Керімбек Ғалымжан Есқараұлы
экономика ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
«Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі
1992 жылы 3 қаңтарда Қытай жаңа жас Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қатынастар орнату туралы Коммюникеге қол қойып, Қазақстанмен дипломатиялық қатынастар орнатқан алғашқы елдердің бірі болды. Бұл екі жақтың сыртқы саясатындағы маңызды қадам болды, себебі Қытай мен Қазақстанның шекарасы ортақ және екі ел бір-бірімен тығыз экономикалық, саяси және мәдени байланыстар орнатуға мүдделі болды.
Бастапқы кезеңде Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыттары:
- шекара мәселесін реттеу: Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан мен Қытай арасында шекаралық аумақтарда кейбір талас тудырған мәселелер болды. 1994 және 1998 жылдары қол қойылған шекаралық келісімдер арқылы бұл мәселелер бейбіт жолмен шешілді. Бұл келісімдер екі ел арасындағы сенімді нығайтып, болашақтағы ынтымақтастыққа жол ашты;
- сауда және экономикалық байланыстар: Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан экономикасы нарықтық қатынастарға бейімделіп жатқан кезде, Қытаймен сауда байланыстарын дамыту маңызды болды. Алғашқы сауда келісімдері екі ел арасында тауар айналымын ұлғайтуға бағытталды.
32 жыл ішінде Қытай мен Қазақстан, Орталық Азиядағы тарихи шекара мәселелерін толық шешуден бастай отырып, батыл алға жылжып, өзара қарым-қатынастарын бұрын-соңды болмаған деңгейге – мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікке дейін көтерді. Әсіресе соңғы жылдары ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың және Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың стратегиялық басшылығының арқасында Қытай мен Қазақстан саяси салада бір-бірін нық қолдап, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетіп, гуманитарлық салада кең ауқымды алмасулар жүргізуде. Осылайша, Қытай мен Қазақ елі достыққа, өзара құрметке, уақыт талабына сай дамуға және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген мемлекетаралық қатынастардың үлгісін жасады. Еуразияның екі шығыс халқы арасындағы мыңжылдық интеграциялық қарым-қатынастар тарихтағы ең жоғарғы деңгейге жетіп, үнемі жақсарып, тығыз байланыс орнатуда [1].
Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейінде де дамып келеді. Бұл ынтымақтастық экономикалық, саяси, мәдени және қауіпсіздік салаларында тығыз қарым-қатынастар орнатуды көздейді. Қазақстан мен Қытай елінің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі басымдылықтарын келесі түрде сипаттауға болады:
1. Экономикалық байланыстар. Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынас өте маңызды. Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы сауда айналымы 41 млрд. 20 млн. юаньға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 32,2%-ға артқан. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық $41,5 млрд.-қа жетіп, нәтижесінде Қытайды Қазақстанның сауда серіктестері арасында бірінші орынға шығарды. Қытайға Қазақстан мұнай, газ, металдар және басқа да шикізат ресурстарын экспорттайды, ал Қытайдан Қазақстанға өнеркәсіптік тауарлар, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары және басқа да өнімдер әкелінеді. «30 жылдан асатын қарым-қатынастың арқасында қос елдің арасындағы сауда айналымы 100 есе өсіп, 2023 жылы 41 млрд. долларға жетті. Бұл тарихи рекорд болып есептеледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытай Қазақстандағы ірі инвесторлардың алғашқы төрттігіне енді. 2023 жылы бұл ел 2 млрд. долларға жуық тікелей инвестиция салған. Бұл 2022 жылдың көрсеткішінен 16,4 көп. Жалпы Қазақстан экономикасындағы Қытай инвестициясының жиынтық көлемі 25 млрд. доллардан асты»,- деді Мемлекет басшысы СИНЬХУА агенттігіне берген сұхбатында [2].
Екі ел арасындағы ірі инфрақұрылымдық жобалар «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл бастама Қытайдың Еуразиялық континентті экономикалық жағынан байланыстыру мақсатын көздейді және Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. Осы жобаға қатысушы мемлекеттің бастамалары арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржолдар желісі, жоғары жылдамдықты күре жолдар және теңіз жолдары арқылы байланыс жасап отыр. Бұл жоба әлем экономикасының жылдам құбылып тұрған жағдайында қазіргі заманның аса күрделі сын-қатерлеріне тиімді төтеп бере алатын және мемлекеттіміз үшін жалпыға ортақ игілікке айналды. «Бір белдеу, бір жол» Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан Қытайдың бұл бастамасы – ХХІ ғасырдың мегажобасы. Бұл – әділ баға,- деді Қ.Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсімінде [3]. 2023 жылдың қазан айында Қытай мен Қазақстан Алматыда логистикалық терминалдың құрылысын бірлесіп бастады, ол осы жылдың ішінде пайдалануға беріледі. 2024 жылғы 28 Ақпанда соңғы контейнер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қытай-Еуропа теміржол экспрессіне тиелген кезде, Қытай мен Қазақстан бірлесіп салған Сиандағы қазақстандық жүк терминалы ресми түрде пайдалануға берілді. Қазақстан – Қытайдың Чунциннен келетін Қытай-Еуропа жүк пойыздарының негізгі бағытындағы басты транзиттік елдердің бірі және осы маршрут бойынша өтетін пойыздардың 70%-дан астамы Қазақстан арқылы өтеді [4].
2. Энергетикалық ынтымақтастық. Энергетика – екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың негізгі элементтерінің бірі. Қытай Қазақстанда бірнеше ірі энергетикалық жобаларға қатысып, елдің мұнай мен газ инфрақұрылымына елеулі инвестиция салды. Сонымен қатар, Қазақстан Қытайдың уранмен қамтушы маңызды серіктесі болып отыр. Екі елдің энергетикалық ынтымақтастығы келесідей бағыттарды қамтиды:
2.1. Мұнай-газ ынтымақтастығы. Қазақстан Қытайға мұнай мен газдың ірі жеткізушісі болып табылады. Екі мемлекет те Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігін және Қазақстан үшін тұрақты кірісті қамтамасыз ететін ауқымды инфрақұрылымдық жобалар арқылы тығыз байланысты. 2022 жылы Қазақстан Қытайға 12 млн. тоннадан астам мұнай жеткізді. Бұл көлем Қытайдың жалпы мұнай импортының шамамен 6-7% құрады. Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азия елдері арасында Қытайға мұнай жеткізуші басты ел болып табылады. Қазақстан-Қытай мұнай құбыры: 2006 жылы ашылған бұл құбырдың ұзындығы 2200 км-ден асады және жылына 20 млн. тоннаға жуық мұнай өткізу қабілеті бар. Ол Қазақстанға экспорт бағыттарын әртараптандыруға және Ресейге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беріп, қазақстандық мұнайды Қытайға экспорттау жүйесіндегі негізгі буынға айналды. Орталық Азия – Қытай газ құбыры. Қазақстан сондай-ақ Қытайға табиғи газ экспорттауға арналған ірі халықаралық жобаның бір бөлігі болып табылады. 2009 жылы іске қосылған Орталық Азия – Қытай газ құбыры Түрікменстан, Қазақстан және Өзбекстанды Қытайдың батыс аймақтарымен байланыстырады. Бұл құбыр арқылы Қытайға жылына шамамен 55 млрд. текше метр газ жеткізіледі, оның шамамен 10 млрд. текше метрі Қазақстанның газына тиесілі. Бұл жоба Қазақстанға газ экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беріп, Қытай үшін табиғи газды жеткізудің әртүрлі көздерін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие болды.
2.2. Көмір ынтымақтастығы. Қазақстан көмір қорының шамамен 3,9%-на ие, бұл елді Қытай үшін тартымды етеді, себебі Қытай өз өнеркәсібін тұрақты көмірмен қамтамасыз ету қажет. 2021 жылы Қазақстан шамамен 30 млн. тонна көмір экспорттады, оның 7 млн. тоннасы Қытайға экспортталады. Қазақстан Қытайдың батыс өңірлеріне, әсіресе Шыңжаңға, көмір жеткізуші негізгі елдердің бірі болып табылады. Қытай Қазақстанның көмір кен орындарын және инфрақұрылымдық нысандарын дамытуға белсенді түрде инвестиция салып келеді, бұл көмірді тасымалдауды жақсартуға және Қытайға жеткізу көлемін арттыруға ықпал етеді. Атап айтқанда, қытайлық компаниялар теміржол жолдарын жаңарту және жаңа көмір шахталарын құруға қатысуда.
2.3. Уран және ядролық ынтымақтастық. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемдегі ең ірі ел болып табылады, ал Қытаймен осы саладағы ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие, себебі Қытайдың атом энергетикасына деген сұранысы артып келеді. 2021 жылы Қазақстан шамамен 21 000 тонна уран өндірді, бұл әлемдік уран өндірісінің шамамен 40%-ын құрайды. Қытай өзінің атом энергетикасының қажеттіліктері үшін қазақстандық уранды белсенді түрде сатып алады, бұл энергетикадағы көмірге тәуелділікті азайтуда маңызды рөл атқарады. 2021 жылы Қытай Қазақстаннан шамамен 3000 тонна уран сатып алды. Екі елдің компаниялары уран жеткізу бойынша ғана емес, сонымен қатар ядролық энергетика инфрақұрылымын дамытуда да ынтымақтасуда. Атап айтқанда, China General Nuclear Power Corporation (CGNPC) және «Қазатомөнеркәсіп» уранды байыту және ядролық отын өндіру саласындағы бірлескен жобаларды дамытып жатыр [5].
2.4. Жаңартылатын энергия. Ынтымақтастықтың жаңа әрі келешегі зор бағыттарының бірі – жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) бірлесіп дамыту. Қазақстан қазба отын түрлеріне тәуелділікті азайтуға ұмтылып, жасыл энергетиканы белсенді түрде дамытып келеді, ал Қытай бұл саладағы негізгі инвесторлардың бірі болды. 2022 жылы Қазақстан өз электр энергиясының 3%-дан астамын күн және жел сияқты жаңартылатын көздерден өндірді. Қытайлық компаниялар Қазақстанда күн және жел электр станцияларын салуға инвестиция салуда. Мысалы, China Power International компаниясы Қазақстанмен бірге қуаттылығы 100 МВт-қа дейінгі күн электр станцияларын салу жобалары бойынша серіктесуде.
Қытайдың «Жасыл белдеу және жол» бастамасы аясында Қытай Қазақстанға жасыл жобаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетуде, оның ішінде гидроэнергетика және биоэнергетика саласындағы жаңа жобалар да бар. Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастық дамуын жалғастырып, екі елдің ұзақ мерзімді мүдделерін қамтамасыз етуде орталық рөл атқарып келеді. Қазіргі жобалар мен жаңа бастамалар бұл мемлекеттердің әлемдік энергетикалық аренадағы позицияларын нығайтып, болашақта тұрақты экономикалық өсудің негізін қалайды.
2023 жылы қол қойылған Қазақстан-Қытай келісімінің нәтижелері:
2023 жылғы 16-17 қазанда Қазақстан Президентінің ресми сапары барысында жалпы сомасы 16,54 млрд. долларды құрайтын 30 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Құжаттар инвестициялық ынтымақтастық, сауда, өндіріс технологияларын беру, несие желілерін ашу және басқа да салаларды қамтиды. Сонымен қатар энергетика, көлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Қазақстан Президентінің қолы қойылған қазақ-қытай жобалары:
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен SINOPEC бірлескен жобасы
Қытайда қол қойылған маңызды құжаттардың бірі – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен SINOPEC арасында ТФК/ПЭТФ жобасының алдын ала ТЭН әзірлеу бойынша келісім болды. «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы (сол кезде) Мағзұм Мырзағалиев және SINOPEC директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэн Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен алдын ала технико-экономикалық негіздемені бірлесіп әзірлеу туралы келісімге қол қойды. Жоба Атырауда полиэтилентерефталат (ПЭТФ) өндіруді көздейді.
ПЭТФ – полимерлі материал, ол тамақ және сусындарға арналған қаптамалар, контейнерлер, тоқыма өнеркәсібі (тоқыма жіптері, синтетикалық талшықтар), техникалық талшықтар және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. ТФК (терефтал қышқылын) өндіру қондырғысы ПЭТФ өндірісінің маңызды аралық буыны болып табылады. Жобаға қажетті негізгі шикізат – Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірілетін параксилол.
2024 жылғы 2 шілдеде Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 7-ші отырысы аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «СИБУР Холдинг» ПАО және Sinopec Overseas Investment Holding «Силлен» жобасы бойынша қатысушылар хаттамасына қол қойды. Тараптар Атырау облысында полиэтилен өндіретін алғашқы интеграцияланған газ-химиялық кешеннің құрылысы жобасына арналған түпкілікті инвестициялық бюджетті келісу ниетін растады. «ҚазМұнайГаз» мәліметі бойынша, зауыттың қуаттылығы жылына 1,25 млн тоннаны құрайды. Полиэтилен өндіру жобасы мұнай-газ-химия саласын дамытудың маңызды кезеңі болып табылады. Бұл жобаның жүзеге асырылуы ел экономикасына мультипликативті әсер етеді, ЖІӨ-нің 1,2%-ға артуына ықпал етіп, полиэтиленнен жасалған бұйымдар өндірісіндегі шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұнай-газ-химиясына салынған әрбір доллар ел экономикасына 2-3 доллар өсім береді. Құрылыс кезеңінде шамамен 8000 жаңа жұмыс орны, ал зауытты пайдалануға беру кезеңінде тағы 800 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«ҚТЖ» мен CRRC Corporation Limited жобасы
Мемлекет басшысының Қытайға ресми сапары кезінде «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ мен CRRC Corporation Limited арасындағы CRRC Corporation Limited өнімдерін сатып алу және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
CRRC Corporation Limited – әлемдегі ең ірі теміржол көлігін өндіруші корпорация, оның үлесіне әлемдегі локомотивтер өндірісінің шамамен 50%-ы тиесілі. Келісім аясында қытайлық CRRC корпорациясымен 200 локомотив жеткізу туралы келісім жасалды. Локомотивтер құрылымдық және тарту параметрлерінің жақсартылған сипаттамаларына ие, олар Қазақстанның климаттық кең температуралық диапазонына бейімделген және атмосфераға заттар шығарындыларының төмен деңгейін қамтамасыз етеді. 2023 жылдың 2 шілдесінде ҚТЖ мен CRRC арасындағы келісім аясындағы алғашқы маневрлік локомотивтер Алтынкөл станциясына мерзімінен бұрын жеткізілді. 2023 жылдың 17 қазанында қол қойылған келісімге сәйкес, 100 маневрлік және 100 магистральдық локомотивтер жеткізіледі. Сонымен қатар, Қазақстанда жылжымалы құрамға қызмет көрсету орталықтарын ашу және инженерлік орталық құру жоспарлануда. Қазақстан темір жолдары мен CRRC корпорациясы арасындағы ынтымақтастық тарихы 20 жылдан астам уақытқа созылып келеді. Жаңа буындағы гибридті локомотивтің жобалануы аяқталып, 2025 жылы оның өндірісі күтілуде.
China National Petroleum Corporation (CNPC) компаниясымен энергетикалық саладағы бірлескен жобалар
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары барысында, 2023 жылғы 17 қазанда, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен China National Petroleum Corporation (CNPC) арасында жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарттың мерзімін ұзарту жөнінде екіжақты мәлімдемеге қол қойылды. 2023 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы (Қазіргі ҚР Премьер-министрі) Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға келген CNPC директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен кездесті. Кездесу барысында энергетика саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды. Ерекше назар Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру жобасына аударылды. Кездесуге қатысушылар жобаның қазіргі кезеңін талқылап, нысанды уақытылы пайдалануға беру үшін модернизация қарқынын жеделдету ниеттерін растады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Пекин университеті арасындағы ынтымақтастық
2023 жылғы 17 қазанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Пекин мұнай университеті (China University of Petroleum) арасында «Бір белдеу, бір жол» қауымдастығын құру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім индустрияны бірлесіп дамыту, ғылыми кадрларды даярлау және энергетика секторындағы ғылыми зерттеулерді қамтиды. Сондай-ақ, келісім аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Пекин шет тілдер университеті академиялық мобильділік бағдарламалары аясында оқытушылар мен студенттер алмасу жұмыстарын жандандырды. ҚазҰУ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019-2023 оқу жылдары аралығында 79 студент (докторантура, магистратура және бакалавриат бағдарламалары бойынша) Қытай университетінде академиялық мобильділік бойынша оқып, ғылыми тағылымдамадан өтіп, жазғы мектептерге қатысты. Сонымен қатар, 2019-2023 жылдары 37 оқытушы Қытайға біліктілігін арттыру және ғылыми конференцияларға қатысу үшін барды.
2023 жылғы университеттің статистикасына сәйкес, ҚазҰУ-де 409 қытайлық студент білім алды, оның ішінде 94 мемлекеттік білім гранты бойынша, ал 315 студент келісімшарт негізінде оқуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Қытайтану» кафедрасы жұмыс істейді, ол бакалавриат, магистратура және докторантура (PhD) деңгейлері бойынша қытайтанушы мамандарды сәтті дайындауда [9].
2024 жылдың 13 наурызында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяомен екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылады. Келіссөздер барысында өзара саудадағы шектеулерді жою, әкімшілік кедергілерді алып тастау және кедендік рәсімдерді оңайлату жөніндегі шаралар қаралды. Атап айтқанда, еліміздің Қытай нарығына жоғары деңгейде өңделген ауыл шаруашылығы өнімін жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын екені айтылды. Сондай-ақ «Бақты-Тачэн» жаңа теміржол арқылы өткізу бекетін салу, Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін кеңейту және өңірлік интеграцияны дамыту бойынша транзиттік-көлік саласындағы іске асырылатын қадамдар талқыланды. Оған қоса жолаушылар рейстерінің санын арттыру мәселесі қаралды [6].
«Алтын 30 жылдықтың» кезекті дәуірінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын жаңа мазмұнмен толықтыру мақсатында 2023 жылдың 4-қарашасында Шанхай қаласында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесу өткізілді. Кездесуде екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамыту мақсатында визасыз режим қабылданды [2].
Паулина Джонс – кеңес одағының құрамында болған Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның тұтас ел болып қалыптасуын, ішкі-сыртқы саясатын зерттеп жүрген ғалым. Халықаралық конференцияларда Қазақстанның сыртқы саясаты туралы баяндама жасап, сұхбат берді: «Ресей мен Украина арасында қақтығыс басталғаннан кейін Қытай өзін аймақтық егемендіктің кепілі ретінде көрсетті, әсіресе Қазақстанды ерекше «қамқорлығына» алды. Си Цзиньпин Covid-19 пандемиясынан кейінгі алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстанға жасады, бұл кездейсоқ емес. Өйткені Қазақстан – бұл ел үшін орталық дәліз, мықты стратегиялық серіктес. Шанхай ынтымақтастық ұйымының жыл сайынғы саммиті жоспарланғанға дейін бір күн бұрын екі елдің көшбасшылары «Егемендік, Ұлттық қауіпсіздік және аумақтық тұтастық мәселелері бойынша өзара қолдауға» уәде берді. Ресейдің Украинаға қарсы қақтығысы неғұрлым ұзаққа созылса, Қытайдың Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанды қорғауы соғұрлым көп уақытқа негізделеді», деген пікірде америкалық ғалым [3].
Фото pixabay.com.
Қазақстан мен Қытай елінің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі басымдылықтарына SWOT талдау жасау арқылы қорытындылайтын болсақ:
Күшті жақтары:
1. Географиялық жақындық және логистика: Қазақстан Қытайдың батыс шекарасында орналасқан, бұл транзиттік мүмкіндіктерді арттырады. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстан Қытайдың Еуропаға шығу қақпасы ретінде маңызды рөл атқарады.
2. Табиғи ресурстардың молдығы: Қазақстан мұнай, газ, уран, металл сияқты табиғи ресурстарға бай. Қытайға бұл ресурстар энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызды, ал Қазақстан Қытай нарығына ресурстарды жеткізу арқылы экономикалық пайда көреді.
3. Инвестициялар: Қытай Қазақстанның негізгі инвесторларының бірі болып табылады. Мұнда энергетика, тау-кен өнеркәсібі, инфрақұрылым және көлік салаларына айтарлықтай инвестициялар құйылады.
4. Тұрақты саяси қатынастар: Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас көпжылдық дипломатиялық және сауда байланыстарымен тұрақтанған. Екі елдің үкіметтері ынтымақтастықты дамытуға дайын.
Әлсіз жақтары:
1. Экономикалық тәуелділік: Қазақстан Қытайға тауар экспорты мен инвестицияларға айтарлықтай тәуелді болуы мүмкін. Бұл оның экономикалық тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін.
2. Технологиялық тәуелділік: Қытай Қазақстанға тек шикізатты экспорттап қана қоймай, сонымен қатар жоғары технологиялық өнімдерді енгізеді. Бұл технологиялық салалардың дамуында теңгерімсіздікті тудырады.
3. Сауда теңгерімсіздігі: Қазақстан экспорты көбінесе шикізат өнімдерімен шектелсе, Қытай өнеркәсіптік тауарлармен басымдық алады, бұл сауда теңгерімсіздігіне әкелуі мүмкін.
4. Жергілікті экономикалық және экологиялық мәселелер: Қытайлық жобалар мен кәсіпорындар Қазақстандағы қоршаған ортаға теріс әсер етуі мүмкін. Бұл жергілікті тұрғындар арасында қарсылық тудыруы ықтимал.
Мүмкіндіктері:
1. Экономикалық әртараптандыру: Қазақстан Қытаймен ынтымақтастық арқылы экономикасын әртараптандырып, тек шикізат секторы ғана емес, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық секторларын дамыту мүмкіндігіне ие.
2. Инфрақұрылымдық жобалар: «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында Қазақстан өзінің көлік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік алады, бұл оның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік орталық ретінде рөлін күшейтеді.
3. Жаңа нарықтарға қол жеткізу: Қытайдың үлкен нарығы Қазақстан үшін экспорттық өнімдердің жаңа түрлерін енгізу және өнімдерін әртараптандыру үшін үлкен мүмкіндік болып табылады.
4. Инвестицияны арттыру және технологияларды трансферттеу: Қытайдан келетін тікелей шетелдік инвестициялар мен технологиялар Қазақстанның ғылыми-техникалық салаларын дамытуға көмектесуі мүмкін.
Қауіп-қатерлері:
1. Саяси және экономикалық тәуелділік: Қазақстанның Қытайға артық тәуелділігі сыртқы саяси және экономикалық тәуелсіздікке қауіп төндіруі мүмкін.
2. Кедергілер және сауда шектеулері: Сауда келісімдеріндегі кедергілер немесе тарифтердің өзгеруі сауда ағынына әсер етіп, Қазақстанның Қытайға экспортын шектей алады.
3. Қоршаған орта және жергілікті қарсылық: Қытайлық жобалардың қоршаған ортаға зиян келтіруі немесе әлеуметтік шиеленісті күшейтуі мүмкін, бұл қазақстандықтар наразылықтар туғызуы ықтимал.
4. Қытай экономикасының баяулауы: Қытай экономикасының баяулауы Қазақстанның шикізат экспортына және инвестицияларға деген сұранысқа тікелей әсер етуі мүмкін.
Қорыта келгенде, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту екі елге де тиімді, бірақ ол теңгерімді сақтап, тәуекелдерді басқаруды талап етеді.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. http://kz.china-embassy.gov.cn/rus/dszc/emba/202201/t20220103_10478493.htm
2. https://inbusiness.kz/kz/news/kazakstan-men-kytaj-arasyndagy-sauda-ajnalymy-30-zhylda-100-ese-osken
3. https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-bir-beldeu-bir-zhol-halykaralyk-yntymaktastygynyn-iii-forumynyn-ashylu-rasimine-katysty-1892334
4. https://www.kt.kz/rus/authors_column/kitaysko-kazahstanskoe_torgovo-ekonomicheskoe_1377961993.html
5. https://www.inform.kz/ru/energeticheskoe-sotrudnichestvo-kazahstana-i-kitaya_a4015561
6. https://www.inform.kz/ru/itogi-kazahstansko-kitayskih-soglasheniy-podpisannih-v-2023-godu-e34541
7. https://primeminister.kz/news/vizasyz-rezhim-kazakstan-men-kytay-arasyndagy-karym-katynasty-zhana-dengeyge-koteredi-alikhan-smayylov-kkhr-memlekettik-kenesinin-premerimen-kezdesti-261
8. https://primeminister.kz/news/olzhas-bektenov-kkhr-nyn-kazakstandagy-elshisi-chzhan-syaomen-sauda-ekonomikalyk-yntymaktastykty-keneytu-maselelerin-talkylady-27517
9. https://egemen.kz/article/351728-qazaqstan-qytay-ekonomikalyq-baylanys-negizderi
Абылайхпн
Абылайхпн
Абылайхпн
Абылайхпн
Абылайхпн
Абылайхпн
Абылайхпн
Абылайхпн
Абылайхпн
Ақжан Төлеген
Ақжан Төлеген
Bek
Bek
Ақжан Төлеген
Ақжан Төлеген
Аманғали Ислам
Аманғали Ислам
Аманғали Ислам
Аманғали Ислам
Аманғали Ислам
Ақжан Төлеген
Аманғали Ислам
Аманғали Ислам
Аманғали Ислам
Аманғали Ислам
Аманғали Ислам
Ендібай Аружан
Ендібай Аружан
Ендібай Аружан
Mukhtarkhan Saulekhan
Арыстан Ти