Қазақтың астығы мен азығына Ираннан сұраныс артты

Қазақтың астығы мен азығына Ираннан сұраныс артты

фото: https://pixabay.com/

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. 

Өткен жылдың қорытындысында екі елдің тауар айналымы 55,8%-ға өсті.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Иран Ислам Республикасының Өнеркәсіп, кен өндіру және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабакпен кездескен еді.

Тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, өзара сауда және инвестициялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылаған.

– Қазақстан Иранмен аграрлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән береді. Біздің өнімдеріміз бірін-бірі толықтырып отырады, оған жыл сайынғы тұрақты өсім нақты дәлел, – деді Айдарбек Сапаров.

Иран нарығына өсімдік майлары мен басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізу әлеуеті зор екені айтылды.

Өз кезегінде Сейед Мохаммад Атабак Иранның Қазақстанмен сауда-экономикалық ықпалдастықты күшейтуге мүдделі екенін жеткізді.

– Қазақстан – Иранның өңірдегі маңызды серіктестерінің бірі. Біз өзара тауар айналымын одан әрі арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тасымалын кеңейтуге, логистикалық бағыттарды дамытуға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылығымыз зор, – деді ол.

Өткен жылдың қорытындысында агроөнеркәсіп салаларында екі елдің тауар айналымы 55,8%-ға өсіп, 342 млн АҚШ долларына жетті. Бұл екіжақты сауданың жалпы көлемінің 79%-ын құрады. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 97%-ға артып, 238,5 млн АҚШ доллары болды.

Сонымен қатар, астық жеткізу көлемі екі еседен астам ұлғайып, 1,1 млн тоннаға жетіп, 225,3 млн АҚШ долларын құрады.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Подписаться