Бүгінде қытайлық снектерді жемейтін бала қалмады
Снектердің кейбір түрі, соның ішінде кептірілген етке немесе шұжыққа ұқсайтын латяо 150–200 теңгеден ғана сатылады. Алайда қаптамадағы ақпарат тек қытай тілінде болса, тұтынушы өнімнің құрамын, жарамдылық мерзімін және өндірушісін анықтай алмайды. Сәйкесінше саналы таңдау жасай алмауы да мүмкін.
Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне сәйкес, тағам өнімдерінің қаптамасында атауы, құрамы, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, өндірушісі және тағам құндылығы көрсетілуі тиіс. Импорттық өнімдердегі ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуі қажет. Егер түпнұсқа қаптама қытай тілінде болса, оған осы мәліметтер жазылған қазақша және орысша жапсырма қосуға болады. Өнімнің түріне қарай сәйкестік декларациясы немесе сертификаты да талап етіледі.
Сарапшылар не дейді?
Алайда тәуелсіз сарапшы Асқар Есқайыр латяо өнімдерінің құрамы мен халал талаптарына сәйкестігіне күмән келтіреді. Оның айтуынша, мұндай снектерді өндіруде бояғыштар мен дәм күшейткіштер қолданылуы мүмкін.
– Қытайда қалдық майды пайдалану тәжірибесі бар. Латяо арзан өнім болғандықтан, оны өндіруде сапасы күмәнді май қолданылуы ықтимал. Оның шошқа майының дәмі бар түрлері де кездеседі. Сондықтан оларды толықтай халал деп тану қиын, – деді сарапшы.
Өнімдердің құрамына қатысты күмәнді Qazaq Expert Club тағам қауіпсіздігі саласының сарапшысы, қауымдастырылған профессор Лаура Әутелеева жүргізген зерттеу күшейтті. Биыл ол студенттермен бірге С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті базасында снектердің бес түрін зерттеген. Нәтижесінде кейбір үлгілерде таңбалау болмаған, сондай-ақ дәм күшейткіштер мен синтетикалық бояғыштар бар болып шыққан.
– Зерттеу барысында Е952 тәттілендіргішіне ерекше назар аудардық. Бұл затқа АҚШ-та тыйым салынған, Еуропаның бірқатар елінде қолданылуына шектеу қойылған. Жануарларға жүргізілген тәжірибелерде оның канцерогендік қасиеттері анықталған. Кейбір үлгілерден жануар майы да табылды. Ал оны үнемі тұтыну ағзадағы холестерин деңгейінің жоғарылауына әкеледі. Асқазан-ішек жолдары ауырып, аллергия туып, микрофлора бұзылысы туындауы да мүмкін, – деді Лаура Аутелеева.
Зерттеушілер өнімдердің ықтимал уыттылығын бағалау үшін гуппи балықтарына биотестілеу жүргізген. Бұл әдіс зерттелетін заттардың тірі организмдерге әсерін бағалауға мүмкіндік береді.
– Тәжірибе барысында 24–48 сағат ішінде балықтардың 40 пайызына дейін өлді. Мұндай нәтиже зерттелген үлгілердің орташа деңгейдегі уыттылығын көрсетеді, – деді сарапшы.
Сонымен бірге Лаура Аутелеева зерттеу нәтижелері алдын ала сипатқа ие екенін атап өтті. Талдау небәрі бес үлгіні қамтығандықтан, оны барлық қытайлық снектерге қатысты ортақ қорытынды ретінде қарастыруға болмайды. Өнімдердің қауіпсіздігіне түпкілікті баға беру үшін қосымша зерттеулер қажет.
Тексеру нәтижесі
Маңызды мәселе басқа елдерде де көтеріліп отыр. Мәселен, Беларусьтің Мемлекеттік стандарт жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері 600-ден астам импорттық снек тексеріліп, 60-тан астам өнім атауын елге әкелуге және сатуға тыйым салынған. Тексеру кезінде кейбір өнімдердің таңбалауында тағамдық қоспалар, қант пен тәттілендіргіштер туралы ақпараттың жоқтығы және сәйкестік құжаттарының болмауы анықталған. Сондай-ақ жекелеген өнімдерден қолдануға рұқсат етілмеген E951, E952, E954, E955, E959, E961 және E316 қоспалары табылған.
Елімізде де тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне бақылау күшейтілген. Былтыр Ақтөбе облысындағы мектептердің бірінде оқушылар жаппай уланғаннан кейін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мыңнан астам сауда нүктесін тексерді. Зертханалық талдау нәтижесінде кейбір өнім үлгілерінен натрий глутаматы (E621), натрий гуанилаты (E627) және натрий инозинаты (E631) анықталған. Комитет мәліметінше, бұл қоспаларды қолдану техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейді.
– Анықталған өнімдерге қатысты жедел шаралар қабылданып, олар сатылымнан алынды. Өнімдерді сататын сауда орындарына техникалық регламент талаптарына сай таңбаланған тауарлар мен сәйкестік декларацияларының болуын қамтамасыз ету жөнінде хабарламалар жіберілді, – делінген комитет ақпаратында.
Осыған байланысты мамандар тұтынушыларға азық-түлікті тексерілген сауда орындарынан сатып алып, қаптаманы мұқият тексеруге кеңес береді. Әсіресе шығу тегі күмәнді импорттық өнімдерге және маркетплейстер арқылы тапсырыс беруге сақтықпен қараған жөн.
Ал егер өнімнің қауіпсіздігіне немесе сатылу заңдылығына күмән туындаса, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне eOtinish жүйесі арқылы шағымдануға болады.
Қазақпарат:https://kaz.inform.kz