Алматы – Ташкент бағытында «Әйелдер вагоны» іске қосылады

Алматы – Ташкент бағытында «Әйелдер вагоны» іске қосылады

фото: пресс-служба

1 қазаннан бастап Ұлттық тасымалдаушы Алматы – Ташкент халықаралық бағытында «Әйелдер вагонын» іске қосады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ биыл 1 қазаннан бастап алғаш рет №1/2 «Алматы – Ташкент» халықаралық пойызының құрамында «Әйелдер вагоны» қызметін іске қосады. Аталған пойыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тұрақты теміржол қатынасын қамтамасыз етіп, екі елдің ірі қалаларын байланыстырады.

«Алматы – Ташкент халықаралық бағыты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар қатынасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бағытқа сұраныстың артуы және жолаушылар ағынының өсуі ескеріле отырып, осы бағытта «Әйелдер вагонын» іске қосу туралы шешім қабылданды. Бұл қызмет ішкі теміржол бағыттарында да жолаушылар арасында жоғары сұранысқа ие.

— «Әйелдер вагоны» қызметі іске қосылғаннан бері оны 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланды, - деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.

 «Әйелдер вагонында» ересек адамның еріп жүруімен жеті жасқа дейінгі ұл балаларды қоса алып жүруге рұқсат етіледі. Бұл вагондарға билеттер тек әйелдерге сатылады, ал жолаушыларға тек жолсерік әйелдер қызмет көрсетеді.

Билеттерді теміржол кассаларынан кассирге «Әйелдер вагонын» таңдағанын хабарлау арқылы, сондай-ақ, bilet.railways.kz ресми сайтында онлайн сатып алуға болады.

Билет рәсімдеу кезінде орынның әйелдер вагонына тиесілі екенін білдіретін «ЖН» белгісіне назар аудару қажет.

Билеттер пойыз жөнелтілетін күнге дейін 45 тәулік бұрын сатылымға шығарылады. Бұл жолаушыларға сапарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Дерек көзі: https://kaz.inform.kz

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите