2027 дейін еліміздің 20 қаласына 5G интернет желісі тартылады. Цифрлық даму министрі бүгін мәжілісмендердің алдында оптимизмге толы осындай "қолжетімді интернет" ұлттық жобасын таныстырды. Бағдарлама әзірге қағаз жүзінде ғана. Бюджеттен қанша қаражат бөлінетіні де нақтыланып жатыр.
Бағдат Мусиннің бастамасы депутаттардың көңілінен шыққан жоқ. Мәжілісмендер ғаламтор жылдамдығын реттей алмай отырған министрге шүйлікті. Ғаламтордың жылдамдығы депутаттардың да әбден қитығына тиіп, бітсе керек, цифрлық даму министріне бірінен-соң бірі сұрақ жаудырды.
Министр "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасын айдың басында Үкіметте таныстырған. Бұл осыған дейінгі Цифрлық Қазақстан бағдарламасына ұқсас. Тек басты ерекшелігі - 2027 жылға дейін еліміздің 20 қаласын 5G желісімен қамту.
«Ұлттық жоба аясында елді мекендерді, автожолдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету және олардың сапасын жақсарту жөніндегі ісшаралар көзделген. Жобаның мақсаты — интернетке 100 Мбит/с қосылатын телекоммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Бағдат Мусин бағдарламаның артықшылығын түсіндіруге тырысып баққанымен, мәжілісмендер жобаның жемісті боларына сенбей отыр. «Жылда айтылатын бір мәселе, сапасыз интренет, құрғақ уәде, Өзгерген ештеңе жоқ», - дейді Мәди Ахметов. Ең жас депутат ең жас министрдің оптимизмге толы бастамасын сынап тастады.
Әрине, біз әлемнен қалмауымыз керек. Орталық Азияда бірінші болуымыз керек. Бірақ, статистика, рейтингі куып жүре бермей, ауылдағы, аудандағы елдімекендердің жағдайын жасап алып, бірақ жүргеніміз дұрыс шығар деп ойлаймын. Мәди Ахметов, Мәжіліс депутаты.
Министрдің сөзінше, пандемиядан кейінгі жылдарда ғаламторды қолданушылар саны күрт көбейген. Оған қоса, тұрғындардың ғаламторға кіріп отыратын уақыты да бұрынғыдан артқан. Бірақ жылдамдыққа септігін тигізетін базалық станциялардан азаматтарымыздың көбі бас тартып жатыр, дейді министр. Қалай болғанда да, Мусин бұл жолы интернеттің сапасы төмен екенін мойындады, деп жазды ktk.kz.
Интернет сапасы төмен деген шағымдар көп. Оны біз мойындаймыз! Бірақ кейбір факторға тоқталғым келіп отыр. Қазір цифрлық экономиканың, ойын-сауық контентті пайдалану қарқыны едәуір өсіп келеді. Өз кезегінде бүкіл әлемде ұялы байланыстың дамуына бұрыннан кедергі болған радиофобия проблемасын атап өту қажет. Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Бастауыш сынып оқушыларын планшетпен қамтитын болсақ, мектептердегі ғаламтор мәселесі және бар.
Еліміздегі 7000-ға тарта білім ошағының төрт мыңнан астамында интернеттің жылдамдығы әлсіз.
Осыған дейінгі ауқымды жобалардың бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына бюджеттен 41 миллиард теңге бөлінген. Сол кезде министрлік 2018-2022 жылдар аралығында елді 100 пайыз интернетпен қамтуға уәде берген. Ал ведомствоның ұлттық деп айдар таққан «Қолжетімді интернет» жобасына қазынадан шамамен 500 млрд теңге сұралуы мүмкін.
Фото: forum.huawei.com, sway.office.com
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через