Жоғары білім қымбаттап барады: дипломның құны ақтала ма?

Жоғары білім қымбаттап барады: дипломның құны ақтала ма?

фото: https://baq.kz

       Қазақстанда жоғары білім алу құны жыл сайын өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл бірінші тоқсанда жоғары білім беру қызметтерінің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға қымбаттаған. Алайда өңірлердегі өсім біркелкі емес: Атырауда оқу ақысы 36,3 пайызға артса, Түркістанда – 19,6, Маңғыстауда – 15,2 пайызға өскен. Алматы облысында баға өзгермеген.

       Оқу ақысының өсуіне инфляциямен қатар университеттердің шығыны да әсер етеді. Оқытушылардың жалақысы, зертханаларды жаңарту, цифрландыру, ғылыми инфрақұрылым мен жатақхана құрылысы қосымша қаржыны қажет етеді. Оның үстіне әр ЖОО-ның даму стратегиясы әртүрлі болғандықтан, оқу ақысы да бірдей болмайды.

       Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, бағаның өсуін инфляциямен ғана түсіндіру жеткіліксіз. Өңірлік университеттер бірнеше жыл бойы төмен бағамен білім беріп келсе, қазір нарықтық деңгейге біртіндеп жақындап жатыр.

       Алайда студент үшін негізгі шығын оқу ақысымен бітпейді. Әсіресе басқа өңірден келген жастар пәтер, жатақхана, тамақ және жол ақысына қомақты қаржы жұмсайды. Сондықтан жоғары білімнің қолжетімділігін тек контракт бағасымен бағалау дұрыс емес.

       Мемлекет бұл жүктемені гранттар мен квоталарды көбейту арқылы азайтуға тырысып келеді. Басымдық инженерлік, медициналық, педагогикалық, аграрлық және IT мамандықтарға берілуде. Себебі экономика мен еңбек нарығына қажет кадрларға сұраныс жоғары.

       Сонымен бірге еңбек нарығында дипломның өзі жұмысқа орналасуға кепіл болмай барады. Қазақстанда 1,8 миллионнан астам жас жоғары оқу орнын бітіргенімен, жастардың едәуір бөлігі өз мамандығына сәйкес емес салаларда еңбек етеді. Мысалы, жастар ең көп жұмыс істейтін саланың бірі – сауда. Бұл еңбек нарығында нақты дағдыға деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

       Әлеуметтану ғылымдарының докторы Еділ Нұрымбетовтің пікірінше, әлемде «диплом экономикасынан» «дағды экономикасына» көшу жүріп жатыр. Жұмыс берушілер үшін кәсіби біліммен қатар, бейімделу, шешім қабылдау, командамен жұмыс істеу және практикалық тәжірибе маңызды бола түсті.

       Сондықтан бүгінгі мәселе тек оқу ақысының қымбаттауында емес. Негізгі сұрақ – студенттің білімге жұмсаған қаржысы болашақта қаншалықты қайтарым береді?

       Университеттер үшін міндет – сапалы білімді қолжетімді ұстаумен қатар, еңбек нарығына қажет маман даярлау. Ал мемлекет гранттарды бөлуде еңбек нарығының сұранысын ескеруі қажет.

       Жоғары білімнің шынайы құны оның бағасымен емес, түлекке берген мүмкіндігімен өлшенеді.

       https://kaz.inform.kz/

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите