Қазақстандықтардың қарыз жүктемесі қызыл сызықтан асып кетті ме?

Қазақстандықтардың қарыз жүктемесі қызыл сызықтан асып кетті ме?
фото: https://pixabay.com/ru/

2024 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша халыққа берілген несиенің жалпы көлемі 17,2 трлн теңгені құраған. Ал 90 күннен асып төленбеген (NPL90+) берешек сомасы 906 млрд теңгеге жеткен. Осының ішінде тұтынушылық несие көлемі 9,5 трлн теңге маңайында. Бұл соңғы жылдардағы рекордты көрсеткіш. Ел тарихында тұтынушылық несие тұзағына осыншама деңгейде ілініп көрмеген едік. Соңғы бірер жыл бедерінде несие жүктемесінің ауыртпалығы туралы жиі айтыла бастады. Парламент бұл тұрғыда арнайы заң қабылдауға да ниетті.

Тұтынушылық несие көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 28,9 %-ға көбейген. 3,9 млн адам ұсақ қарыз алушылар болып есептеледі. Олардың жалпы қарызы 906,7 млрд теңге көлемінде. Орташа қарыз мөлшері – 232 мың теңге шамасында.

«Елімізде несие ауыртпалығына қатысты проблема жоқ»

Halyk Finance аналитикалық орталығының бас сарапшысы Мадина Қабжалелованың айтуынша, елімізде несие ауыртпалығына қатысты проблема жоқ.

«Жалпы ішкі өнімдегі тұтынушылық несиенің үлесі 13 %-ға жуықтайды. Ал бұл көрсеткіш кей елдерде тіпті 100 %-ға жетеді. Тұтынушылық несиенің құрылымына келер болсақ, жалпы портфель көлемі 9 трлн теңгені құрайды. Ондағы аса ірі несиелер негізінен жалпы қарыз алушылардың 10 %-на ғана тиесілі. Қалған 90 %-ның қарызы аса көп емес. Шамамен 700 мың теңгеден басталады. Мемлекет несие беру бойынша шекті мөлшерлемені енгізгісі келеді. Алайда бұл ай сайынғы төлемін уақытылы төлеп тұратын адал ниетті қарыз алушылар үшін тиімсіз», – дейді сарапшы.

Айтуынша, мұндай шектеу экономикаға да жағымсыз әсер етуі мүмкін.

«Жақында жалақы бойынша зерттеу жүргіздік және әлемдік стандарт тұрғысынан оның көлемі тым төмен екенін (дамыған елдермен ғана емес, өзімізбен тұрғылас елдермен салыстырғанда да) анықтадық. Бұл ретте тұтынушылық кредиттер үй шаруашылығы үшін қосымша қаржыландыру көзі болып есептелуі мүмкін. Қазіргі уақытта тұтынудың тең жартысын азық-түлік құрап отыр. Ал біз қарыз беруді шектеп тастау арқылы тұтынудың өсімін де шектеуіміз ықтимал»,– сарапшы.

Сарапшының сөзінше, корпоративті несиелеу бағытының салмағы 2020 жылғы пандемиядан кейін күрт азайып кетті.

«Пандемиядан соң корпоративті несиелеу үрдісінің кері кеткенін байқаймыз. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша тұтынушылық несие көрсеткіші 30 %-ға өссе, корпоративті несие көрсеткіші инфляция көрсеткішін де жаба алмай, 5 %-дық өсіммен шектелді. Бұл мемлекетті де, Ұлттық банкті де алаңдатады. Олар бизнеске несие беруді ынталандыру бойынша әрекеттер жасағысы келеді. Соған қарамастан тұтынушылық несие түрі қара үзіп, алға шығып тұр. Қазіргі уақытта корпоративті несиелеу бүкіл портфелдің 40 %-ға жуығын еншілейді. Ал 2020 жылға дейін оның көрсеткіші әлдеқайда жоғары болған, кейде тіпті бөлшек несиелеуден озып кетіп те отырған еді»,- дейді.

Банк қарызына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар

Банк ісі бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев елімізде банк қарызы бойынша түйткіл бар деп есептейді.

«Бәрі табысқа келіп тіреледі. Қазақстандықтардың табыс деңгейі өз міндеттемелеріне қызмет көрсетіп үлгере алмайды. Қарызың кепілмен бе, кепілсіз бе, оның еш мәні жоқ – егер сен уақытылы төлем жасай алмасаң, онда автоматты түрде проблемалық қарыз алушыға айналасың. Бұл проблеманың бар екенін айғақтайды. Бізде қазір жеке тұлға банкроттығы туралы заң жұмыс істейді. Егер бізде несие жүктемесіне қатысты проблема болмаса, онда мұндай заңды қабылдамаған да болар едік. Депутаттық корпус «бізде 1,5 млн проблемалық қарыз алушы бар және олар банкроттыққа бірден-бір үміткер заемшылар» деп бірнеше рет мәлімдеме жасады. Біздің, шын мәніндегі, картинамыз осындай. Қаржыгерлер қауымдастығы, түрлі аналитикалық агенттіктер ай сайын, тоқсан сайын, жыл сайын бізде NPL90+ айтарлықтай жоғары емес, провизия деңгейі 10 пайызға жетпейді деп мәлімдеме жасап жатады. Неліктен 10% деп алып отырмыз. Өйткені банк теориясында, жалпы практикада 10 %-дан жоғары қалыптасқан провизия – дабыл сигналы болып есептеледі. Сол себепті, бізде шоғырландырылған қарыз портфелі 10 %-дан аспайды. Демек жағдайда алаңдайтындай емес деген байлам жасалады. Бірақ күн сайын проблемалық қарыз алушылармен жұмыс жасап жүрген адам ретінде айтарым – олардың саны азайып жатқан жоқ», – деп мәлімдеді тәуелсіз сарапшы.

Оның айтуынша, қарыз жүктемесін төмендету мақсатында қолға алынған жеке тұлға банкроттығы бойынша алдағы 2-3 жылда біз толыққанды картинаны көре алмаймыз.

«Заң – жаңа заң. Ол енді ғана әрекет ете бастады. Былтыр басталды және жұмыс істегеніне санаулы ай өтті. 2025 жылы жалпыұлттық декларациялау болды, соның фонында ашықтық жағдайында алғашқы нәтижелерін көре бастаймыз деп ойлаймын. Нақты қорытындысы 2026-2027 жылдары көрініс табады деген пікірдемін. Сондықтан дәл қазір жеке тұлға банкроттығы туралы заңның тиімділігі туралы пікір айтуға әлі ерте. Дәл қазіргі сәтте бізге керегі – ең алдымен қазір Мәжіліс қарауында жатқан заң жобасын мұқият қарап, қабылдау қажет деп ойлаймын»,– дейді Нұржан Бияқаев.

Әлеуметтік осал топ өкілдері үшін қаржы сауаттылығын меңгертуге бағытталған Isker isi әлеуметтік жобасының жетекшісі Бибінұр Шерәлиева кеңес сұрап келушілердің басым бөлігі – микроқаржы ұйымдарынан қарыз алушылар екенін айтады.

«Олардың алатын сомасы аз, тиісінше айлығы да аз, тіпті көбі ресми табыс та таппайды. Алдыңғы қарызын жабу үшін барып тағы да қарыз алады. Оларға қаржы ұйымы мақұлдау да бере береді. Сөйтіп бір адамның басында бірнеше қарыз пайда болған. Яғни бір уақытта бірнеше ұйымнан қарыз алғандар бар. Бұл жерде ешқандай алаяқтық фактісі жоқ. Адамдар өздері ақша қажет болған соң барып алған. Бірақ олар қарыз алар кезде өздерінің табыс мөлшерін ескермеген. Төлей аламын ба, жоқ па деген сұраққа бас қатырмаған. Қазір микроқаржы ұйымынан қарыз алу оңай болып кетті. Үйінде отырып, онлайн форматта ала береді. Тиісінше, адамдар оның түпкі салдарын ойламайды»,– дейді әлеуметтік жоба жетекшісі.

Сарапшының айтуынша, бізде тұтынушылық займға қатысты екінші деңгейлі банктерден қарыз алып беру бойынша делдалдық қызметтер де кеңінен тараған.

«Міне, бұл жерде алаяқтық көрінісі бар. Бұған ерекше назар аудару қажет»,– дейді Бибінұр Шерәлиева.

Тұтынушылық несие «тәуекелі»

Экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, қазір тұтынушылық несиелеу қарқыны тым қатты өсіп жатыр. Оған тосқауыл қою біршама қиынға соғады.

«Халықтың несие жүктемесі әлеуметтік жарылыс қаупін тудырып тұр. Оған тұтынушылық несие үлкен үлес қосқан. 2022 жылдың 1 маусымында жеке тұлғалардың займы 10,9 трлн теңге болып, оның 6,5 трлн теңгесі – тұтынушылық кредит болса, қазір жеке тұлғалардың жалпы қарызы 18 трлн теңгеге жетті, ал тұтынушылық несие үлесі 10,7 трлн теңгені құрады. Бұл ретте қарыз алушылар саны – 7,9 млн адам. Қарыздың басым бөлігі (9,2 трлн теңге) банк секторына тиесілі, қалғандары – микроқаржы ұйымдары мен онлайн несие берумен айналысатын компаниялар еншісінде. Бұл ретте 7,3 млн адам – банк қарызын алғандар. Қазір ірі сауда орталықтарында тауар немесе кредит алуды ұсынатын банк өкілдерінің отыратынын ескерсек, жоғарыдағы деректерге тіпті таңғалуға да болмас»,– дейді экономист.

Оның айтуынша, дәл қазіргі сәтте кепілсіз кредит мөлшері 1 млн теңгеге дейін артты. Адамдар тіпті тамақ өнімдерін де кредитке сатып ала бастады. Азаматтардың табысы кредиттің қарқынындай қарқынмен өсіп жатқан жоқ.

«90 күннен асып төленбеген берешек көлемі бір жарым триллион теңгеден асып кеткен, ол 500 мыңнан астам адамға тиесілі. Мұндай көрсеткіштің салдары болмай қоймайды. Мұндай кезеңде өте шұғыл шаралар қабылдануы тиіс. Бұл мәселе парламентте де жиі көтеріле бастады. Депутаттар кредит беру шарттарын қатаңдатып, онлайн несиелеу пайызын төмендетуді (шын мәнінде 250 пайызға дейін кетіп қалған – автор) ұсынып жатыр. Онлайн несие мөлшерлемесін 56 % қылып шектеу тек банктердің онлайн несиесіне қатысты. Кредитті рәсімдеудің тым қарапайымдығы нәтижесінде 1 миллионнан астам қарыз алушы 200 млрд теңгеге жуық займ алып үлгерген. Бұл ретте 297 мың адамда 37 млрд теңге көлемінде проблемалық онлайн несие бар. Бұл орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылық несиенің шектен тыс өсімін төмендету үшін тұтынушылық несиенің максималды сомасына шектеу қою арқылы шаралар қабылдамақшы. Ірі сомадағы тұтынушылық несиесін беру үшін тәуекелдерді таразылаудың күшейтілген коэффициенті қолданылатын болады», – дейді сарапшы.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, заңның қабылдануы несие нарығында мынадай негізгі талаптарды күшіне енгізеді:

Проблемалық қарыздары бар азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін банктер мен МҚҰ-ларға төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен кредиті бар азаматтарға кредит беруге тыйым салынады;

Банктер мен МҚҰ үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімі 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салынады;

Банктер мен МҚҰ азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмыс жүргізуі үшін қарыздарды коллекторларға беруге екі жылдық мораторий (2026 жылғы 1 мамырға дейін) енгізу ұсынылады;

Банктер мен МҚҰ-ның халыққа уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ең жоғары мөлшердене артық сомаға (банктер үшін – 5 млн теңгеге дейін, МҚҰ үшін – 3 млн теңгеге дейін) тұтынушылық кредиттер беруіне тыйым салынады;

Азаматтардың банкроттық рәсіміне қол жеткізуін жеңілдету үшін заң жобасында борышкердің мерзімі өткен берешекті реттеуді, сондай-ақ реттеу және өндіріп алу рәсімін өткізу мерзімін 18 айдан 12 айға дейін қысқартуды растайтын құжатты беруі жөніндегі талап алып тасталады. 

ҚазАқпарат