Алматыда Қала күніне орай 19-20 қыркүйекте үлкен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады

Алматыда Қала күніне орай 19-20 қыркүйекте үлкен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады

фото: pixabay.com

Алматыға 1010 жыл: 19-20 қыркүйекте қайда баруға болады?

 

Бір ай ішінде қалада 300-ге жуық іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Негізгі мерекелік іс-шаралар бес алаңда өтеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Абай және Астана алаңдарында концерттер өтеді

Мерекелік бағдарламаның негізгі орындарының бірі – Абай алаңы. Мұнда екі күн бойы концерттер мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады. Қонақтарға «Алма аймағы», «Шеберлер қалашығы», балалар, AI & ROBOT аймақтары, фудкорт және крафт ойындары ұсынылады.

19 қыркүйекте Абай алаңындағы бағдарлама сағат 11:00-де «Алматының Құрметті азаматы» атағын тапсыру рәсімімен басталады. Одан кейін «Сазген сазы», Қазақ мемлекеттік циркі, «Алатау» дәстүрлі өнер театры өнер көрсетеді. Кешке DJ-бағдарлама, Ratovich концерті және 19:15-тен 21:30-ға дейін NE PROSTO ORCHESTRA-ның концерті өтеді.

20 қыркүйекте алаңда Медеу ауданы әкімдігінің, «Алатау» театрының, Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының және Ә.Әшімов театрының бағдарламалары ұсынылады. Сонымен қатар D Billions музыкалық бағдарламасы мен «Алматы әуендері» солистерінің концерті өтеді.

Астана алаңында 19 қыркүйекте сағат 11:00-17:00 аралығында қазақстандық орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар қатысатын мерекелік концерт өтеді. Ал 18:00-22:00 аралығында Almaty Vibes музыкалық фестивалі ұйымдастырылады.

20 қыркүйекте Астана алаңында Almaty Zhuldyzy фестивалі өтеді. Сахнаға Роза Рымбаева, «Дос-Мұқасан», «Ялла», Kesh You және басқа да орындаушылар шығады. Кештің арнайы қонағы – DJ Imanbek.

Панфилов пен Жібек жолында фестивальдер өтеді

Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде Alma Qala Fest ұйымдастырылады. Мұнда балалар, этно, эко, кино, Digital және спорт аймақтары, сонымен қатар фудкорт жұмыс істейді. Фестиваль аясында жергілікті диқандар 200 тоннадан астам апорт ұсынбақ.

19 қыркүйекте Т. Жүргенов атындағы академия алаңында сағат 11:00-18:00 аралығында концерт өтеді. Бағдарламада Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, Ақерке Амалят, Kәрім Мутурғанов, «Жас-Мұқасан» және басқа да өнерпаздар бар. 20 қыркүйекте осы алаңда Дана Максимова, DARO, KHAZAR, Миржан Жидебай және басқа орындаушылар өнер көрсетеді.

Жібек жолы жаяу жүргіншілер көшесінде дәстүрлі Kitap Fest өтеді. Оған 50-ден астам баспа мен кітап дүкені қатысып, жаңа кітаптар мен бестселлерлерін ұсынады. Екі күн бойы концерттік бағдарлама да ұйымдастырылады.

Ал «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында 19 қыркүйекте сағат 19:00-де «Ән мен күйдің бесігі» атты үлкен концерт өтеді. Оған Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Үлкенбаева және басқа өнерпаздар, сонымен бірге Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қатысады.

20 қыркүйекте сағат 19:00-20:30 аралығында «Алатау» театрының «Алматыға махаббатпен» атты концерттік бағдарламасы ұсынылады.

Айта кетейік, Алматыда Қала күні қыркүйектің үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Биыл мерекенің негізгі іс-шаралары 19-20 қыркүйекке жоспарланған.

 

Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите