фото: pixabay.com
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Ғұламалар кеңесі энергетикалық сусынның ағзаға әсері мен шариғат тұрғысынан түсініктеме беріп, шешім жариялады.
«Энергетикалық сусын – құрамында кофеин, қант, психостимуляторлық заттардың қоспалары (матеин, гуарана, женьшень, шөп сығындылары, цикламат, сахарин, сукралоза) бар, орталық жүйке жүйесіне стимулятор ретінде әрекет ететін психикалық және адамдардың денсаулығына әсер ететін, тәуелділікті тудыратын газдалған алкогольсіз немесе алкоголі аз сусын», - деп түсіндірілген ресми ақпаратта.
Энергетикалық сусындар алкогольсіз және алкогольді деп екіге бөлінеді:
- алкогольді энергетикалық сусындар. Энергетикалық сусындардың құрамында алкоголь аз мөлшерде болса да оны ішуге тыйым салынады. Пайғамбарымыз «Мас ететін нәрсенің азы да, көбі де – харам», деп айтқан.
- алкогольсіз энергетикалық сусындар. Кез келген сусынның құрамында алкоголь, зиянды заттар, харам, нәжіс нәрселер болмаса оны қолдануға рұқсат етіледі. Ал құрамында адам баласының денсаулығына зиян беретін заттар болса (алкоголь, қауіпті заттар, харам, нәжіс т.б.) қолдануға тыйым салынады.
«Энергетикалық сусындарды жиі қолдану ағзаға (жүрекке, жүйке жүйесіне, қан қысымының жоғарылауына, қант диабетіне, семіздікке, аяқ-қолдың діріліне тағы сол сияқты) қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған. Сондықтан мұсылман адамға мұндай сусындардан аулақ болғаны дұрыс», - делінген хабарламада.
Шешім:
- Сусынның құрамында шариғатта тыйым салынған нәрселер болмаса, оны қолдануға рұқсат.
- Алкогольды энергетикалық сусындарды ішу – харам.
- Энергетикалық сусындарды жиі қолданудың ағзаға қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған болса, оны қолдануға тыйым салынады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через