Алматыда «Сиқырлы гүлдер» фотокөрмесі ашылады

Алматыда «Сиқырлы гүлдер» фотокөрмесі ашылады
фото: Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі

«Барлық адамдар гүлдерді жақсы көреді. Мұның сыры неде? Менің ойымша, бұл – бізді қайта-қайта табиғаттың нәзік бейнесіне тамсандыратын ғажайып сұлулықтың күші. Мен өз туындыларым арқылы гүл әлемінің эстетикалық әсемдігін паш етіп, адамдарды нәзік сұлулығына сүйсіндіріп, осы сиқырлы тартылыс күшінің сырын сәл болса да ашқым келеді.»     Репнякова Ольга Сергеевна

 

2026 жылдың 6 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында фотограф Репнякова Ольга Сергеевнаның «Сиқырлы гүлдер» атты жеке фотокөрмесінің салтанатты ашылады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.  

Көрмеде 2016–2025 жылдар аралығында жасалған фотосуреттер ұсынылған.

Көрмеде сұлулықтың, үйлесімнің және өмірлік қуаттың символы саналатын гүлдер әлеміне арналған шамамен 60 авторлық фотожұмыс ұсынылады. Автор өз туындыларында түстің, пішіннің және жарықтың ғажайып үйлесімін аша отырып, нәзік эмоциялық күйді әрі табиғаттың тірі тынысын айқын сезіндіреді. Ольга Репнякованың фотожұмыстарындағы гүлдер – жай ғана бейне нысаны емес, олар шабыттың, қуаныштың және ішкі рухани сауығудың қайнар көзіне айналып, мәңгілік құндылықтарды – сүйіспеншілікті, мейірімділікті және бейбітшілікті дәріптейді.

Ольга Сергеевна Репнякова 1962 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы технологиялық тұрмыстық қызмет көрсету және жеңіл өнеркәсіп техникумын «Фотографиялық өндірістің техник-технологы, фотограф» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдаған. Балалық шағынан бастап фотография өнеріне шынайы қызығушылық танытып, бұл сала кейіннен оның өмірлік кәсібіне айналды.

Ұзақ жылдар бойы Ольга Сергеевна кәсіби фотограф ретінде еңбек етті. Павлодар қаласында Павлодар трактор зауытында өндірістік эстетика бөлімінің фотографы болып қызмет атқарса, кейін Алматы қаласында шағын зертханаларда түсті басып шығару операторы, фотограф және бақылаушы шебер болып жұмыс істеді. Оның шығармашылық еңбегі әрдайым адамдарға қуаныш пен пайда әкелетін фотосуреттер жасауға бағытталды. Кейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты. Қазіргі уақытта зейнеткер, отбасылы, балалары мен немерелері бар, олар оның шығармашылық жолына әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

Автор Қазақстанда және шетелде өткен көптеген көрмелер мен халықаралық фотожобалардың қатысушысы әрі лауреаты. Оның жұмыстары Алматы, Павлодар, Екатеринбург және Хайфа қалаларында өткен көрмелерде көпшілік назарына ұсынылған. Ол «Алматының Алтын объективі» жыл сайынғы фотобайқауына бірнеше рет қатысып, номинант атанған. 2018 жылы Д. П. Багаев атындағы «Фотоөнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» құрмет медалімен, ал 2019 жылы Salon Ribbon құрмет лентасымен марапатталған.

Өз шығармашылығы жайлы автор былай дейді: «Фотографияның құпиясы қарапайым – өмірді оның барлық қырларымен сүю, ұлтқа да, әлеуметтік мәртебеге де қарамай адамдарды құрметтеу. Әр адам үшін ең басты құндылықтар – сүйіспеншілік, мейірімділік және бейбітшілік».

«Сиқырлы гүлдер» фотокөрмесі көрермендерді сұлулық пен шабыт әлеміне еніп, гүлдердің тартымдылық құпиясын ашуға, сондай-ақ олардың эмоциялық әрі рухани қуатын сезінуге шақырады.

 Көрме 2026 жылдың 28 ақпанына дейін жалғасады

Жұмыс уақыты: 10:00–19:00
Демалыс күні: дүйсенбі

Көрме кураторы: Тимур Шарипов