Ғылымның ертеңі -- жас зерттеушілердің қолында

Ғылымның ертеңі -- жас зерттеушілердің қолында

фото: khabar.kz

       2026 жылғы 12 қарашада Алматыда ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен ІІІ Халықаралық жас ғалымдар конгресі өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойына арналған жиынға әлемнің 35-тен астам елінен мыңнан аса зерттеуші қатысты. Басқосу ғылымдағы ұрпақ сабақтастығын нығайтып, қазақстандық зерттеушілердің халықаралық ғылыми кеңістікке кірігуіне жол ашуды көздейді.

       Конгресс барысында ғылымның өзекті бағыттары, жасанды интеллектіні зерттеу жұмыстарына енгізу, жаңа технологияларды дамыту және ғылыми жаңалықтарды өндіріске бейімдеу мәселелері талқыланды. Академия президенті Ақылбек Күрішбаев жас ғалымдардың әлеуетін арттыру мен халықаралық ғылыми байланысты кеңейтудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ медицина, физика, экология, агротехнология және басқа да салалардағы отандық әрі шетелдік ғалымдардың зерттеулері таныстырылды. Жас зерттеушілердің ғылыми жобалары қойылған көрме де көпшілік назарына ұсынылды.

       Халықаралық жиын аясында ғылымның бес бағыты бойынша үздік жас зерттеушілерге «Қазақ ғылымының үміті» арнайы марапаты табысталды. Конгресс жұмысы 13 қарашада Алматыдағы алты жоғары оқу орнында өтетін тақырыптық ғылыми конференциялармен жалғасады. Онда ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, заманауи технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралады. Басқосу қорытындысында отандық ғылымды өркендетуге бағытталған ұсыныстар қамтылған қарар қабылданады.

       

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз