Тарих түнде тіл қатады

Тарих түнде тіл қатады

фото: www.instagram.com

       18 мамыр — Халықаралық музей күніне орай Алматыда дәстүрлі “Музей түні – 2026” акциясы өтеді. Кешкі сағат 18:00-ден түнгі 00:00-ге дейін тұрғындар мен қонақтар қаладағы жетекші музейлерді тегін аралап, театрландырылған экскурсиялар, квест ойындары, концерттер, көрмелер мен шеберлік сабақтарына қатыса алады. Ал музейлердің ашық есік күні таңғы 10:00-ден басталады.

       Биылғы мәдени кешке Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі, Дінмұхамед Қонаев музейі, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей-үйлері, Нұрғиса Тілендиев мемориалды музейі және Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы қатысады. Сонымен қатар Алматы галереясында Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған “Адамға табын, жер енді” көрмесі ұйымдастырылады.

       Кеш бағдарламасы биыл да мазмұнға бай. “Тарих ізімен” музейаралық квест ойыны, “Жұлдызды гид” және “Музейге сый” акциялары, тарихи тұлғалар бейнесіндегі театрландырылған экскурсиялар, жасанды интеллектпен жабдықталған фотоаймақтар мен балаларға арналған танымдық алаңдар көпшілік назарына ұсынылады. Әр музей өзіндік ерекше рухани кеш әзірлеген.

       Алматы музейінде “Қазақ киносының жауһары – Қыз Жібек” көрмесі ашылып, әйгілі фильмге қатысты құнды жәдігерлер көпшілікке таныстырылады. Ықылас атындағы музейде “Уақыт айнасы: музейдің 45 жылы” көрмесі өтсе, Нұрғиса Тілендиев музейінде “Отырар сазы” оркестрінің қатысуымен әсерлі концерт ұйымдастырылады. Ал Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында Дина, Жамбыл, Ақан сері бейнесіндегі театрландырылған кездесулер мен дәстүрлі музыка кеші көрерменге жол тартады.

       Сондай-ақ Қонаев музейінде танымдық кездесулер мен ән кеші өтсе, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов музей-үйлерінде әдеби қойылымдар, кинокөрсетілімдер мен интерактивті бағдарламалар ұсынылады. Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде “Алаш арыстары” көрмесі, тағылымды кездесулер мен рухани кештер ұйымдастырылады.

       Қала мәдениетінің шырайын арттыратын “Музей түні – 2026” — тарих пен өнерді, өткен мен бүгінді жалғайтын тағылымды кеш болмақ. Ендеше, руханиятқа жақын жүрек иелері, мамырдың әсем кешін музей әлемімен бірге өткізуге асығыңыздар.

Подписаться