фото: https://kazgazeta.kz
Қазақстанның конституциялық соты елімізде некелеспеген ер адамдарға бала асырап алуға тыйым салу туралы заңды дұрыс емес деп таныды. Мұндай қаулы осы ережені заңға қайшы деп айыптаған азаматтың өтінішінен кейін қабылданды. Өтініш берген қазақстандық – заңгер Ербол Аққожа. Ол ешкіммен некелеспеген жалғыз әйелдер бала асырап ала алады, ал ерлерге тыйым салынған деп, келіспейтінін өтінішпен білдірген.
Айта кетейік, Конституциялық соттың мәліметінше, "Неке және отбасы туралы" кодекстің 91-бабы 2-тармағының 11-тармақшасы заңға сай емес. Бұл норма некеде тұрмаған ер адамдарға бала асырап алуға тыйым салады. Оған сәйкес, ер адам тек баланың анасы қайтыс болғанда немесе ата-ана құқығынан айырылғаннан кейін кем дегенде үш жыл бала тәрбиелеген жағдайда ғана баланы асырай алады.
Енді аталған өтініштен кейін Конституциялық сот бойдақ ер адамдарға да бала асырап алу құқығын енгізетін қаулы жариялады. Қаулы талқыланбайды және парламенттің қарауына беріледі. Депутаттар 6 айда неке туралы заңға тиісті түзетулер енгізуі керек.
“Бала асырап алу туралы ойланып жүргеніме 4-5 жыл болды”
Ербол Конституциялық сотқа жүгіну қиын болған жоқ дейді. Өйткені өзі – адвокат. "Болашақ" бағдарламасымен “Конституциялық юстиция” мамандығын Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде оқыған. Қазір семейлік азамат бұл істен оң нәтиже күтеді.
"Сондықтан конституциялық бақылау, яғни конституциялық соттың елдегі қайшы заңдарды қадағалауымен аздап таныспын. Өтінішім жарты жылдай әлде бір жылдай қаралды, нақты есімде жоқ. Конституциялық сот қаулысы міндетті түрде орындалуға тиіс. Үкімет кодекске алты айда тиісті өзгерістер енгізуге міндетті. Заңдардың Конституциямыздың талаптарына сай өзгеруінен әрине оң нәтиже болуға тиіс. Жақсы нәтиже күтемін”, – дейді ол.
Ербол Аққожа бала асырап алу туралы ойланып жүргеніме 4-5 жыл, тіпті одан да көп уақыт болды дейді. Бір жыл бұрын Семей қаласының білім бөліміне барып, жетім баланы асырап алғысы келетін адам ретінде тіркелмек болған. Ол заңдағы өзгешелікті сол кезде білген. Содан сотқа Қазақстанның "Неке және отбасы туралы" кодексінің 91-бабы 2-тармағының 11-тармақшасы және Конституцияның 14-бабының сәйкестігін қарасын деп жүгінген.
“Ерлердің бәрі нашар, зорлықшы, қылмыскер дей алмаймыз ғой”
Заңгер мұндай өзгеріс қоғамға, басқа азаматтар мен балаларға зиян болады деп ойламайтынын жеткізді.
“Әрине, Қазақстанда күнде болып жатқан жағдайларды көріп отырмыз. Оның ішінде қылмыскерлер көбіне ер адам болып шығып жатады. Дегенмен бұл жағдай ерлердің бәрі нашар, зорлықшы, қылмыскер деуге келмейді ғой? Баласын өлтіріп қойып жатқан әйелдер де бар. Сондықтан заңға осы өзгерісті енгізу конституцияға қайшы деп есептемеймін. Автокөліктер бізге қаншалықты қауіпті көлік болса да, біз оған тыйым салып жатқан жоқпыз. Тек оның неғұрлым қауіпсіз жүруіне құқық жағынан түрлі шара қарастырып жатырмыз. Сондықтан жалғызбасты ерлер бала асырап алып, оны зорлайды, зәбір көрсетеді деп пайымдау – қате. Баланы асырап алу – өте күрделі әрі ұзақ процесс. Оған заң араласады, сот шешеді. Тіпті қалауыңа жете алмай қалуың мүмкін, сот бас тартуы мүмкін. Ал Конституциялық соттың бұл шешімі елімізде әйел мен ердің құқығын теңестіріп, құқықты қоғам қалыптастыруға көмектеседі деп ойлаймын", – дейді заңгер.
Ербол Аққожа бүгінде айтылып жатқан жағымсыз пікірлерге көзқарасы бірқалыпты екенін айтты. Тіпті Конституциялық сот оның өтінішін қарағанда ер адам болғаны үшін “потенциалды зорлаушы” деп пікір білдірген кездері болды дейді. Талқылау барысында да соттағылар екіге бөлінген.
"Өтініш беруге ешкімнің көмегі керек болған жоқ. Әрі жақындарым, таныстарым жалпы кедергі болған жоқ. Тек Конституциялық соттың нақты процесі болғанда қызу пікірталасқа ұласты. Орталық уәкілетті органдар екі топқа бөлінді, біреулер мені қолдап, екіншілер біздің халықтың көбі сияқты ксенофобия танытты. Кейбірі емес, адамдардың 98%-ы келіспей, боқтап жатыр. Бұған түсіністікпен қараймын. Бұл – саяси философиялық құқықтық сұрақ”, – деп пікір білдірді неке туралы заңға өзгеріс әкелген заңгер.
“Үйленгім келеді, өз балаларым да болса деймін”
Семейдің тұрғыны неліктен бала асырап алғысы келетінін айтты. Сонымен қатар бойдақ азамат үйленгісі келетінін де жасырмады.
"Бірінші бір бала асырап алғым келеді. Немесе туған бауырлас екі бала болса, тіпті жақсы болар еді. Ол енді материалдық жағдайға байланысты. Ер азаматтарға басқа қандай кедергі бар екенін әлі білмеймін. Өйткені заңда ақау болғандықтан практика жүзінде оны ешбір ер адам жүзеге асырып көрген жоқ. Қалай болатынын енді көреміз. Балалар үйінде тұрып жатқан, өз ата-анасына керек болмаған балалар жеке үйде, жанұяда өсіп өмір сүрсе, бақытты бола алады деп ойлаймын. Мен өзім әрине, үйленгім келеді. Менің де туған балаларым болса екен деймін. Бірақ үйленгеннің өзінде де болашақ жарыма баланы асырап, бір кішкентай адамның бақытты болуына көмектесейік деп айтамын. Өйткені балалар үйінде жатқан әр баланың “ата анам мені үйге алып кетсе екен” деген үлкен арманы, тілегі бар", – дейді Ербол Аққожа.
Айта кетейік, балалар омбудсмені Қазақстанда бойдақ ер адамдарға бала асырап алуға рұқсат беретін заң шешіміне қарсы шықты. Закиева жаңа нормамен келіспейтінін айтып, тіркелген некеде тұрмаған ер адамдарға балаларды беруге тыйым салуды сақтауды талап етті.
"Осы мәселені талқылау кезінде мен және балалардың құқықтарын қорғау комитеті қолданыстағы заңнамада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өз ұстанымымды жолдадым. Тіркелген некеде тұрмаған ер адамдарға балаларды беру мүмкіндігіне тыйым салу қажет", – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
https://stan.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через