Қазақстанда 5 ғылыми-өндірістік орталық құрылады

Қазақстанда 5 ғылыми-өндірістік орталық құрылады
фото: Фото: freepik

Инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабы құрылады.

"2029 жылға дейінгі Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасында "Университет ғылымы" бөлімі көзделген. Онда негізгі назар үш негізгі бағытқа шоғырландырылады: ғылыми-технологиялық және инжинирингтік парктер құру; университеттер мен ғылыми ұйымдарды интеграциялау; эндаумент-қорларды қалыптастыру. Бірінші бағыт аясында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарls іске асыратын ғылыми ұйымдарды, ЖОО, кәсіпорындарды трансформациялау жолымен бес ғылыми-өндірістік орталық құрылады. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің даму бағдарламасы аясында инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабы құрылатын болады. Мемлекет басшысының ҚР Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында берген тапсырмасы аясында ғылыми зертханалар мен тәжірибелік-сынақ инфрақұрылымын дамытуға мақсатты гранттар бөле отырып, университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді қолдау бағдарламасы әзірленіп, іске асырылады. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында конструкторлық бюролардың, инжинирингтік орталықтардың, бизнес-инкубаторлардың, инновациялық орталықтардың, технологияларды коммерцияландыру мен трансферттеудің өңірлік орталықтарының, жобалық конструкторлық бюролардың және инфрақұрылымның басқа да элементтерінің жұмыс істеуі үшін университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктер мен инжинирингтік орталықтарға қолдау көрсету мәселелері пысықталуда", - деп деді ведомство өкілдері.

Сондай-ақ,  екінші бағыт бойынша ҒЗИ мен университеттердің жетекші әлемдік ғылыми орталықтармен әріптестігін нығайту арқылы отандық ғылымды халықаралық ғылыми кеңістікке интеграциялау күшейтіледі.

Жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарында докторанттар мен магистранттардың тағылымдамадан өту тәжірибесі де кеңеюде. Диссертациялық кеңестерге ҒЗИ ғалымдары қатысады.

"Үшінші бағытты іске асыру елімізде университеттер жанындағы эндаумент-қорлар мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Ол үшін эндаумент-қорларды реттеу жөніндегі Заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді. Эндаумент-қорларға және оларды басқаруға қайырымдылық жасау үшін салықтық ынталандыруды енгізу бойынша ұсыныстар әзірленді. Жоғарыда аталған үш бағыт бойынша іс-шараларды табысты іске асыру Scimago рейтингінде қазақстандық ҒЗИ мен жоғары оқу орындарының санын арттыруға ықпал ететін болады", - деді министрліктен.

ҚазАқпарат