фото: https://www.istockphoto.com/
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң күшіне енді
Заң аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы құрылым жасақталып жатыр
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң күшіне енді. Қоғамның қызу талқысына түскен құжат жақынына жұдырық ала жүгіретіндердің жазасын қатаңдатуға бағытталған.
Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 34 мың өтінім түскен. Полицейлердің сөзінше, бұл сан азайып келеді. Мәселен былтыр 5 айдың ішінде отбасындағы жанжалға байланысты 43 мың адам тәртіп сақшыларына хабарласқан. Кеше күшіне енген заң жанұясында жанжал шығарып, жұбайына жұдырық ала жүгіретіндерге тұсау қоюға бағытталған. Денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін Әкімшілік кодекстегі 2 бап алынып тасталып, Қылмыстық кодекске енгізілді. Яғни, оның жазасы күшейтілетін болады.
Қатаңдатылған заң бойынша енді кісіні суицидке итермелеген адам 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал балаларға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендер және өлтіргендер өмір бойына темір торға қамалады. Сонымен қатар балаларды ұрып-соққан жағдайда, тараптардың татуласуы да алынып тасталды. Бұрын осындай істердің 30 пайызы жәбірленушінің кешірімімен жабылып келген. Мектепте бұзақылықты көрген мұғалім болған жағдайды құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Сенатор Амангелді Толамисов заң тек жазалауды көздемейді, құжатта отбасын сақтап қалуға да басымдық берілгенін атап өтті.
Сондай-ақ заң аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы құрылым жасақталып жатыр. Ол Ішкі істер министрлігіне қарасты болады. Айтпақшы енді өмірлік қиын жағдайға тап болған адам «111» нөміріне хабарласа алады. Бұл шұғыл нөмір қатарына енгізілген. Яғни, мобильді байланыс жоқ жерде де қоңырау шалып, көмек алуына мүмкіндік бар.
Әйел адам құқығы, бала қауіпсіздігі мен отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі биыл ғана емес, әлемде 2017 жылдан бері көтеріліп келеді. Заңды Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Конго, Морокко және Моңғолия елдері қабылдады. Ал Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғаннан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды қатаңдату мәселесі Жолдау сайын айтылып келген. Барша адамның құқығын қорғайтын құжат қабылданды.
https://almaty.tv/kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через