Неліктен адамдар эндокринологқа жиі жүгінеді?

Неліктен адамдар эндокринологқа жиі жүгінеді?

фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/Chernetskaya

       Қазіргі таңда эндокринолог дәрігерлеріне қаралатын науқастар саны айтарлықтай артқан. Мамандар мұны қоғамдағы ақпарат ағынының күшеюімен, әлеуметтік желідегі кеңестердің сүзгіден өтпей қабылдануымен және адамдардың өз бетінше диагноз қою әдетімен байланыстырады.

       Жоғары санатты эндокринологтардың айтуынша, көптеген адамдар ұйқының бұзылуы, салмақ қосу, шаштың түсуі немесе әлсіздік сияқты белгілерді бірден гормондық аурулармен байланыстырып, тар маманға тікелей жүгінеді. Алайда медицинада мұндай шағымдар алдымен жалпы тәжірибелік дәрігер деңгейінде қаралып, қажетті тексерулерден кейін ғана эндокринологқа жолдануы тиіс.

       Мамандардың пікірінше, соңғы жылдары онлайн кеңес беру мен нутрициологтардың ұсынысына жүгіну де жиілеген. Кейбір азаматтар анализ тапсырып, өздігінен дәрумен ішуді бастайды. Дәрігерлер бұл тәсіл әрдайым дұрыс нәтиже бермейтінін айтады, себебі көрсеткіштерді кешенді түрде бағалау қажет.

       Эндокринологтар ең жиі кездесетін дерт ретінде қант диабетін атайды. Оның негізгі себептері қатарында артық салмақ, қозғалыс аздығы және дұрыс тамақтанбау бар. Қазіргі өмір салты – ұзақ отырықшы жұмыс, фастфуд пен тәтті сусындарды жиі тұтыну – аурудың жасарып бара жатқанына әсер етіп отыр.

       Сондай-ақ қалқанша безі аурулары да жиі тіркеледі. Бұл жағдайға стресс, ұйқының бұзылуы және тұқым қуалаушылық ықпал етуі мүмкін. Дәрігерлер күйзелістің гормондық жүйеге тікелей әсер ететінін де ерекше атап өтеді.

       Мамандардың айтуынша, дұрыс тамақтанбау мен қозғалыссыз өмір салты балалар денсаулығына да кері әсерін тигізуде. Фастфуд пен газдалған сусындарға әуестік, телефонға ұзақ уақыт телміріп отыру болашақта түрлі метаболикалық бұзылыстарға әкелуі мүмкін.

       Эндокринологтар аурудың алдын алудың ең тиімді жолы ретінде қарапайым қағидаларды ұсынады: уақтылы ұйықтау, белсенді өмір салты, теңгерімді тамақтану және жыл сайын скринингтен өту. Әсіресе 40 жастан асқан адамдар мен тұқымында қант диабеті бар азаматтарға тұрақты тексеріс маңызды.

       Дәрігерлердің пікірінше, ең басты мәселе – ақпараттың көптігі емес, оны дұрыс түсінбеу. Сондықтан кез келген симптомда өз бетінше ем бастамай, алдымен кәсіби медициналық тексеруден өту қажет.

       Қорытындылай айтқанда, эндокринологқа жүгінудің көбеюі тек аурулардың артуымен емес, қоғамдағы өмір салтының өзгеруімен және ақпараттық мәдениеттің әлсіздігімен де тікелей байланысты.

Подписаться