Үлкен теннис: балаға қанша қаржы керек

Үлкен теннис: балаға қанша қаржы керек

фото: https://egemen.kz

Қазақстанда үлкен тенниске қызығушылық жыл санап артып келеді. Бұған отандық спортшылардың, соның ішінде Елена Рыбакинаның халықаралық аренадағы жетістіктері де әсер етуде. Бүгінде елімізде 30 мыңнан астам бала тенниспен тұрақты немесе жүйелі түрде айналысады.

Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, 10 жасқа дейінгі 17,5 мыңнан астам және 10 жастан асқан 2,7 мың бала тенниспен тұрақты шұғылданады. Сонымен қатар балабақша мен мектептерде 36 мыңнан астам бала тенниспен танысып жүр.

Бір айлық шығын қанша?

Баласын тенниске бергісі келетін ата-ана үшін негізгі шығын – жаттығу ақысы. Қалаларға қарай айлық төлем шамамен:

  • Астанада – 20-60 мың теңге;
  • Алматыда – 30-80 мың теңге;
  • өңірлерде – 25-45 мың теңге.

Бұған спорттық киім, ракетка, доп, жолақы және басқа да шығындарды қосқанда, баланың тенниске бір айлық шығыны орта есеппен 80-100 мың теңгеге жетуі мүмкін.

Алайда барлық отбасы үшін ақылы секцияларға ғана жүгіну міндетті емес. Қазақстан теннис федерациясының бірқатар әлеуметтік және балаларға арналған бағдарламалары бар. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі балалар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тегін сабақтар ұйымдастырылады. Көпбалалы отбасыларға 50 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған.

Тенниске жағдай жасалған ба?

Қазір Қазақстанда қатты және топырақ төсемі бар 38 теннис орталығы, жалпы 364 корт жұмыс істейді. Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы орталықтар өңірлік теннис орталығы мәртебесіне ие.

Қазақстан теннис федерациясы 2035 жылға дейін тағы 15 теннис орталығын салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба жүзеге асса, елде қосымша 160 корт пайда болады.

Балалар арасындағы жарыстар саны да артып келеді. Жыл сайын 10 жасқа дейінгі спортшылар арасында 120-дан астам, ал 18 жасқа дейінгілер арасында 140-тан астам турнир өткізіледі. Олардың 40-тан астамы халықаралық деңгейде ұйымдастырылады.

Тегін мүмкіндік бар

Тенниске қызығушылық танытқан балалар үшін JTI және «Baby Tennis» сияқты жобалар да жұмыс істейді. Мәселен, «Baby Tennis» бағдарламасы еліміздің 145 балабақшасында іске қосылған. Федерация балаларға қажетті ракетка, доп және тор секілді құрал-жабдықтарды ұсынып, нұсқаушылардың еңбегін де төлейді.

Осылайша, баланы үлкен тенниске беру отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіруі мүмкін. Дегенмен тегін және жеңілдікті бағдарламалар ата-аналардың шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Ал спортқа кәсіби деңгейде ден қойған балалар үшін жаттығу ақысына қоса жарысқа қатысу, жол жүру және спорттық құрал-жабдықтарға кететін шығындар да есепке алынады.

Дереккөз:https://kaz.inform.kz/

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите