фото: pexels.com
Соңғы екі жылда біздің қазақстандықтардың қарызы айтарлықтай өскен. Екінші деңгейдегі банктердегі кредиттер бойынша жалпы қарыз 2024 жылғы қаңтарда 18,2 трлн теңгеге жетті. 2023 жылғы 1 қаңтарда бұл сома 14,1 трлн теңге, ал 2022 жылғы 1 қаңтарда – 10,7 трлн теңге болған еді, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Статистика бойынша Қазақстанда жұмыс істеуге қабілетті 9.6 млн азамат тұрады. Олардың несиенің жалпы сомасы 18,2 трлн теңге екенін ескерсек, әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа орташа есеппен кредит бойынша 1,9 млн теңге қарыз келеді деп болжауға болады.
Еліміз бойынша ең көп несие алатындар алматылықтар. Мегаполис тұрғындары банкпен 5 трлн теңге рәсімдеген, екінші орында астаналықтар — 2,9 трлн, үшінші орында шымкенттіктер — 1,3 трлн.
Халықтың қарызға белшеден батпауы үшін үкімет тұтынушылық кредиттің пайыздық мөлшерлемесін азайтпақ. Парламент Сенат тиісті құжатты мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді.
Qazaqstan.tv жазғанындай, заң жобасы қабылданса, екінші деңгейлі банктер жылдық пайыздық мөлшерлемені 42 пайыздан асырмайды. Шекті меже бұған дейін 56 пайыз болған.
Ал микро қаржы ұйымдары үшін несие пайызы 56-дан 50 пайызға дейін қысқарады.
Пайыздық мөлшерлемені дәл осылай төмендетуді мәжіліс депутаттары ұсынған болатын. Оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де қолдады. Олар бұл қазақтандықтардың шамадан тыс қарыздану деңгейін төмендетеді деп болжайды.
Халықтың көп кредит алуының басты себептерінің бірі - қаржылық сауаттылық дағдыларының болмауы. Анығын айтсақ, бізге ақша жинауды үйреткен жоқ, ал ата-аналарымыз бен ата-әжелеріміздің жинақтары 1990 жылдардың басында күйіп кеткенін естідік, көрдік.
Сондықтан үкімет халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алды.
Биылғы ақпан айында облыстар мен республикалық маңызы бар 3 қала бойынша 150 қаржы сарапшысын оқыту басталды.
Бұл мамандар жыл бойы 200 мың қазақстандыққа қаржылық сауат курстарын өткізеді. Әсіресе, онда несие мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға басымдық берілмек.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через