Денсаулық – адам өміріндегі ең қымбат қазына. Оны сақтау жолында уақытылы тексеріліп, аурудың алдын алудың маңызы зор. Осы бағытта елімізде медициналық көмектің сапасын арттыруға арналған жаңа технологиялар кеңінен енгізіліп келеді.
Соның бірі – қатерлі ісік ауруларын ерте анықтауға көмектесетін жасанды интеллект жүйелері. Қазір Қазақстанда бұл технология өкпе мен сүт безі ауруларын диагностикалау кезінде қолданылуда. Жаңа мүмкіндіктер дәрігерлерге медициналық зерттеулерді саралап, ауру белгілерін дер кезінде байқауға қолғабыс етеді.
Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов Астана тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде онкологиялық диагнозы бар науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші алпыс бес пайызға жеткен. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш он алты пайызға жақсарған. Сонымен бірге, елордада протондық терапия орталығы ашылып, өңірлерде заманауи ПЭТ-КТ орталықтарының жұмысы жолға қойылған. Мұның бәрі науқастарға сапалы әрі заманауи ем алуға мүмкіндік береді.
Мамандар онкологиялық аурулармен күресте ерте диагностика мен уақытылы ем қабылдаудың орны ерекше екенін атап өтеді. Сондықтан денсаулыққа бейжай қарамай, профилактикалық тексерулерден өтіп, ағзадағы өзгерістерге мән берген жөн. Өйткені аурудың алдын алу – өз өміріңе деген жауапкершіліктің белгісі. Деніміздің саулығын бағалап, денсаулығымызға бүгіннен бастап көңіл бөлейік!