фото: pixabay.com
Таңғы ас – көңілді әрі жаңа күннің бастауы. Күні бойына күш-қуат пен жігер беріп қана қоймай, есте сақтау мен зейінді жақсартып, ұзақ уақыт аштықты сезбеуге мүмкіндік береді, деп жазды kazgazeta.kz.
Соның арқасында түскі ас кезінде шамадан тыс тамақтану салдарынан туындайтын іштегі ауырлықтың алдын алуға болады. Бұл өте маңызды. Себебі артық тамақтану артық салмаққа апаратын жол. Сонымен қатар, таңертең метаболизм процестері өте белсенді жүреді және ол таңғы асты тұтынудан басталады. Нәтижесінде бұл керемет пішінді сақтауға көмектеседі.
Өмірде әрбір іс алдын ала дайындықты талап етеді, сол секілді таңғы асқа отырмас бұрын келесідей дайындықты жүзеге асырған дұрыс.
Бірінші, ұйқыдан тұра салысымен адамның асқа деген тәбеті бола қоймайтыны белгілі. Сол үшін жуынып болған соң, 1 стакан жылы су ішу қажет. Су қан айналым жүйелері мен ішек, асқазан жолдарын іске қосады. Екінші, таңғы жаттығудың 3-4 жеңіл түрін жасаңыз. Дұрысы, толық 15-20 минут бойы жасалған жаттығу пайдалы болмақ. Бұдан соң расында асқа деген тәбетіңіз ашылып, асты сүйсіне жейсіз.
Фото pixabay.com.
Асқазанымыздың саулығы үшін таңғы ас мәзіріне ерекше мән берген абзал. Тіпті, денсаулығымыз үшін кей тағамдардан бас тартуымызға тура келеді. Ондай тағамдар көп жағдайда асқазандағы қышқылдың тепе-теңдігін бұзылуына, шырышты қабықтың тітіркенуіне, асқазан ауруларының дамуына себеп болады. Олардың қатарына цитрусты тағамдар, піспеген көкөністер, банан, кофе, салқын сусындар, тәттілер, тез әзірленетін таңғы астар, түрлі бутерброд т.б. кіреді.
Таңертеңгілік дәмнің ішінде міндетті түрде ыстық тағамның болуын назарға алыңыз. Буға піскен не бұқтырылған көкеністер таңғы ас мәзірінде болуға әбден лайықты. Тек тұз және бұрыш сынды қоспаларды көп қолданбау керек.
Диетологтардың кеңесіне сүйенсек, таңғы асқа жарма өнімдерінің пайдасы зор.
Жармадан дайындалған тағамдар ұзақ қорытылғандықтан, адам біраз уақытқа дейін тоқ жүре алады. Мысалы, жармадан дайындалған ботқа. Осы орайда дәрігерлер адам ағзасын көмірсуға байытатын 3 түрлі ботқаны тұтынуға кеңес береді. Олар: қарақұмық, күріш және сұлы жармаларынан дайындалған ботқалар. Сонымен қатар, дұрыс әрі толыққанды таңғы тағам ретінде кальцийге бай ірімшіктің 1-2 тілімін және майлылығы аз сүзбені түрлі бал, жаңғақ, жеміс шырындарымен тұтынуға ұсынады. Құнарлылығымен қатар адам ағзасына мол энергия беретін жұмыртқа барлық елдің ас мәзірінде бірінші орында тұратыны баршамызға мәлім. Қуырылған түрде болсын, қайнаған түрде болсын өте дәмді әрі дайындалуы жылдам ас.
Иә, тамақ рационын күн сайын қадағалап, сұраптау оңай емес. Десе де, салауатты өмір салты дәл осы дұрыс тамақтанудан басталады емес пе?! «Тәтті тағам емес, денсаулыққа пайдалы тағам тәтті» деген тәмсіл бар.
Сондықтан, әрбір күніңіз пайдалы таңғы астан басталуы керектігін есіңізден шығармаңыз!
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через