Аптапта ағзаны қалай қорғауға болады?

Аптапта ағзаны қалай қорғауға болады?

фото: https://www.istockphoto.com

       Жаздың аптап ыстығы адам ағзасына айтарлықтай салмақ түсіреді. Әсіресе, нәрестелер, балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер және жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі аурулары мен қант диабеті бар азаматтар үшін жоғары температура ерекше қауіп төндіреді.

       Мамандардың айтуынша, күннің ең ыстық уақыты – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында мүмкіндігінше сыртта ұзақ жүрмеген жөн. Бұл кезеңде көлеңкелі немесе салқын жерде болған дұрыс, өйткені күннің тікелей сәулесі дененің қызып кетуіне себеп болуы мүмкін.

       Қызылорда қаласындағы №3 емхананың дәрігері Нилуфар Хасанованың сөзінше, аптап ыстық ағзаның табиғи жылу реттеу жүйесіне қосымша күш түсіреді. Соның салдарынан адам тез шаршап, әлсіздік сезінеді, басы ауырып немесе айналуы мүмкін. Кей жағдайда жүрек соғысы жиілеп, күн өту қаупі де артады.

       Осындай жағдайлардың алдын алу үшін дәрігер күн бойы жеткілікті мөлшерде таза су ішуді, жеңіл әрі ауа өткізетін ашық түсті киім киюді және міндетті түрде бас киім тағуды ұсынады. Сондай-ақ, майлы әрі ауыр тағамдардың орнына көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтынған дұрыс. Мұндай тағамдар ағзаның су теңгерімін сақтауға және өзін жеңіл сезінуге көмектеседі.

       Күн өткен адамның дене қызуы көтеріліп, басы қатты ауыруы, жүрегі айнуы, құсуы, әлсіздік пен бас айналу белгілері байқалуы мүмкін. Кейбір жағдайда адам есінен танып қалуы ықтимал. Мұндай кезде зардап шегушіні дереу салқын немесе көлеңкелі жерге шығарып, артық киімін босатып, су беріп, денесін салқындату қажет. Егер жағдайы жақсармаса, жедел медициналық көмек шақыру маңызды.

       Созылмалы дертпен өмір сүретін адамдарға дәрігер белгілеген емді үзбей қабылдап, қан қысымы мен жалпы денсаулық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау ұсынылады. Қажет болса, емдеуші дәрігерден қосымша кеңес алған жөн.

       Мамандар аптап ыстық басылғанша ауыр дене еңбегінен және ұзақ уақыт күн астында болудан бас тартуға кеңес береді. Денсаулыққа ұқыпты қарап, қарапайым сақтық шараларын сақтау жаз мезгілін қауіпсіз әрі жайлы өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, балалар мен қарттардың жағдайына ерекше көңіл бөліп, олардың ыстықтан қорғануына көмектесу маңызды.

       

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите