Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынады
Сальмонеллез - Salmonella тектес бактериялардың адам организміне жануарлардан алынатын тамақ өнімдерімен бірге түсуінен туындайтын, симптомсыз ағымнан бастап, ауыр септикалық түрлерге дейінгі әртүрлі клиникалық көріністермен сипатталатын жедел инфекциялық ауру.
Инфекцияның негізгі көзі – жануарлар, көбінесе үй жануарлары (ірі қара мал, шошқа, мысық, ит), құстар, сондай-ақ сальмонеллезбен ауыратын адамдар немесе дені сау инфекция тасымалдаушылар болуы мүмкін.
Сальмонеллездің алдын алу
Сальмонеллездің адамға жұғуы негізінен термиялық өңдеуден нашар өткен ет, құс еті, жұмыртқа және олардан дайындалған тағамдарды тұтыну (алиментарлық жол), бактериямен ластанған ашық су қоймаларынан су ішу немесе шомылу кезінде су жұтып қою (су арқылы), сондай-ақ лас қол, ластанған ыдыс-аяқ пен тұрмыстық заттар арқылы қарым-қатынас жасау (тұрмыстық-қатынас жолы) нәтижесінде жүреді.
Инкубациялық кезең әдетте 6 сағаттан 3 тәулікке дейін созылады. Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының 38-39°C-қа дейін көтерілуі, жүрек айну, құсу, іштің толғақ тәрізді ауруы, жағымсыз иісті жасыл түсті іш өту және жалпы әлсіздік жатады.
Сальмонеллез инфекциясын жұқтырудан қорғанудың және оның таралуына жол бермеудің көптеген тиімді тәсілдері бар.
Ол үшін келесі маңызды ережелерді қатаң сақтау қажет:
- тамақтанар алдында, серуеннен қайтқаннан кейін және дәретханадан соң қолды міндетті түрде сабынмен жуыңыз, сондай-ақ балаларды да қолды жүйелі түрде жууға дағландырыңыз;
- ветеринариялық бақылаудан өтпеген ет өнімдерін, құс етін немесе жұмыртқаны сатып алмаңыз;
- дайын ет өнімдерін бөлме температурасында үстел үстінде екі сағаттан артық қалдырмаңыз;
- тоңазытқышта 24 сағаттан астам сақталған дайын тағамдарды тұтынар алдында әрдайым қайтадан термиялық өңдеуден (қыздыру, қайнату) өткізіңіз;
- пастеризациядан өтпеген жаңа сауылған шикі сүтті міндетті түрде қайнатыңыз;
- балаларды сальмонеллезден қорғау үшін барлық беттерді, соның ішінде еденді антибактериалды құралдарды қолдана отырып, жүйелі түрде зарарсыздандырыңыз;
- бөтелкелерді стерильдеңіз, қауіпсіз суды пайдаланыңыз, қоспаны әр қашан бір реттік етіп жаңадан дайындаңыз және қосымша тамақ өнімдерін толық пісіріңіз.
Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі – өз қолыңызда! Санитарлық мәдениетті сақтау – жұқпалы аурулардан қорғанудың басты кепілі.
Спикер - Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы - Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Алпысбайұлы Қасымхан