Қазақстандықтарды цифрлық активтерден түскен табысқа салынатын ЖТС-тен уақытша босату ұсынылды.
Қазақстанда жеке тұлғалардың цифрлық активтермен жасалған мәмілелерден алатын табысын жеке табыс салығынан (ЖТС) уақытша босату ұсынылып отыр. Бұл бастама Салық кодексіне енгізілетін жаңа түзетулер пакетіне енгізілген.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында жұмыс топтарының ұсыныстары негізінде әзірленген 45 түзету қаралған.
Ұсыныстардың бірі – цифрлық активтердің заңды айналымын дамыту үшін қолайлы салықтық жағдай қалыптастыру. Осыған сәйкес, қазақстандық лицензияланған провайдерлер арқылы цифрлық активтермен жүргізілген операциялардан түскен табысқа 2026 жылғы 1 қаңтар мен 2028 жылғы 31 желтоқсан аралығында ЖТС салмау көзделіп отыр.
Түзетулердің тағы бір бөлігі инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, инвестициялық басым келісімшарттар жасау мүмкіндігін қайта енгізу және фискалдық жеңілдіктер қарастырылған инвестициялық келісімдердің тетігін қалпына келтіру ұсынылған.
Бұдан бөлек, инвесторларға қажетті инфрақұрылымды өз қаражаты есебінен жүргізуге мүмкіндік беру және кейін бұл шығындарды корпоративтік табыс салығы бойынша шегерім арқылы өтеу тетігін енгізу ұсынылып отыр.
Жаңа түзетулер пакетінде тауарларды таңбалау шығындарына қосымша шегерім беру, мүгедектігі бар азаматтарға арналған ЖТС шегерімдерін кеңейту, кейбір кірістерді әлеуметтік салықтан қайта босату, факторинг пен форфейтинг операцияларын ҚҚС-тан босату, ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша ҚҚС есептеу тәртібін нақтылау, жеміс шарабына акциз енгізу секілді бастамалар да қамтылған.
Сонымен қатар құжат қолданыстағы Салық кодексін қолдану барысында анықталған мәселелерді жоюға бағытталған бірқатар техникалық және құқықтық түзетулерді де қамтиды.
https://nege.kz/