Самокат операторларына жаңа талаптар енгізіледі

Самокат операторларына жаңа талаптар енгізіледі

фото: pexels.com

Елордада электросамокаттарды пайдалану саласына қатысты жаңа талаптар енгізілмек. Бұл туралы  қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Махамбет Төлешов мәлім етті, деп жазды Kazinform.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жаңа норма енгізіледі. Атап айтқанда, кодекстің 619-бабының 2-тармағына сәйкес, басқару құқығы жоқ азаматтарға электросамокат ұсынған прокат операторлары жауапкершілікке тартылады.

Фото: Александр Павский /Kazinform

– 2026 жылғы 1 шілдеден бастап ӘҚБтК-нің 619-бабының 2-тармағы күшіне енеді. Бұл нормаға сәйкес, басқару құқығы жоқ тұлғаларға электросамокат ұсынған операторларға жауапкершілік жүктеледі. Сонымен қатар прокат операторларының қызметіне бақылау күшейтіліп, электросамокаттарға міндетті тіркеу нөмірлерін беру және оларды есепке алу талаптары енгізіледі, – деді спикер.

Сондай-ақ, ол операторлардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру қарастырылғанын атап өтті.

– Электросамокат операторлары тіркеу есебін жүргізуге, нөмірлік белгілерді беруге және оларды тиісті орындарға орналастыруға міндетті болады. Тіркеу нөмірлері самокаттың артқы бөлігінде және алдыңғы тірегінің екі жағында орналасуы тиіс, – деді Махамбет Төлешов.

Қазіргі уақытта «Сергек» жүйесімен бірлесіп, тіркеу нөмірлерін тану және құқықбұзушыларды автоматты түрде жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Цифрлық технологиялар мен сәйкестендіру жүйелерін енгізу құқықбұзушыларды тиімді анықтауға, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және пайдаланушылардың тәртібін арттыруға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді спикер.

Подписаться