фото: pixabay.com
Бүгінгі нарық заманы үкіметке өкпелеп бүк түсетін немесе «алма піс, ауызға түс» деп керіліп жататын уақыт емес. Кәсіп аш, еңбек қыл. Нарық талабы осындай. Адал еңбекпен мал табу үшін сауат керек. Өкінішке қарай, бүгінде жұрттың қаржылық сауаты сын көтермейді. Әйтпесе арамызда жүрген кейбір адамдар банк пен микроқаржы ұйымдарынан несие алмас еді, қаржы пирамидалары мен желілік маркетингтердің тұзағына түспес еді. Неліктен қарызы бар қазақтардың қатары қалыңдап барады? Қыруар қарыз алудың соңы неге апарып соқтырады? Банктер беретін несиенің пайыздық мөлшері бізде көп пе, дамыған шетмемлекеттерде бұл көрсткіш қай деңгейде? Бұл сұрақтарымызды Алматы менеджмент университетінің ұстазы, экономист Қуанышбек Асылбекұлына қойған едік.
Фото Қуанышбек Асылбекұлы.
- Еліміздегі банктердің тұтынушы несиесін беру саясатын маман ретінде қалай бағалайсыз?
- Еліміздегі банктердің тұтынушылық несиесін беру саясаты барлық банкте ел азаматтарына барынша қолжетімді. Белгілі бір деңгейде онлайн банкинг арқылы смартфонмен бір минуттың ішінде несие алуға болады. Бұл тұтынушылар үшін тиімді. Дегенмен, несиенің осылай оңай берілуі адамдардың өзіне соққы болып тиіп жатқан секілді. Себебі клиент алғашқыда қарызды уақытында қайтара алатынына еш күмән келтірмейді. Кейін түрлі себептермен қайтар алмай, «шақшадай басы шарадай» болады. Ақшаны уақытында төлей алмаған соң өзі де стрестік жағдайға тап болады.
- Қазіргі таңда халықтың тең жартысының басында қарызы бар. Неге халық несиенің шырғалаңынан шыға алмай отыр?
- Иә, 2023 жылдың қазан айындағы есеп бойынша, 8 506 000 Қазақстан азаматтарының несиесі болған. Мұның ішінде 1,5 миллион тұрғын тұтышушылық несиені төлеуді 90 күннен астам уақытқа кешіктірген. Олар қарыздарын өтей алмай жатыр. Негізінен халықтың несие шырғалаңынан шыға алмауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, көптеген адамның тапқан табысы негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруға жетпейді, ал жалақы көлемі көтерілмейді, сондықтан ай сайын, тіпті күн сайын өсіп жатқан бағаға ілесе алмайды. Мысалы 2023 жылдың 2 тоқсанында орташа жалақы ресми түрде 340 000 тенге көлемінде бекітілді. Ал, көпшілік алатын медианалық жалақы, сол жылы 251 356 теңгені құрады. Орташа жалақы мен халықтың көп бөлігі алатын медианалық жалақының айырмашылығы 90 мың теңге жетті. Әрине, төмен жалақы алатын азаматқа пәтер ақысын төлеу, отбасы шығындарын өтеу қиын соғады. Тығырықтан шығудың жолын іздегендер амал жоқ несие алуға мәжбүр болады.
Екіншіден, ел тұрғындарының басым бөлігінің қаржылық сауаты жоқ, яғни ақшаны дұрыс басқару туралы білімі таяз. Олар қаржымен қалай сауатты жұмыс істеу керектігін түсінбейді және барлық тәуекелдерді ескермей жиі несие алады. Сонымен қатар, Қазақстанда несие бойынша пайыздық мөлшерлеме жоғары, соның салдарынан тұтынушы алған қарызын банкке еселеп қайтарады. Байқасаңыз қазіргі заманғы тұтыну мәдениеті мен агрессивті жарнама адамдарды ақшасы болмаса да, тауарларды несиеге сатып алуға итермелейді. Қарыздың өсуінде инфляция және валюта бағамының ауытқуы сияқты макроэкономикалық факторлар да рөл атқарады. Көптеген азамат күнделікті қажетін тез әрі оңай қанағаттандыру үшін несие алудан басқа жолды таңдамайды. Бұл мәселені шешу үшін қаржылық сауаттылықты арттыру, экономикалық жағдайды жақсарту және несиелеудің тиімді шарттарын ұсыну қажет. Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы реформалар мен жаңа жұмыс орындарын құру бастамаларын қолдау да маңызды.
- Халықтың несиеге батуы тұрмыс пен кәсіпке қалай әсер етеді?
- Халықты несиеге батыру адамдардың күнделікті өмірі мен жұмысына қатты әсер етеді. Біріншіден, несиелер бойынша тұрақты төлемдер тамақ, киім және денсаулыққа жұмсалатын ақшаны азайтады. Бұл өмір сүру деңгейін төмендетеді. «Күліп кіріп, күңіреніп шығатын» қарыз стресс пен мазасыздықты тудырады, бұл отбасындағы жағдайға, отбасы мүшелерінің денсаулығы мен қарым-қатынасына теріс әсер етеді. Сондай-ақ, қарызы бар отбасылар көбінесе тұрғын үй немесе автокөлік алуды кейінге қалдырады немесе олардан мүлдем бас тартады және жылына бір келетін демалысын да жоспарламайды. Екіншіден, қарызды төлеу үшін адамдар өндірісте қосымша уақыт алып жұмыс істеуі немесе тіпті екінші жұмыс орнын тауып алуы мүмкін. Уақыт өте келе азамат мұндай қиын еңбектен қажиды, нәтижесінде оның жұмыс өнімділігі төмендейді. Жұмысы қанағаттандырмаса, мансаптық өсуге мүмкіндік берілмесе де қарызын дер кезінде өтеу үшін істеп жүрген жұмысын жалғастыруына тура келеді. Жалпы несие алған жұмысшылар қаржылық қиындықтарға жиі ұшырайды, бұл олардың жалпы жағдайы мен жұмыстағы көңіл-күйіне әсер етеді. Үшіншіден, қаржылық мәселелерге байланысты кейбір адамдар әлеуметтік оқиғалар мен байланыстардан аулақ жүреді, өйткені оларда ақша жоқ немесе өздерінің тұрмыстық жағдайлары үшін ұялады. Қаржылық мәселелер көбінесе отбасындағы жанжалдар мен ұрыс-керіс тудырады, бұл қарым-қатынастың нашарлауына және тіпті ажырасуға әкелуі мүмкін. Осылайша, несие өмірдің әртүрлі аспектілеріне теріс әсер етеді, жеке әл-ауқатын жақсартуға, кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік бермейді. Бұл салдарды азайту үшін экономикалық жағдайды жақсарту және адамдардың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет.
- Жалпы, қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктер мен микронесие ұйымдары алдындағы қарызы 15 триллион теңгеден асқан. Бұл қорқынышты көрсеткіш емес пе? Себебі, Қазақстан Республикасының қазіргі кездегі мемлекеттік бюджеті де шамамен 15 триллион теңгеге жуық.
- Бұл жерде мемлекеттік бюджет пен несиелік қарыз мөлшерін салыстыруға келмейді. Былтыр жарияланған ақпаратқа сүйенсек, сіз айтқан соманың тек 8,9 триллион теңгесі жеке тұлғаларға тиесілі. Қалғаны ипотека және автонесие бойынша алынған қарыздар. Жалпы жеке тұлғалардың 90%-ның несиесі бар деп айтуға болады. Дегенмен, несие алған 1,5 миллион азаматтың ғана банк, микроқаржылық ұйымдар алдындағы қарызын өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен. Ал өзге азаматтар несиесін уақытында төлеп жүр. Бұл нарық «Бірінші Несиелік Бюро» мәліметіне сәйкес айына 2%-ға өсетін нарық болып тұр. Жалпы бұл ел азаматтарының несиені төлеуге қабілетті екенін көрсетеді. Әлбетте, сома үлкен болған соң, қауіп бар. Алайда, кейбір кәсіп түрлерінде табыстың тұрақты болмауы, орынсыз несиелерді алу арқылы жағдайда ушықтыра түседі.
- Біздің банктер халыққа несиені қандай пайызбен беріп отыр, ал шетелде қанша пайыз үстеме қосылады? Заң бойынша екінші деңгейлі банктер жылдық пайыздық мөлшерлемені 56 пайызға дейін көтеруге құқылы көрінеді. Батыс елдерінде пайыз мөлшермесі қандай?
- Қазақстандағы кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер кредит түріне, банкке және қарыз алушының кредиттік тарихына байланысты өзгеретінін ескеру керек. Әдетте, тұтынушылық несиелер бойынша жылдық пайыздық мөлшерлемелер 15% - дан 25% - ға дейінгі аралықта болады. Әлбетте, 56%-ға дейін құқылы екенін де естен шығармауымыз керек. Ипотекалық несие мөлшерлемелері төмен және әр бағдарлама шарттарына байланысты жылдық 8% - дан 15% - ға дейін болуы мүмкін.
Салыстыру үшін айта кетсек, шетелде несие бойынша пайыздық мөлшерлеме де өзгереді, бірақ олар, әсіресе Батыстағы дамыған елдерде төмен болуы мүмкін. Мысалы, АҚШ-та тұтынушылық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер қарыз алушының несиелік тарихына байланысты жылдық 6% - дан 20% - ға дейін болуы мүмкін. Ипотекалық несиелердің жылдық ставкалары 3% - дан 6% - ға дейін. Еуропалық Одақ елдерінде тұтынушылық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер жылдық 5% - дан 15% - ға дейін болуы мүмкін. Ипотекалық несиелер көбінесе жылдық 1% - дан 5% - ға дейінгі мөлшерлемелерге ие. Ал Жапонияда тұтынушылық несие мөлшерлемелері жылдық 4% – дан 10% - ға дейін, ал ипотекалық несиелер жылдық 1% - дан 3% - ға дейін болуы мүмкін.
АҚШ, Еуропалық Одақ елдері мен Жапония бойынша пайыздық мөлшерлемелер туралы нақты айта алмаймын, себебі әрқайсысы банкке байланысты өзгереді. Мен негізгі максимум мен минимумның шекарасын қарастырдым. Бірақ жоғары пайыздық несие ұсынатын банктер де бар. Мысалы, кейбіреулер жылдық мөлшерлемесі 5,5% болатын несиелер немесе ипотека ұсынады. Кипрдегі ең тиімді пайыздық мөлшерлеме, ол 5% ғана. Еуропадағы ең жоғары көрсеткіш – Болгарияда -11%. Швейцария несиелеу көлемі бойынша көш бастап тұр. Бұл елде 400 000 еуроға дейін алуға болады. Яғни, теңгемен есептегенде ол 206 174 560 теңгеден асады.
- Дегенмен, шетелдегі, әсіресе дамыған елдердегі пайыздық мөлшерлемелер Қазақстанға қарағанда төменірек. Әлбетте бұл елдің экономикалық жағдайындағы, инфляция деңгейіндегі және қаржы жүйелерінің жалпы тұрақтылығындағы айырмашылықтарға байланысты.
- Әлемнің озық елдерінде несие беру стандарты мен тәртібі қандай? Қазіргі күні несиені уақытында қайтара алмағандар үшін жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң бар. Бұл заңның жеке тұлғаға қандай пайдасы бар?
- АҚШ және Еуропалық Одақ елдері сияқты әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде несиелеу қатаң стандарттар мен ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Несие бермес бұрын банктер қарыз алушының несиелік тарихын мұқият тексеріп, тәуекелді бағалау үшін несиелік скорингті пайдаланады. Мысалы, АҚШ-та несиелік скоринг шешуші рөл атқарады және пайыздық мөлшерлеме мен мерзім сияқты несие шарттарына әсер етеді. Бұл елдердегі несие шарттары ашық: қарыз алушы барлық несие шарттары, соның ішінде пайыздық мөлшерлемелер, комиссиялар және басқа шығындар туралы толық ақпарат алады. Шартта түсініспеушіліктер мен дауларды болдырмау үшін барлық мәліметтер көрсетілген. Сондай-ақ, несиелік ұйымдардың қызметін бақылайтын және қарыз алушылардың құқықтарын қорғайтын заңдар мен реттеушілер бар. Мысалы, Ұлыбританияда банкпен дау туындаған жағдайда жүгінуге болатын қаржы омбудсмені бар. Бұл елдерде қарыздарын қайтара алмайтындарды қорғайтын жеке тұлғалардың банкроттық туралы заңдары да бар. Мысал ретінде АҚШ-ты келтіруге болады, онда банкроттық туралы заң қарыздың бір бөлігін немесе барлығын есептен шығаруға мүмкіндік береді, бұл адамдарға өмірін жаңа парақтан бастауға көмектеседі. Бұл әсіресе ауру, жұмысынан айырылу немесе отбасылық мәселелерге байланысты қиын қаржылық жағдайға тап болғандар үшін өте маңызды. Банкроттық туралы заң сонымен қатар несие берушілердің қысымынан қорғайды: өтініш бергеннен кейін несие берушілер төлемдерді талап ете алмайды. Бұл адамдарға қаржысын қайта құруға (реструктуризация) уақыт береді. Кейбір жағдайларда банкроттық қарыздарды қайта құрылымдауға мүмкіндік береді, бұл оларды қолайлы шарттармен төлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, Германияда пайыздық мөлшерлемені төмендету немесе өтеу мерзімін ұзарту туралы келіссөздер жүргізуге болады. Банкротқа ұшырау қарызға байланысты айтарлықтай әсер ететін стресс пен қысымды жеңілдетеді. Кейбір елдерде банкроттық бағдарламаларына қаржылық кеңес беру және білім беру кіреді, бұл болашақта қаржыны жақсы басқаруға көмектеседі. Осылайша, алдыңғы қатарлы елдердегі банкроттық туралы заңдар қарыз алушыларды қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіруге және қарыз тұзағын болдырмауға көмектесетін маңызды механизмдерді ұсынады.
Арнайы терминдер:
1. Несиелік скоринг-бұл банктер сіздің несиелік сенімділігіңіз үшін беретін ұпай. Балл неғұрлым жоғары болса, несие шарттары соғұрлым жақсы болады.
2. Қаржы омбудсмені-бұл адамдар мен қаржы ұйымдары арасындағы дауларды шешуге көмектесетін маман. Ол шағымдарды тексереді және әділ шешім ұсынады және оның қызметтері әдетте тегін.
3. Қарызды қайта құрылымдау (реструктуризация)-бұл пайыздық мөлшерлемені төмендету немесе өтеу мерзімін ұзарту сияқты төлемдерді жеңілдету үшін несие шарттарын өзгерту.
- Қазақстандық жастар несие алуға құмар ма? Осы салада әлеуметтік зерттеулер жүргізіле ме?
- Жеке өзім көлемді несие алуға қатысты әлеуметтік зерттеулерді оқымадым. Қазақстандық жастар несие алуға құмар ма деген сауалға келсек, құмардан бұрын мұқтаж деп айтуға болады. Оған жоғарыда атап өткен себептер негіз болып тұр.
- Әңгімеңізге рахмет.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через