Педагогтерді тегін оқыту бағдарламасы сәуірде басталады

Педагогтерді тегін оқыту бағдарламасы сәуірде басталады

фото: ortcom.kz

       Қазақстанда алғаш рет жетім және ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалармен жұмыс істейтін педагогтерге арналған жүйелі оқыту бағдарламасы енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

       Осы бастама аясында «Өркен» ұлттық ғылыми-практикалық институтының халықаралық сертификат алған 51 маманы тренер ретінде өңірлердегі әріптестерінің біліктілігін арттыруға кіріседі. Пилоттық жоба сәуір айында Астана мен Алматы қалаларында басталып, жыл соңына дейін республиканың барлық өңірін қамтиды. Оқу курстары мұғалімдер үшін тегін жүргізіледі.

       Аталған жоба Оқу-ағарту министрлігі мен «SOS Қазақстан балалар ауылдары» қорының ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асып отыр. Оқыту бағдарламасы халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленіп, заманауи әдістемелерге негізделген. Бұл өз кезегінде мамандардың кәсіби дағдыларын жан-жақты жетілдіруге мүмкіндік береді.

       Арнайы әзірленген 80 сағаттық оқу бағдарламасы барлық қажетті сараптамалық қорытындыдан өтті.

       Айта кетейік, бүгінгі таңда еліміздегі жетім балаларға арналған 73 мекемеде 2 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Жаңа курстар осы мамандардың әлеуетін арттыру арқылы балалар үйлеріндегі тәрбие мен білім сапасын жақсартуды, сондай-ақ балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етудің озық халықаралық стандарттарын енгізуді көздейді.

       https://kaz.inform.kz/

 

Подписаться