фото: pixabay.com
Ирандағы соғыс салдарынан мұнай бағасы шамамен 20%-ға өсіп, 2022 жылғы деңгейге жетті. Мұнай нарығындағы негізгі факторлардың бірі Ормуз бұғазының ұзақ уақытқа жабылу мүмкіндігіне байланысты алаңдаушылық болып отыр, де жазады DW.
kaz.inform.kz жазғанындай, АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғыс пен Ормуз бұғазының жабылуы аясында мұнай бағасы 2022 жылдан бері алғаш рет 100 доллардан асты. Дүйсенбі, 9 наурыз күні сауда басталған сәтте Еуропада эталон саналатын Brent маркалы мұнай фьючерстері бір мезетте шамамен 20%-ға қымбаттап, барреліне (159 литр) 111,04 долларға дейін көтерілді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнай фьючерстері 16,8%-ға өсіп, 106,17 долларға жетті. Бұған дейін сауда барысында баға 111,24 долларға дейін көтерілген.
Жұма, 6 наурыз күні мамыр айында жеткізілетін Brent маркалы мұнай бағасы 2024 жылдың сәуірінен бері алғаш рет 90 доллардан асты. Ал Иранға қарсы әскери операция басталғанға дейін, яғни 28 ақпанға дейін, мұнай шамамен 70 доллар деңгейінде саудаланып келген.
Ормуз бұғазы ұзақ уақытқа жабылуы мүмкін бе
Мұнай нарығындағы басты қауіптердің бірі —Ормуз бұғазының ұзақ уақытқа жабылып қалу қаупі. Бейбіт кезеңде бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнай көлемінің шамамен 20%-ы тасымалданады. Сондай-ақ ол сұйытылған табиғи газды, әсіресе Қатардан жеткізу үшін де стратегиялық маңызға ие.
Әлемдік мұнай нарығындағы шиеленіс күшейген тұста Скот Бессент 6 наурыз күні АҚШ үкіметі танкерлерге тиеліп қойған ресейлік мұнайға қатысты санкцияларды жеңілдету мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Сол күні АҚШ Үндістандағы мұнай өңдеу зауыттарына танкерлерге тиеліп қойған ресейлік мұнайды сатып алуға салынған шектеуден 30 күнге босату туралы шешім қабылдады. Бұл шара мұнайдың әлемдік нарыққа жеткізілуін жалғастыру мақсатында жасалған.
Иранның мұнай инфрақұрылымына әуедан соққы жасалды
7 наурыз күні Израиль алғаш рет Иранның мұнай инфрақұрылымына әуеден соққы жасады. Шабуыл Тегеран қаласы мен оның маңындағы бес энергетикалық нысанға бағытталған.
Бұған жауап ретінде Ислам революциясы сақшылар корпусы Парсы шығанағы елдеріндегі мұнай нысандарына соққы беруі мүмкін екенін ескертті.
- Егер барреліне 200 доллардан асатын мұнай бағасына төзе алсаңыздар, онда осы ойынды жалғастыра беріңіздер, — деп келтірді ұйым өкілінің сөзін The Guardian газеті.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через