фото: pexels.com
Әлеуметтік желілерде кейбір тауарлардың сапасы мен сақталу мерзіміне қатысты даулы видеолар тарап жатады. Осы орайда тұтынушылар немесе қоғам белсенділері тауарларды фото-видеоға түсіріп, таратуға құқылы ма?
Бұл сауалға Астана қаласының сауда және тұтынушы құқығын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиев жауап берді, деп жазды kaz.inform.kz.
«Сауда министрлігі тұтынушылардың мүддесін қорғау және қамтамасыз ету мақсатында «Сапалы өнім» қоғамдық тұжырымдамасын іске қосты. Жоба ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үйлестіруді көздейді. Негізгі бағыты – нормативтердің бұзылуын, тұтынушылардың құқығын және бәсекелестікті жосықсыз бұзатын әрекеттерді анықтау. Ол үшін керекті заңнамалық құралдар мен базалық жиынтықтар бар», - деді Нұрғали Егембердиев Астана қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Департамент басшысының айтуынша, қолданыстағы тұтынушы құқығын қорғау заңнамасында қоғамдық бірлестіктерге мынадай мүмкіндіктер береді:
- тауардың тұтынушылық қасиеттерін зерттеу;
- тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге бастамашылық жасау;
- өнімнің сапасы туралы қоғамдық пікірді анықтау үшін халыққа сауалнама жүргізу;
- тауардың сапасын бағалау мақсатында мемлекеттік органдарға жүгіну;
- тұтынушылардың мүддесі үшін сотқа талап қою;
- өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін зерттеу нәтижесі туралы ақпаратты тарату.
«Қоғам белсенділері тауарды сату орындарына барған кезде жасалатын барлық әрекеттерді фото-аудио және бейнетіркеуді қолдануға құқылы. Бүгінгі таңда ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысы қойған басты міндет», - дейді Астана қаласының сауда және тұтынушы құқығын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиев.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через