фото: pixabay.com
Қант қаншалықты тәтті болғанымен, зияны да көп. Әсіресе нарықтағы еркіндік, пайда табуға ұмтылу әрі бәсекелестік орта тұтынушыны қызықтыру үшін талай экспериментке барып жатыр, деп жазды 24.kz.
Құрамында қанты көп өнімнің бірі – энергетикалық сусындар. Қазір оны жас та, жасамыс та талғамай ішеді. Оның ішінде бұғанасы қатпаған бала көп. Көптен бері елдің көңілін күпті қылып келген осы мәселенің бір шешімін депутаттар мақұлдап отыр. Заң күшіне енсе, бұл сусындар 21 жасқа дейінгі азаматтарға сатылмайды.
Энергетикалық сусынның нарықта пайда болғанына көп өтпесе де, тұтынушылардың сүйікті өніміне айналып үлгерді. Қышқылтым дәмі, оның үстіне күш-қуат береді деп ішетіндер көп. Қайда барсаң да, салқын сусын алдыңнан «менмұндалап» тұрады. Басында қызығып ішкен жұрт ақыр аяғы осы сусынды аңсап тұратын болды.
Айгүл Қажкенова, нутрициолог: - 5-6, 10 бөтелкеден ішетін адамдар бар. Әсіресе жастар арасында. Ол ағзаға өте қауіпті. Қант диабетіне, тағы да басқа нашар ауруларға алып келеді. Бірақ та ондай жағдайлар бізде дәлелденбеген. Жас кезінде көрінбейді ол, қалай әсер ететіні көрінбейді. Жинақталып, біраз уақыттан кейін денсаулыққа тарс етіп, реакциясын береді.
«Бұл сусынның қуат бере отырып, сол арада тәуелділік тудыруы оның құрамында қант пен кофеин мөлшерінің шектен тыс көп болуында», – дейді мамандар
Айгүл Қажкенова, нутрициолог: - Ең қауіпті заттар энергетик құрамындағы – кофеин және қант. Бір энергетик 100 мл банкада 27 ас қасық қант бар.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 15 жылда елдегі қант диабетімен ауратындар саны 3 есе артқан.
Энергетикалық сусынды тек дені сау ересек адам ғана іше алады. Ал оны жас талғамай сату артық дозалануға алып келуі мүмкін. Себебі оның сыртындағы 18 жасқа толмаған балаларға ішуге болмайды деп ұсақ әріптермен жазылған ескертуді көбі көрмей қалуы мүмкін.
Тұрсын Жағыпарова, тұтынушылар құқығын қорғау орталығының сарапшысы: - Бұл сусынды ішетін мәдениет, ақпарат болуы керек. Әр мектепте, автобуста, баннерлерде бұл сусынның зиянын айтып отыру керек. Бүгінгі күні біздің елді алатын болсақ, осы сусын бүкіл ең бір жаман, мыжырайған киоскіде сатылады, бұл дұрыс емес. Мысалы, Дания, Норвегия, Франция елдерінде тек қана аптекада сатылады. Мынау 21 жастан бастап сату деген – ең бірінші қадам, солай болу керек.
«Денсаулыққа аса зиян бұл тауарды шектеудің алғашқы қадамы жасалса да, оның жасанды нұсқаларын сату деректері барын ескеру керек», – дейді мамандар, себебі фальсификатты сусындар адам ағзасына екі есе зиян.
Тұрсын Жағыпарова, тұтынушылар құқығын қорғау орталығының сарапшысы: - Жасанды сусынды айтайық, жасалып жатқан су қалай болса солай құйылады. Екінші – жасанды қант, үшінші – жасанды кофеин, жасанды қайдан шыққан бояулар. Бұл деген – жай ғана у. Бұның тіпті бір банкасын да ішуге болмайды. Әр тұтынушы сатып аларда сертификат талап етуі керек. Болмаған жағдайда мемлекеттік органға хабарлауы керек. Әр дүкенде, кішкентай киоск болсын, қысқа цифрлы call-орталық болуы керек.
Адам миы 25 жасқа дейін дамиды. «Ал энергетикалық сусын – шектен тыс тұтынған жағдайда ми мен жүрекке кері әсер ететін өнім», – дейді мамандар. Бірақ бұл өнім дүкен сөрелерінен әзір түспейтін сыңайлы. Тек Мәжіліс қабылдаған 21 жасқа дейінгі азаматтарға сатпау нормасы күшіне енсе, заңды бұзған орта кәсіп иелеріне 300, ірі кәсіпкерлерге 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынбақ.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через