Мектеп оқулықтары жаңарады

Мектеп оқулықтары жаңарады

фото: https://atbasar.aqmoedu.gov.kz

       Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқулықтарында анықталған қателер мен ескертулер кезең-кезеңімен түзетілетінін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, бұл жұмыстар баспалар мен сарапшылардың қатысуымен жүргізіліп жатыр.

       Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қосымша сараптама нәтижесінде мектеп оқулықтарынан 700-ден астам қате мен ескерту анықталғанын айтқан болатын. Осыған байланысты оқулықтарды түпкілікті бекітпес бұрын оларды жетілдіру туралы шешім қабылданды.

       Министрліктің мәліметінше, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары қазірдің өзінде басталған. Оқулықтардың сапасын толық қамтамасыз ету үшін бұл процеске қосымша уақыт бөлінген. Сонымен қатар білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда.

       Ведомствоның жоспарына сәйкес, биылғы 30 тамызға дейін 3-сыныпқа арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» пәндерінің, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» оқулықтары сатып алынады.

       Ал жаңартылған оқулықтарды енгізу бірнеше кезеңмен жүзеге асады. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сыныптарға арналған басылымдар, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылады.

       Министрлік оқулықтарды іріктеу Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы жүргізілгенін атап өтті. Платформадағы таңдау нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар қажетті өтінімдерді қалыптастырып, баспаларға жолдаған. Сондай-ақ өңірлердегі оқушылар санының артуы мен кітапхана қорын жаңарту қажеттілігіне байланысты өзге сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

       Ведомство мектеп оқулықтарының сапасы Үкіметтің ерекше бақылауында екенін және оларды жетілдіру жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

      

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите