алаяқтардың әрекетінен азаматтар жыл басынан бері 15 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған.

Соңғы уақытта алаяқтар мемлекеттік қызметтің атын жамылып, азаматтарға 1414 нөмірінен хабарламалар жіберетін болған. Олар жеке мәліметтер беруді, оперецияларды растауды немесе жоқ айыппұлдар мен қызметтерді төлеуді талап етеді.

Алаяқтар бір орында тұрмайды. Күннен күнге алаяқтық түрін жаңғыртып, дамыта береді. Бірақ соңғы уақытта кеңінен тараған түрі 1414 операторымен байланысты. Соңғы кездері әлеуметтік желілерде, БАҚ өкілдерінде 1414 операторын бұзып алды, «Халыққа қызмет көрсету орталығын» бұзып алды деген жалған ақпарат тарап жатыр. Ол шындыққа жанаспайды. Яғни алаяқтар 1414 операторын өзінің құралы ретінде алып алған. Ол қалай жұмыс жасайды? Белгілі бір ұялы телефонның операторына хабарласып, сіздің ұялы телефоныңыздың тіркелу уақыты аяқталуға жақын екенін айтады. 1414 нөмірінен SMS хабарлама жібереді. Хабарлама Мобильді азаматтар базасында тіркелген мобильді нөмірге келеді. Келесі міндетті кезеңде жүйе пайдаланушының жеке басын «Digital ID» ақпараттық жүйесінде бет биометриясы арқылы растауды талап етеді. Осылардан кейін сіздің атыңыздан электрондық цифрлы қолтаңбаны рәсімдейді. Одан кейін алаяқтар цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы атыңыздан микрокредит рәсімдейді. Оған тағы бір дәлел 1-2 ай бұрын кәсіпкер алаяқтардың айтқанын істеп, 1 айдан кейін банкте несиесі барын білген. Кәсіпкердің атынан 20 миллионға кредит алған. Мұндай алаяқтық түрі кең тарап жатыр десек болады, - деді ЦАРКА компаниясының ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маманы Диас Әбдіғазизов.

Алаяқтардан деректері қалай қорғауға болады?

• 1414 нөмірінен келген SMS кодтарды үшінші тұлғаларға хабарламаңыз;

• ЭЦҚ кілттерін үшінші тұлғаларға ешқашан бермеңіз;

• ЭЦҚ кілттері бар флешка жоғалған жағдайда, тек жаңа кілттерді шығарумен шектелмей, жоғалған кілттерді де кері қайтарып алу қажет (https://pki.gov.kz/);

• ЭЦҚ кілттерін алуға байланысты ақылы көмек көрсетушілердің қызметтерін қабылдамаңыз. ЭЦҚ кілттерін заңсыз беруге әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өту маңызды.

Мамандар алаяқтардың әлеуметтік желілермен қатар, халық арасында кеңінен пайдаланылатын OLX.kz, Krisha.kz, Kolesa.kz сынды қосымшалар арқылы құйтырқы әрекеттерге баратынын атап өтті.

Егер сіз интернет арқылы зат сатып жатсаңыз, сізге «мен осы затты алайын деген едім, бірақ мен басқа қалада тұрамын, курьер, почтамен маған затты салып жіберсеңіз» деген сылтаумен сілтеме жібереді. Сіз сол сілтемеден өткен кезде бірден банк картаңыздың деректерін енгізуді сұрайды. Егер сіз банк картаңызды енгізсеңіз, бірден алаяқтарға түсіп, олар барлығын шешуге тырысады, - деді ЦАРКА компаниясының ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маманы.

Интернет алаяқтықтың ең танымал түрі интернет сайттардан зат сатып алу. Алаяқтар адамдардың арзан бағада, сапалы тауарды алғысы келетіндерін негізге алып, алғашқы 50%-ын төлетіп, кейінен тауардың шет елден келмей жатқанын, кеденде қалып қойғанын айтып ақталып, тауарды да ақшаны да қайтармайды. Жыл басынан бері осындай 6 216 қылмыс тіркеліпті.

Онлайн сауда жасарда нені ескеру қажет?

– тексерілген сайттарды пайдаланыңыз;

– тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасау туралы келісіңіз;

– тауардың бар екеніне көз жеткізіңіз.

Жеке тұлғалардың деректері интернетте таралуы алаяқтарға таптырмас құрал. Олар бұл деректермен банк арқылы несие рәсімдеп, картадағы қаржыны шешіп алып жатады. Жалпы жеке деректерді жариялайтындардың бірі хаккерлер, екіншісі жеке тұлғаның өзі.

Ақпараттық жүйедегі жеке деректер қалай ғаламторға шығып кетеді деген сұраққа келсек. Ол хаккерлік шабуылдың нәтижесінен. Яғни хаккерлер ақпараттық жүйенің осал жерін тауып, оны қолданып, деректерді интернетке салып жібереді. Оны мыңдаған адам көріп, интернет-алаяқтар оны өз мақсатында пайдаланады. Мәселен, соңғы уақытта интернетке «Яндекс еда» ақпараты шығып кетті. Одан кейін, тарихтағы ең қауіпті хаккерлік шабуыл Facebook-ке жасалған. Қателеспесем, 300 миллион қолданушының жеке деректері интернетке шығып кеткен. Сондай-ақ соңғы уақытта болған Займер.кз кредиттік ұйымының ақпараттарын хаккерлер бұзып, кейінірек интернетке жеке деректерді салып жіберген. Екіншіден, жеке тұлға ретінде азаматтар кез келген сайтта өзі жайлы ақпараттарды жазады және ол ақпараттар алаяқтардың қолына түсуі әбден мүмкін. Жеке деректер әлеуметтік желіге тарап кеткеннен кейін алаяқтардың саны көбейіп кетеді, - деді Диас Әбдіғазизов.

Азаматтар күмәнді брокерлік компаниялар мен инвестициялық жобаларға инвестиция салу арқылы алаяқтықтың түрлі схемаларына тап болып отыр. 1 957 тұрғын осындай жүйенің құрбаны болған. Олар өз ақшаларын «жоқ» инвестициялық жобаларға салған. Тіпті, сол үшін несие алғандар да бар екен.

Алаяқтар ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайттар құру арқылы азаматтарды қызықтырады. Бұл ретте «менеджерлермен» және «брокерлермен» барлық қарым-қатынас онлайн режимде өтеді. Қаскөйлер үлкен қаржыны тарту үшін дивидендтерді бір рет төлеуді де жүзеге асырады.

Қаржылық қылмыстардан қорғау механизмі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен «Несиені тоқтату» қызметін іске қосты. Қызмет eGov мобильді қосымшасында және «Электрондық үкімет» веб-порталының басты бетінде орналасқан. Осы қызмет арқылы алаяқтардың онлайн кредит рәсімдеуінен сақтануға болады. Несие алу қажет болған жағдайда бұл қызметті қайта өшіруге мүмкіндік бар.

Қызметті қосу үшін eGov.kz веб-сайтына немесе eGov мобильді қосымшасына ЭЦҚ арқылы немесе логин мен құпия сөзді пайдаланып кіру қажет. Басты беттен «Сервистер» бөлімін, содан кейін «Банктік қарыздарды, микрокредиттерді ерікті түрде алудан бас тарту» қызметін таңдау қажет. Сондай-ақ citizensec.kz, fingramota.kz және nomadguard.kz сияқты цифрлық сауаттылық бойынша тегін материалдар ұсынатын платформалар құрылған.

Алаяқтардың айла-амалдарына түсіп қалмас үшін:

– банктер, брокерлік, инвестициялық компаниялар немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кредиттерді ресімдеу, мүлікті сату және ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару туралы «телефон» арқылы нұсқауларын ешбір жағдайда орындамаңыз;

– ешкімге өзіңіздің дербес деректеріңізді, банк карталарының CVV-кодтарын, құпиясөздерді бермеңіз;

– бөгде адамдардың өтініші бойынша телефонға қандай да бір мобильді қосымшаларды орнатпаңыз. Олар алаяқтарға сіздің құрылғыңызға кіруге мүмкіндік бере алады;

– тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде белгісіз және тексерілмеген сайттарға сенбеңіз;

– күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмаңыз;

– қосымшаларды орнату үшін тек App Store және Play Market сияқты ресми көздерді пайдаланыңыз;

– шоттарыңыздағы ақшаның қайда, қалай кетіп жатқанын жиі тексеріңіз.

ҚазАқпарат