фото: Әбдімәлік Ағыбай
Шымкентте Мемлекеттік сыйлықтың тұңғыш иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков атындағы әдеби орталық ашылды. Бұл шара оңтүстік өңірдегі басты да, айтулы оқиғалардың бірі болды, деп жазды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Қазақта “ Қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын” деген аталы сөз бар. Сол күні осы іс-шараны ұйымдастырушы, азаматтық ұстанымы мығым Әлімхан Досыбайұлы Абжановтың іскерлік өмір тәжірибесі мен кезінде Сыр бойында танымал тұлғалар болған ата-бабаларының жүрген жолдары арқау болған жазушы Нұрлы Сапаның “ Жаралы жолбарыс” атты кітабының да тұсаукесері болды.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Жеке тұлғалардың мектеп ашып, бала оқытуы қазақ үрдісінде бұрыннан бар дәстүр. Міне, осындай ағартушылық үрдісті жаңғыртып, Шымкент шаһарынан қазіргі талапқа сай заманауи “ Абжан” көп тілді лицейін салып, Дулат аға Исабеков атындағы әдеби орталығын ашу сияқты Әлімхан бауырымыздың игілікті бастамасы бағзы заманнан келе жатқан дәстүріміздің қазіргі заманғы озық үлгісі.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Аумағы 250 шаршы метр әдеби орталықтың 6 мың дана кітап қоры бар. Кітап акциясын ұйымдастырып, көпшілікті осыншама кітап қорын жинақтауға ұйыстырған осы жазба жолдарының авторы мен әдебиет жанашыры Берік Жанболатов бауырымыздың еңбегінің зор болғандығын айтып өткеніміз орынды.
Заманауи талаптарға сай жабдықталып, жасақталған әдеби орталық оқушыларды ұлттық және әлемдік әдебиеттің ғажайып әлеміне оралтып, рухани азық береді, талапты жеткіншектердің шығармашылық мүмкіндіктеріне жол ашады.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Осы іс-шара барысында алыс-жақыннан келген әдебиет сүйер қауым классик жазушы-драматург Дулат Исабеков, Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері, ақын Қазыбек Иса, айтулы ақын-жазушылар Нармахан Бегалыұлы, Қасымхан Бегманов, Құлбек Ергөбек, Бейсенбай Сүлейменов, Момбек Әбдіәкімұлы, Шойбек Орынбай, Дәркен Танабай және Нұрлыбек Саматұлымен кездесу өткізіп, кітап оқумен қатар әдебиеттің қазіргі бағыттары туралы ой бөлісіп, пікір алысты.
Алдағы кезде де әдебиет орталығы оқырмандарының жергілікті ақын-жазушылармен кездесу өткізіп, ой-пікірлерімен бөлісуі басты мақсаттарының бірі болып қалмақ.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Фото Әбдімәлік Ағыбай.
Әбдімәлік Ағыбай,
Шымкент қаласы, 13.10.2024 ж.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через