Қазақстандағы кәсіпкерлік толығымен мемлекеттік жүйеге тәуелді. Сарапшы пікірі

Қазақстандағы кәсіпкерлік толығымен мемлекеттік жүйеге тәуелді. Сарапшы пікірі
фото: pixabay.com

Кәсіпкерлік дегеніміз не? Кәсіпкерліктің не екенін түсіну үшін оның дамуы үшін қандай әлеуметтік және экономикалық жағдайлар қажет екенін білу керек. Кәсіп иесі тасын өрге домалатып, табысты өмір сүруі үшін елде жеке меншік ұғымы мойындалуы тиіс.  Сондай-ақ шағын және орта бизнес дамып, осы құрылымдардың өкілдері жинаған қаражат қазынаға тұрақты түсуі үшін мемлекет бұл салаға қолдау көрсетуге міндетті. Бүгінгі таңда үкімет орта және шағын бизнеске қандай көрсетіп жатыр? Неге елімізде орта және шағын кәсіпкерлік айтарлықтай дамымай жатыр, бұған не кедергі? «Сапалы Қазақстан» порталының тілшісі бұл сұрақтардың жауабын білу үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті,  экономист, сарапшы Ғалымжан Есқараұлын сөзге тартқан еді. 

- Елімізде орта және шағын бизнесті, кәсіпкерлікті дамытудың ең қолайлы шарттары қандай?

- Кәсіпкерлік дегеніміз бұл белгілі бір тауар өндіретін және халыққа белгілі бір қызмет көрсететін жеке кәсіп. Бұл нарықтық экономиканың, атап айтқанда, шағын және орта нысандарының табысты дамуының кепілі. Кәсіпкерлік оның нысанына қарамастан, субъектінің (кәсіпкердің) белгілі бір қызметін білдіреді және бұл қызмет қандай да бір экономикалық тәуекелдермен байланысты. Кәсіпкердің негізгі міндеті – тауар өндіру немесе немесе басқа қызмет көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге оларға сұраныс бар ма, жоқ па, соны түсіну және ұсынысты қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіпкерлік әрқашан белгілі бір тәуекел болып табылады. Қызметтің бұл түрі барлық саланы қамтиды. Оның ішінде: өндірістік сала; ғылыми; ақпараттық; тұтынушы; қызмет көрсету және т.б. жіктеле береді

Кәсіпкерлікті дамытудың ең қолайлы шарттары қандай? Деген сұраққа келетін болсақ, кәсіпкерлік толығымен мемлекеттік жүйеге тәуелді ұғым екенін түсінген жөн. Сонымен қатар, еркін нарық мемлекет аумағында кәсіпкерлік қызметтің қалыпты дамуының ең табысты жүйесі, мұнда біріншіден, жеке меншік үстемдік етеді және Кеңестер Одағы кезіндегідей мемлекеттік гегемония жоқ. Өздеріңіз білесіздер, біздің елде кеңестік кезеңде жеке меншік пен жеке кәсіпкерлік қылмыстық жазаға тартылды. Соның салдарынан экономика құлдырады. Лайықты бәсекесіз, сондай-ақ оның негізі ретінде жеке меншікті мойындамайынша бизнестің дамуы мүмкін емес.

Кәсіпкерлік құрылымы бойынша шағын, орта және ірі болып үшке бөлінеді. Ал негізгі көрсеткіштері бойынша қаржысына, жұмыс орнының санына сондай-ақ бағытына қарай жіктеледі. Кез келген адам жеке ісін шағын кәсіпкерліктен бастайтындықтан, елімізде шағын кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі басым.

- Корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы кәсіпкерлердің ісіне қалай әсер етіп отыр?

- Осы екеуін төлеу барысында орта кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар қиналып қалады. Қосылған құн салығы 12%-ды құрайды. Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы Ресей, Беларусь секілді елдердің салық  мөлшері Қазақстаннан жоғары. Аты аталған мемлекеттерден біздің елге өнім әкелген кезде доллар бағамы бойынша айырмашылық болады. Соның салдарынан Қазақстандағы орта кәсіп иелерінің қалтасы қағылады.

Қосылған құн салығының мөлшері отандық және шетелдік тауар сататын кәсіпкерлер үшін 2 түрлі болуы керек. Сонда орта кәсіп иелері салық ауыртпашылығынан құтылады.

Қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға немесе 20%-ға дейін көтеріледі деген болжам бар, бұл бастама болашақта жүзеге асырылуы мүмкін.

Қосылған құн салығы 1992 жылы енгізілді. Әу баста оның мөлшері 28% болды. Кейін 20%-ға, одан соң 16%-ға төмендетіліп, ақырында 12%-ға тұрақтады. Қосылған құн салығының мөлшерін төмендетудегі басты мақсат – Қазақстанға шетел инвесторларын тарту.

Кейде корпоративтік табыс салығы бойынша кәсіпорынның жылдық жиынтық табысы мен шегерімдеріне байланысты заңға жыл сайын түзетулер енгізіледі. Көп өзгертулерден кейін компания қызметкерлері мәселенің мән-жайын түсініп үлгермей қалады. 

Оның үстіне салық мөлшерлемесі дамыған мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен, яғни 20 пайыз шамасында. Өркениетті елдерде бұл көрсеткіш 30-45 пайыз аралығында бекітілген.

- Қазақстанда салық төлеуден жалтаруға бола ма?

- Президент халқына Жолдауында орта кәсіпкерлік жақсы дамыған кезде ірі кәсіпкерлікке айналудың орнына, шағын субъектіге бөлшектеніп кететінін атап өтті. Оның бірден бір себебі, салық төлеуден қашу. Нақтырақ айтқанда олар ірі кәсіпкер болып 20 пайыздық табыс салығын төлегенше, шағын және орта кәсіпкер болып 3 пайыздық салық төлегенді құп көреді. Бұл салық төлеуден жалтару дегенді білдіреді.

 Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, корпоративтік табыс салығын төлейтін компанияға ынталандыру мақсатында әр түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен салықтық жеңілдіктер, мемлекеттен төмен пайызбен несие алу, гранттар мен әр түрлі жобаларға қатысу кезінде көбірек мүмкіндіктер беру жағы қарастырылған.

Сондықтан қазақ үкіметі орта кәсіпкерлікті ілгерілету үшін ұтымды жүйеге көшуі тиіс.

Қазақстанда орта кәсіпкерліктің үлесі 10%-ды құрайды. Ал дамыған мемлекеттерде 40%-ға дейін барады. Елімізде шағын кәсіпкерлік көп  ашылғанмен, жұмысы тоқтап тұрғандары аз емес. Бұған шикізаттың жетіспеушілігі бірден-бір себеп. Шикізатты шетелден алатындықтан, кәсіпорындар салық жеңілдігіне зәру.

- Бизнестің негізгі қозғаушы күші инфрақұрылым десек, біздің елде бұл салаға қажетті деңгейде көңіл бөлінген бе?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, кәсіпорындардың бөлшектеніп кете беретініне тағы бір себеп - инфрақұрылымға тиісінше мән бермеу. Дамыған елдер бірінші кезекте инфрақұрылымды есепке алады. Яғни алдымен шикізат көзін дайындайды, кейін оны өңдейтін кәсіпорын салады. Бізде керсінше, өндіріс орнын салып алады да, шикізат іздеп жүреді. Соның салдарынан кәсіпорын жұмысы уақытша тоқтайды немесе банкротқа ұшырайды. Ашығын айту керек, бізде өнім өндіруге емес, алып-сатуға басымдық беріледі.

Шетелдің дайын дүниесін өткізуге құмармыз. Неге Ресейдің, Түркияның экономикасы жақсы дамыған? Себебі оларда өндіріс орындары көп. Президент осы олқылықтың орнын толтыру үшін отандық өнімді қолдауға шақырып отыр.

Кеңестер одағы кезінде инфрақұрылым бір орталықтан басқарылды. Бір аймақ ақсаса, екінші аймақтан қолдау көрсетілді. Жалпы, кез келген кәсіпорынның жұмысы қарқынды жүруі үшін нақты әрі тұрақты тұтынушы болуы керек. Бұған қоса кәсіпорындар арасында тығыз байланыс орнатылуы тиіс. Бізде осы жағы ақсап жатыр. Мемлекет басшысы Жолдауда ғылым мен өндіріс орындары арасында тығыз  байланыс орнатудың маңызы зор екеніне тоқталды. Бізге уақыт оздырмай осы мәселеге көңіл бөліп, нақты шара қабылдау қажет.

- Әңгімеңізге рахмет.