2026 жылдың 17 қараша күні сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде ҚР Суретшілер одағының «ЕСТЕЛІК. УАҚЫТ. БОЛАШАҚ» атты Республикалық есептік көрмесі ашылады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер салаларын қамтитын көркем шығармашылықтың барлық түрі мен жанры бойынша 260 туынды экспозицияға қойылып, мониторлар арқылы көрсетіледі. Көрмеге Қазақстанның барлық өңірлерінің суретшілері қатысады.
«Өнер – адам әлеуетін дамытатын фактор»
Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының XX съезі қарсаңында Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде одақ мүшелерінің жыл сайынғы Республикалық есептік көрмесі өтеді. Биылғы көрме «Естелік. Уақыт. Болашақ» тақырыбына арналып, өткеннің тарихи-мәдени мұрасын, қазіргі заманның көркемдік ізденістерін және болашаққа бағытталған шығармашылық толғаныстарды бір арнаға тоғыстырады.
Көрмеге ұсынылған туындыларды Суретшілер одағының хатшылығы тағайындайтын, тәжірибелі әрі беделді суретшілер мен өнертанушылардан жасақталған көрме комиссиясы іріктеді. Комиссия құрамы әр жолы жаңартылып отырады. Іріктеудің негізгі өлшемдері – шығармалардың жоғары көркемдік деңгейі, жаңашыл пластикалық шешімдері мен тақырыптық өзектілігі.
Қазақстанның ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасқанына 90 жылдан астам уақыт өтті. Ол елдегі алғашқы шығармашылық бірлестік – Қазақстан Суретшілер одағы аясында қалыптасты (Қазақстан суретшілері ұйымдастыру комитетінің тіркелген жылы – 1933). Ұлттық көркемөнер мектебінің өзіндік ерекшелігі – ұлттық мәдени кодқа сүйене отырып, әлемдік көркемдік тәжірибенің түрлі жетістіктерін табиғи түрде игеріп, шығармашылық тұрғыдан түрлендіретін синкреттік даму үдерісі. Бұл үрдістер аталған экспозицияда да көрініс тапқан, алайда бүгінгі заманның көркемдік көзқарасы тұрғысынан жаңаша пайымдалады. Көрме тақырыбы суретшілерге XXI ғасыр тұрғысынан тарихи жадының бүгінгі қоғамдағы өзектілігі, уақыттың көркемдік бейнелеу тәсілдеріне тигізетін ықпалы, қазіргі әлемде суретші тұлға әрі зерттеуші ретінде назар аударатын құбылыстар туралы авторлық толғаныстарын көркемдік-пластикалық және образдық формада ұсынуға мүмкіндік береді. Өз туындыларын көрермен назарына ұсына отырып, суретшілер оларды да осы мәселелер төңірегінде ойлануға шақырады.
Көрме желтоқсанның 9-ына дейін жалғасады.
ҚР Суретшілер одағының ұйымдастыру комитеті