Әлемді қымбатшылық жайлап барады

Әлемді қымбатшылық жайлап барады

фото: pexels.com

Энергия тапшылғы салдарынан барлық елде  инфляция үдеп барады

 

Еуроаймақ қана емес, өзге де біраз ел тұрмыс тауқыметін тарта бастады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Таяу Шығыс пен өзге өңірлерде тұтанған от әлемді шарпыды. Өйткені бар мұнайды жеткізу мұң. Азық-түлік те жетер жеріне кешеуілдеп жетеді. Мұның бәрі ақыр аяғы үй бағасының қымбаттауына дейін әкелді. 

 АҚШ-та үй сатып алу барған сайын қиындап барады. Бұған баспананың қымбаттауы ғана емес, ипотекалық мөлшерлемелердің өсуі де әсер етіп отыр. Freddie Mac дерегі бойынша 30 жылға есептелген ипотеканың орташа мөлшерлемесі 7,28%-ға жетті. Бұл кейінгі 3 жылдағы жоғары көрсеткіш. Былтыр 6,34% болған еді. Енді мөлшерлеменің өсуінен ай сайынғы төлемдер көбейеді. 

АҚШ-тағы тұрғын үй нарығы негізінен осы жоғары ипотекалық мөлшерлемелердің әсерінен тығырыққа тірелді. Бұған елдегі инфляция, оған қатысты АҚШ Федералдық резерв жүйесінің саясаты және облигациялар нарығындағы инвесторлардың шешімі әсер еткен. 

Ормуз бұғазындағы тасымалдың үзілуі шалғай жатқан Австралия экономикасына да кері әсерін тигізді. Бұл ел мұнайды Таяу Шығыстан тікелей импорттамайды. Бірақ өңделген мұнай өнімдеріне деген сұраныстың 80 пайыздан астамы Азия елдері арқылы қамтамасыз етіледі. Ал Азия елдері өнімді Таяу Шығыстан импорттайды. Сондықтан әлемдік мұнай бағасының өсуі Австралиядағы жанармай құнына бірден әсер етеді. Яғни бір жылда 13,5 пайызға қымбаттады.

 Тамыз айында елдегі жылдық инфляция 4 пайызға дейін өсті. Инфляцияның қайта күшеюінен Австралияның орталық банкі ақша-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүр.  

Қымбатшылықтың әсері әлемдік астық нарығында да байқалады. 

Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының азық-түлік бағалары индексі тамыз айымен салыстырғанда 1,5%-ға, ал өткен жылмен салыстырғанда 5,8%-ға жоғары. Әсіресе қант бағасы 6,1%-ға қымбаттап, былтырғы сәуірден бергі ең жоғары деңгейге жетті. Бұған әлемдік қант жеткізілімінің қысқаруы себеп. 

Кәсіпорындар мен халық үшін жеткізу тізбегіндегі іркілістер азық-түлік шығындарының және жалпы инфляцияның тікелей өсуіне алып келеді.  Өткен айда әлемдік бидай бағасы да 6 пайызға өсіп, 2023 жылдың тамызынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Бұған Қара теңіз аймағындағы логистикалық кедергілер әсер етті. 

Ал энергетикалық ресурстардың қымбаттауы астықты өндіру мен тасымалдау шығынын арттырады. Себебі ауыл шаруашылығы техникасына жанармай, ал егін шаруашылығына тыңайтқыш қажет. Осылайша энергетикалық дағдарыс азық-түлік бағасына жанама түрде де қысым жасайды.  Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, әлемдік инфляция биылғы 4,7%-дан келер жылы 3,9%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бірақ бұл Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақталуына байланысты. 

Қақтығыс ұзаққа созылып, мұнай-газ тасымалы қайтадан шектелсе, инфляция деңгейі жоғарылайды. Сондықтан орталық банктер пайыздық мөлшерлемелерді ұзақ уақыт жоғары деңгейде ұстап тұруға мәжбүр болады. 

 

Ақпарат 24.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите