фото: Сенаттың ресми сайты
Президенттің айтуынша Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай Нарынқол ауылында ескерткіш ашылды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев іс-шараға арнайы барып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Мемлекет басшысы хатында қазақ балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгердің "Балалық шаққа саяхат", "Менің атым Қожа", "Өлгендер қайтып келмейді", "Жекпе-жек" сынды теңдессіз туындылар жазып, ешқашан ескірмейтін ғажайып мұра қалдырғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша жазушы адам психологиясын, қазақтың жан дүниесін асқан шеберлікпен аша білген, суреткердің шығармаларындағы шынайы бейнелер нағыз халықтық кейіпкерлерге айналды.
"Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда, жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне ескерткіш орнату – өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді", – деп жазылған Тоқаевтың хатында.
Ал Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жазушының туындылары қазақстандықтармен бірге бүкіл әлем оқырмандарының ыстық ықыласына бөленгенін баса айтты. "Менің атым Қожа" повесінің 68 тілге аударылуы соның жарқын көрінісі. Ал шығарма желісімен түсірілген кинокартина 1967 жылы Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық кинофестивалінде дипломант атанды.
https://sputnik.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через