фото: www.gov.kz
Тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін гигиеналық негіздеу жөніндегі негізгі жұмыс нормативтік құжаттамада және (немесе) техникалық құжаттамада көзделген температура кезінде сақтау динамикасында өнім үлгілеріне микробиологиялық зерттеулер жүргізу болып табылады.
Әрбір өнімнің жарамдылық мерзімі бар. Ол мерзім аяқталса жарамсыз болып қалады. Сақтау мерзімі неғұрлым қысқа болса, құрамында консерванттар мен тұрақтандырғыштар аз болады. Қаптамасынан бірнеше рет жапсырылған сақтау мерзімін байқасаңыз өнім ескірген деген сөз. Мерзімі өтіп кеткен өнімді сатып алсаңыз оны қайтаруға толық құқығыңыз бар. Дүкен бүлінген тауарларды қабылдауға және сатып алушыға ақшасын қайтаруға міндетті.
Тез бұзылатын заттарды (ет, балық, сүт өнімдері, ірімшік) сатып аларда абай болыңыз, жарамдылық мерзімін іздеп, сақтау шарттарын мұқият оқу керек. Жарамдылық мерзімін дүкен жапсырған заттаңбадан емес, өндірушінің заттаңбасынан ғана тексеру керек. Шығарылған уақыты жақында болса да, егер ол 4°C емес, 12°C температурада сақталса бұзылып кету қаупі жоғары.
Кей өнімдердің сақтау мерзімі сағатпен есептеледі: мысалы, сүзбе қаптамасында өнімнің 72 сағат бойы балғын болып тұратыны жазылған. Демек, қаптамадан шығарылған күнінен бұрын нақты уақытты табуымыз керек. Сүзбе дүйсенбі таңғы сағат 8.00-де шығарылса, бейсенбі таңертең 8.00-ден кейін оны пайдалануға болмайды.
Сауда орындары көбінесе мерзімі өтіп кеткен тауарларды сату үшін түрлі қулықтарға барады, акциялар ұйымдастырады. Адамдар сөреде көрініп тұрған тауарларды алады. Жарамдылық мерзімі жақын арада бітетіндіктен оларды алдыңғы қатарларға қояды. Сақтау мерзімі ұзақ өнімдерді сатып алмауға тырысыңыз.
Өндірушілер ұсынған сақтау шарттарын қаптамадан көруге болады. Содан кейін дүкенде осы талаптардың орындалу-орындалмауын қадағалай аласыз.
Бірқатар тауарлар үшін стандарттардан айырмашылығы бар арнайы режимдер белгіленеді. Мысалы, тұздалған балықтар мен консервілер үшін көбінесе -4 ... -8°C сақтау режимі қажет. Көптеген сауда орындары тауарларды арнайы режимде сақтамайды. Заттаңбасында "+20°C-тан аспайтын температурада сақтау керек" деп жазылған өнімдерді ыстық әрі қапырық жерде сақтау бұзушылық болып саналады.
Өнімнің қаптамасын тексергенде бүтін, зақымдалмаған, мыжылмаған болуы керек. Мұздатылған өнімдер қаптамасын ашқанда қырау немесе қар болса сақтау шарттарының бұзылғандығын көрсетеді.
Азық-түлікті дұрыс сақтау үшін салыстырмалы ылғалдылық, жарықтандыру, желдету де маңызды, бірақ оларды көзбен бағалау қиын. Сондай-ақ, тауарлар сөреге жинақы қойылып, бір-біріне зақым келтірмеуі керек. Тауар қаптамасының жай-күйіне назар аударыңыз: ол тұтас және зақым келмеген болуы керек. Қаптама клиенттердің назарын аудару үшін ғана емес, ең алдымен өнімді сақтау үшін жасалғанын есте ұстаңыз. Өнімнің қаптамасы ұсқынсыз көрінсе сапасы нашар дегенді білдірмейді. Жоғары сападағы өнімнің қаптамасы қарапайым, көзге түспейтін болуы мүмкін.
Мыжылған қаптамаларды, формасы өзгерген банкілерді, ескі дақтарды көрсеңіз немесе жағымсыз иісті сезсеңіз ол тауарды алмаңыз. Мұның бәрі дұрыс сақталмағандықтан немес тасымалдау шарттары мен жарамдылық мерзімінің бұзылуынан болады. Дастарханға қоятын тағам асқазанды ғана емес, көзді де қуантуы керек.
Алматы қаласы Түрксіб ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау, техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің жетекші маманы Алимкожаева Жанар Жапарқызы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через